«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРВИСТІК ҚЫЗМЕТТІҢ САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаз айларында демалушылардың саны күрт артатыны – қалыпты құбылыс. Отандық, шетелдік туристердің аңсарын аударатыны, қарадай қызықтыратыны – сұлу табиғат, таза ауа, мөлдір су, бұдан бөлек, сервистік қызметтің қолжетімділігі. Жыл өткен сайын туризмнің әлеуеті артып, экономиканың табыс әкелетін пайдалы саласына айналып келеді. Бүгінде оның әлемдік жалпы өнімдегі үлесі 9 пайызға жуықтап, жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Көрсетілетін қызметтер бойынша экспорттың – 30, инвестицияның – 7, салықтың 5 пайызы туризм арқылы түседі.

Өкінішке қарай, Қазақстан географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатымыз бай, әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан бұл бағыттағы мүмкіндіктер толық пайдаланылмай отыр. Президенттің төрағалығымен өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңесте соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кеткені, іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-ші орынға тұрақтағанымыз, инвесторлармен жеткілікті деңгейде жұмыс атқарылмайтыны, инженерлік инфрақұрылымның, логистикалық байланыстардың нашарлығы, әкімдіктердің қонақ үй және мейманхана бизнесінің әлемдік брендтері мен франшизаларын тартумен айналыспайтыны өткір сын тезіне алынды. Қасым-Жомарт Тоқаев өзен-көлдердің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай отырғанын, тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүр екенімізді, “Таза Қазақстан” акциясының тиімді жүзеге асырылуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты, соған орай азаматтардың экологиялық сауатын көтеру маңызды екенін, кез келген адамның табиғат аясында емін-еркін демалуына барлық жағдай жасалуы қажеттігін атап көрсетті.

Бүгінде еліміз бойынша республикалық маңызы бар жолдар бойында үш мыңға жуық сервис нысандары орналасса, жартысынан астамы ұлттық стандарттар талаптарына жауап бермейді, яғни санитарлық-гигиеналық, қолжетімді қызмет көрсету жайы төмен деген сөз. Облыстық әкімдіктің отырысында да сапасы сын көтермейтін нысандарға қатысты мәселе үнемі қозғалып келеді. Жақында өткен алқалы басқосуда өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыс бойынша жолдарды жөндеуге айтарлықтай қаражат жұмсалғанымен, олардың бойында жайғасқан сервистік орындарға көңілі толмайтынын ашық жеткізіп, “Таза Қазақстан” акциясына жауапкершілікпен қарауды талап етті. Расында да, облыс аумағы арқылы өтетін республикалық маңызға ие жолдардың бойында орналасқан қызмет көрсету орындарының жайы жолаушылар көңілінен шыға бермейтіні қанша айтылса да, әлі күнге дейін ретке келтірілмегенін аңғару қиын емес. “Қазавтожол ҰК” АҚ жергілікті филиалы басшылығының: “Ауқымды жобалар шеңберінде заманауи дәретханалар Покровка, Драгомировка, Рощинское, Чкалово, Кішкенекөл елді мекендерінің, Булаев, Мамлютка қалаларының және “Жаңажол” мен “Қарақоға” шекаралық өткізу бекеттерінің жанында тұрғызылады. Оның бәрін инвестициялық қаражатқа салуды жоспарлап отырмыз. Кейін бұл нысандарды өз қаржымызға күтіп ұстайтын боламыз”, – деген уәдесі құрғақ сөзден аспай қалған. Стандартқа сәйкес келмейтін нысандарды жаңаша қалыпқа келтіру немесе сүріп тастау туралы тапсырма да орындалмаған. Жаңғырту шаралары “Көкшетау – Омбы” автожолы, Чкалово елді мекені маңында “Kaz Way” жол павильонын тұрғызып, жылы дәретхана, автобус аялдамасын орнатумен ғана шектелген. Негізгі трассалар маңайындағы қызмет көрсету орындарының сапасы мүлдем төмен. Бүгінде сол маңдағы жүзден астам нысанның үштен бірі ғана стандартқа сай келеді. Орын алған олқылықтарды түзету үшін кәсіп иелеріне өтінім хат жіберілгенімен, ешқандай қорытынды шығарылмаған. Бір сөзбен айтқанда, дүкендерде, дәмханаларда, қонақүйлерде, кемпингтерде оң өзгерістер байқалар емес. Осыдан көп жыл бұрын еш талғамсыз салынған ғимараттар жөнделмеген, жаңартылмаған қалпында тұр. Айналасы лас, ал дәретханалардың тазалығы мүлдем қанағаттандырмайды, кіру мүмкін емес. Жергілікті жерлерде тексерулер жүргізу, заңға мойынсұнбайтындарды анықтап, жазалау ешкімді ойладырмайтын тәрізді. Оның бір мысалы, Мағжан Жұмабаев ауданында тазалық талаптарын сақтамаған бір меншік иесіне “іздеу” жариялағанымен, таптырмаған. Таптырмаған емес, құқық қорғау органдары, санитарлық қызмет құлықсыздық танытқан. Әйтпесе нақты аты-жөні де, тұрағы да белгілі дәмхана иесі ұстатпай жүр дегенге кім сенеді?! Осыдан-ақ жауапкершіліктің босаңсығанын, бақылаудың аздығын байқауға болады.

