Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерде өңіріміздің он ауданынан келген арнайы бригадалар жұмыс істеуде. Уәлиханов ауданының жұмыс тобына Петропавлдағы Ойқала шағынауданын қалпына келтіру міндеті жүктелген.
Светлана Вишнивецкая Ойқала шағынауданында тұрады. Тасқын кезінде екі қабатты үйі бір ай бойы суда тұрыпты.
– Әкімдік мамандары келіп, үйді жөндеу құнын 20 млн. теңгеге бағалап кетті. Бұл сома түгелімен жетеді деген ойдамыз. Жөндеу жұмысын өзіміз жүргіземіз. Қазір үйді кептіріп жатырмыз. Механикалық бригада құрамындағы азаматтар үй маңындағы қоқысты шығарып, айналаны тап-тұйнақтай етіп тазалап берді, – дейді ол.
Уәлиханов ауданының бригадасы таңнан кешке дейін тасқыннан зақым келген үйлерді қалыпқа келтірумен айналысуда. Оларға шағынауданның төменгі бөлігі сеніп тапсырылған. Мұнда су көп тұрғандықтан, қалыпқа келтіру жұмысы да сәл кейінірек басталыпты.
– Жоспарлы жұмыстарға 1 экскаватор, 8 жүк көлігі жұмылдырылған. Біз 31 үйді сүріп тастадық. Тамыз айында жұмысты аяқтаймыз деп отырмыз. 29 үй иесі баспаналарын өздері жөндеуде, – дейді аудан әкімінің орынбасары Талғат Сағитов.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.