Бас прокурордың №131 бұйрығы негізінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары 2015 жылдан бері адамдардың жарақаттануына немесе қаза болуына соқтыратын жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) есебін электрондық ақпараттық жүйе бойынша жүргізіп келеді.
Деректерге сәйкес, осы жылдың 5 айында облыс аумағында 146 ЖКО тіркеліп, 222 адам зардап шекті, оның ішінде 16 адам қайтыс болды. Түрлі дене жарақаттарын алғандардың 111-і–ер азаматтар, 95-і – әйел адамдар, 41-і – кәмелетке толмаған бала.
Жол-көлік оқиғаларының 70 пайыздан астамы елді мекендерде орын алған. Қолайсыз жағдайларға көбіне жүргізушілер кінәлі (89 пайыз). Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының айтарлықтай өскені байқалады. Негізгі себеп – ереже-қағидалардың өрескел бұзылуы.
Биылдан бастап деректердің есебін жүргізуге бірқатар өзгерістер енгізілді. Мысалы, бұрын тексеріс жол-көлік оқиғалары фактілері бойынша ғана жүргізіліп, зардап шеккен адамдардың денсаулығына келтірілген залал анықталатын. Енді барлық факторлар жан-жақты ескеріледі. Зардап шеккен адам дене жарақатын алуына қарамастан медициналық мекемеге жүгіне алады.
Есепті деректердің нақтылығын қамтамасыз ету мақсатында және уәкілетті органдармен әрі қарай өзара іс-қимыл жасау үшін департамент “дөңгелек үстел” ұйымдастырып, проблемалық жайттар талқыланды, өзгерістер мен толықтыруларға түсініктемелер берілді. Полиция және денсаулық сақтау ұйымдары арасында медициналық көмекке жүгінген адамдар туралы мәліметтер беру бойынша меморандумға қол қойылды. Нақты статистикалық деректер ғана жол-көлік оқиғаларының орын алу себептері мен жағдайларын сапалы талдауға негіз болып табылады. Облыс аумағында жол-көлік оқиғаларын зерделеу, сондай-ақ жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған шаралар мен ұсыныстар әзірлейтін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.
Жол қауіпсіздігі талаптарын бұлжытпай орындау – көлік иелері мен жаяу жүргіншілер үшін бірінші кезектегі міндет.
Мейірхан МАМЫТ,
облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі департаменттің прокуроры.