Өңірдегі еріктілер “Таза Қазақстан” акциясы аясында Петропавл қаласында өткен “Сlear-FEST” экофестиваліне қатысып, Мещан орманын қоқыстан тазартты.
Бұл күні “Таза Қазақстан” акциясында жастармен бірге ардагерлер кеңесінің мүшелерінен құралған еріктілердің қатары көп болды. Олар қоршаған ортаның, айналаның тазалығын сақтап қалу үшін аянбай еңбек етіп, белсене жұмыс атқарды.
Фестивальге қатысқандарға қойылған талап та қызық болды. Жиналғандар топ-топқа бөлініп, қоқысты жарыса жүріп, белгіленген уақыт ішінде жинаулары керек. Содан кейін қоқыс салынған қаптар таразыға салынып, өлшенді.
– Тасыған сумен бірге келген қоқыстарды тазарту қол күшін қажет етеді. Бұндай жұмыстарды топқа бөлініп, жарыс түрінде өткізсе, бір-екі сағаттың ішінде жақсы нәтиже береді, – дейді қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы Жұлдыз Тоқтарғазы.
Пайдалы іс-шарада қоқысты көп жинаған командаларға арнайы сыйлықтар мен грамоталар табысталды.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.