Облыстық кәсіпкерлер палатасында құрылысшылардың салалық кеңесі құрылды. “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының ғимаратында кеңестің алғашқы отырысы өтіп, оның құрамы белгілі болды. Бұдан былай өңірдегі ірі құрылыс компанияларының өкілдері ортақ мәселелерді аталған кеңесте талқылайтын болады.
– Салалық кеңестер бизнес қауымдастық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысқа серпін береді. Жаңадан құрылған кеңес құрылыс саласындағы өзекті түйткілдерді анықтап, кәсіпкерлердің құқығын қорғап, бизнестің дамуына оң әсер етеді. Сонымен қатар кеңес мүшелері құрылысты дамыту, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту бойынша ұсыныстар әзірлейді, – дейді кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.
Осылайша өңірдегі құрылыс саласының өкілдері ортақ кедергілерді бірге еңсеріп, мемлекеттік органдар мен Үкіметке ұсыныстар жіберуге мүмкіндік алып отыр. Сондай-ақ кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға да белсенді атсалыспақ. Тоқсан сайын кеңес отырыстары облыс әкімінің салаға жауапты орынбасарының, жарты жылда бір рет өңір басшысының қатысуымен өтеді.
Шара барысында кеңес төрағасы болып бірауыздан “Ash Stroy” серіктестігінің директоры, “Қазақстан құрылысшылар одағы” өңірлік филиалының төрағасы Әміржан Шакей таңдалды.
Бірінші отырыста құрылыс материалдарын шығарушылардың “E-Qurylys” порталымен байланысты туындаған мәселелері және құрылыс компанияларының табиғи монополиялар субьектілерімен қарым-қатынасы қаралды.
– Жаңа кеңес бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасап, оның өркендеуіне әсер етеді деп ойлаймын. Алғашқы отырыста бірнеше мәселені қарадық. Осылайша бизнес пен мемлекет арасындағы диалогты нығайтуға ниеттіміз, – деді Әміржан Шакей.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.