Инвестиция және даму министрлігі жол бойындағы сервис нысандарының ұлттық стандарттарын бекітіп, қолданысқа енгізгені белгілі. Ондағы мақсат–қазіргі заманғы жоғары сапалы қызметтермен қамтамасыз ету. Географиялық орналасуына, жердің шалғайлығына орай бірнеше санатқа бөлінген стандарттар бойынша әрбір 50 шақырым сайын үшінші санаттағы нысандар (жанар-жағармай құю, тамақтану орны, автотұрақ, техникалық қызмет көрсету стансасы) орналасуға тиіс. Сервиске қатысты сын-ескертпелер әр санатқа қойылатын өзіндік шарт-талаптарды сақтамаудан туындайды. Бұл кемшілік барлық облысқа тән. Елімізде 900-дей дәретхана мүлдем жабдықталмаған. Жартысына жуығы дәмханалар мен қонақүйлерге бекітіліп берілмеген. Жаңа талаптарға бейімделу ісі қаражатқа келіп тіреледі. Инженерлік-коммуникациялық жүйелерді тарту жергілікті атқарушы органдардың, нысандарды тұрғызу меншік иелерінің міндетінде. Ауылда тұратын кәсіпкер қомақты қаржыны қайдан табады? Қалталы инвестордың келісім беру-бермеуі екіталай. Осы және басқа себептерге байланысты жол бойындағы сервистік кешендерді ұлттық стандарттар талаптарына сәйкестендіру көрсеткіші мүлдем төмен. Ауызсу жеткізудің өзі – үлкен машақат. Кей дәмханаларда ішкі дәретхана бар деген аты ғана. Өңірде “С” санатына 25 тамақтану орны, “Д” санатына 12 жанар-жағармай бекеті ғана жатады. 91 нысанның сапасы ешқандай сын көтермейді. Осы сауалды тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандарына қойғанымызда кәсіпкерлік туралы заң бізді тексеру құқығынан айырып отыр деген қысқа ғана жауаппен шектелді.

Ұлттық стандартқа сәйкес келетін сервистердің үлесі елімізде өскенімен, қызмет көрсетудің кешенді түрлері әлі жеткіліксіз. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойында жұмыс істеп тұрған дәретханалар үлгісінде жаңа санитарлық-гигиеналық тораптар орнату біздің облыста жоқтың қасы. Мамлюткаға шыға берістегі трасса бойында орналасқан “Qazaq oil”, “Эталон” жанар-жағармай бекеттерінде болғанымызда жағдайдың біршама тәуірлеу екеніне көз жеткіздік. Дәретханалар еуроүлгімен жарақтандырылған, кіру тегін. Мүгедектігі бар жандар үшін де қолайлы. “Дала маркет”, “Fortuna” сауда маркеттерінің жолаушыларға көрсететін қызметтері қолжетімді, азық-түлік өнімдері арзан. Бірақ мінсіз қызмет көрсетуді мақсат еткен мұндай нысандар санаулы ғана. Омбы, Астана, Сергеевка, Саумалкөл, Имантау-Шалқар туристік аймақ бағытындағы жолдар бойындағы қызметтерге сынның жиі айтылатыны сондықтан.

Мәселен, “Қазавтожол” ұлттық компаниясының жол бойындағы дәретхана мәселесін шешу үшін жариялаған инвестициялық конкурсына қызығушылық танытқандар аз. Жап-жақсы жобаны жүзеге асыруға, тұрғызылған кешенді күтіп-ұстауға қомақты қаражат керек. Осы жөнінде бірнеше кәсіпкерге хабарласып көріп едік, “жаңа талап-ережелерге ешқандай қарсылығымыз жоқ. Бірақ алдымен жеке бизнестің дамуына, қорғалуына алғышарттар жасалғаны ләзім. Елді мекендерден шалғай жерлерге инфрақұрылым желісін (заманауи технологиялар, мобильді байланыс, автотұрақ, техникалық қызмет көрсету орны) тарту оңай емес”,– деген жауап қатты.

Иә, Үкімет бір кездері мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде бес мың қоғамдық дәретхана салуды белгілеген болатын. Бірақ жобаның қымбаттылығынан (әр дәретхананың құны 30 млн. теңгеге түскен) кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық туа қоймаған. Бүгінде елімізде санитарлық-гигиеналық нормаларға сай 10 мың дәретхана жетіспейді. Енді бұл мәселе 2025 жылға дейінгі туризмді дамытудың бағдарламасына енгізілген. Оның орындала қоюы да неғайбыл.

“Қазавтожол” ҰК” АҚ-ы мен аудандық әкімдіктер бірлесіп, алдымен ұлттық стандартпен үндесетін нысандар тізбесін айқындағаны абзал. Содан кейін ғана елді мекендерге жақын жерлерде орналасқан қызмет көрсету нысандарының А,В, С,Д, санаттарының талаптарына қаншалықты сай екенін тексеріп, түгендеу жүргізіп, бұзу немесе жабу керектігін саралағаны жөн. Үлгілік бизнес жоспар ұсынушыларға жер телімдері бірінші кезекте беріліп, өзге де ынталандыру жолдары қарастырылса, артықтық етпес еді. Ал өз ісіне жүрдім-бардым қараған сервис иелеріне қатаң талап қойылып, кәсіп ашуға жібермеу секілді қатаң шаралар қолданылса, “мен салар да, сен салар, атқа жемді кім салардың” кері болмас еді. Әзірге жалпылама сөз көп, тындырылған іс аз.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp