«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тасқынның салдарымен күрес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданына қарасты Большая Малышка ауылында көктемгі су тасқыны кезінде 300-ден астам үйге зақым келді. Бүгінде елді мекенде баспа­наларды қалпына келтіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Оның жұмысымен Парламент Мәжілісінің депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода танысып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Большая Малышка ауы­лын­да 321 үйдің 66-сы апатты деп танылды. Су тасқынынан зардап шеккендердің бір бөлігі көршілес ауылдардан және облыс орталығынан тұрғын үй алуға дайын. Ал қалғандарына баспананы жөндеуге мате­риалдық көмек берілді. Павел Вожжов та тасқыннан зардап шеккен, үйі бір айға жуық уақыт суда тұрған. Қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

“Тұрғын үйді қалпына келті­руге 5 миллион 700 мың теңге бөлінді. Оның 2 миллион 300 мың теңгесі материалға жұм­салса, қалғаны баспананы жөн­деп жатқан жұмысшыларға төленеді. Бүгінгі күнге дейін еден ауыстырылып, бірқатар шаруа тындырылды. Барлық жұмыстар шілденің соңында аяқталмақ. Жалпы бағалау­шы­ның жұмысы мен өтемақы­ның мөлшері көңілімнен шық­ты”, – дейді Павел Вожжов.

Алайда сарапшы-баға­лаушының жұмысына барлығы­ның бірдей көңілі тола бермей­ді. Өңірде іссапармен жүрген мәжілісмендерге осыған қа­тыс­ты көп сауал түскен. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккендер сметалық құжатты қайта қарау, тұрғын үйге мен­шік құқығын растайтын құжат­тардың болмауына қатысты мәселелерді шешуге көмек­тесуді сұрайды. Халық қалау­лылары аталған мәселелер бойынша түсініктеме берді.

“Тасқыннан зардап шеккен­дердің 90 пайызы – Петро­павл қаласы мен Қызылжар ауда­ны­ның тұрғындары. Су тас­қыны кезінде біз өтемақы төлеу ережелерін терең зерде­ледік.

Ол жерде өтемақы тек тұрғылықты жері бойынша тіркелгендерге ғана төленеді деп жазылды. Біз бұны қате санап, өз атымнан салалық министрлікке депутаттық сауал жолдадым. Бұл тармақ алынатын болды”, – деді Дмитрий Колода.

Бүгінгі таңда Большая Малышка ауылында 900 адам тұрады. Ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда. Жалпы Қызылжар ауданында су тасқынынан барлығы 1546 үй зардап шекті. Қазіргі уақытта 60-қа жуығы жаңа үйлерге қоныстанды.

* * *

Өңірге сапары барысында Мәжілістің “Ауыл” партиясы фракциясының депутаттары шаруашылық нысандарын аралап, ондағы ұжымдармен кездесіп, тұрғындарды қабылдады. Мәжіліс депутаты Николай Арсютинге жүгінген қызылжарлықтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларына жас мамандарды тарту туралы ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар Николай Арсютин Қызылжар ауданындағы “Молсервис” серіктестігінде болды. 1991 жылы негізі қаланған сүт өңдеу кәсіпорнында 30-ға жуық өнім түрі шығарылады. Өнімдері Қызылжармен қатар Астана, Көкшетау, Қарағанды дүкендерінде де сатылады.

Мәжіліс депутаты барған “Петерфельд Агро” серіктестігі де Қызылжар ауданында орналасқан. Онда сүтті және етті бағыттағы ірі қара бағылады. Бүгінде серіктестік қарамағында бірнеше сүт фермасы бар.

Николай Арсюгин көкөніс өсіретін “Зеленый север” ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын “Avagro” серіктестіктерінде және қағаз фабрикасында болып, өндіріс барысымен танысты. Сапар соңында депутат “Есіл су” серіктестігінің ұжымымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді, партияның жаңа мүшелеріне билеттерін табыстады.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp