Қызылжар аудандық Мәдениет үйінде елге белгілі “Шаншар” әзіл-сықақ театрының концерті өтті. 1994 жылы құрылған өнер ұжымының астарлы әзілін, уытты қойылымдарын тамашалауға келгендердің қатары қалың болды.
– Көктемгі су тасқыны еліміздің біраз өңірін әбігерге салды. Халқымыз табиғи апатты ауызбіршілігінің арқасында жеңіп шықты. Зардап шеккен жандарға қаржылай көмектескен жомарт жандар аз болмады. Қамкөңіл жамағаттың көңілін көтеру мақсатында ұжымымызбен табиғи апатқа тап болған елді мекендерді аралауға ниеттендік, – дейді “Шаншар” әзіл-сықақ театрының актері Уәлибек Әбдірайымов.
Осынау шарадан жергілікті өнерпаздар да тыс қалмады. Қызылжар аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері Дамир Есболов пен Сандуғаш Қазымова ән шырқап, жиналғандардың қошеметіне бөленсе, айтыскер ақын Жұмабек Рахимов арнау айтып, кештің шырайын кіргізе түсті. Театр актерлері қоғамдағы түрлі келеңсіз жағдайларды әзілге айналдырып, жиналғандардың езуіне күлкі үйірді.
– Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды рухани қолдау мақсатында ауданымызға арнайы келіп, жергілікті жұртшылыққа тамаша көңіл күй сыйлағандарыңызға алғыс білдіреміз. “Шаншар” театры – халықтың жүрегінен орын алған ұжымдардың бірі. Сіздердің қазақ өнерінің дамуына қосып отырған үлестеріңіз орасан, – деген Қызылжар аудандық мәслихатының төрағасы Жанат Елеусізов өнер иелеріне аудан әкімі Сақтаған Сәдуақасовтың Алғыс хатын табыстады.
Жеке кәсіпкер Ғабдолқапар Бәри сатираның қос саңлағы атанған Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораның арқаларына шапан жауып, қызылжарлықтардың атынан жүрекжарды лебізін білдірді.
Табиғи апаттан зардап шеккен елдің еңсесін көтеру мақсатында өткізілген концертті тасқын кезінде құрылған “Көкбөрі” қоғамдық ұйымы және аудандық Мәдениет үйінің әкімшілігі ұйымдастырғанын айта кеткеніміз жөн болар.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.