«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жампоз журналист

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен білетін Жарасбай Қабдоллаұлы Сүлейменов – сан қырлы, біртуар азамат. Ол – редакция табалдырығын имене аттаған қарапайым тілшіден Қызылжар өңіріндегі баскөтерер белсенді азаматтардың бірі, елге танымал көсемсөзші, жазушы, білікті басшы, белгілі қоғам қайраткері деңгейіне көтеріле білген тұлға.

Жарасбай Қабдол­лаұлы – түп-тамыры текті әулет­тен шыққан асылдың сынығы, тұл­пар­дың тұяғы болғанымен, тірлікте еш сүйеусіз, басын кейде тауға да, тас­қа да ұрып, тірелген тұйықтан өз ақыл-қайратымен жол тауып, әрдайым өз арман-мақсатына жанқиярлықпен ұмты­лып келе жатқан өжет мі­незді, өршіл тұлға.

Атақты Шал ақын дүниеге келген, топырағы қа­сиетті өңірдегі Балуан атты ауыл­да туып-өскен Жарасбай ағамыз – өмір-күресте итжығыс түскен кез­дері болмаса, жауырыны жерге ти­меген, нағыз жеңімпаз балуан, жеңімпаз күрескер. Өз басым оның күрескерлік рухының мықтылығына, қайтпас қайсарлығына, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын табандылығына тәнтімін.

Мен 1981 жылы күзде ҚазМУ-дың журналистика факультетін бі­тіріп, Солтүстік Қазақстан облыс­тық “Ленин туы” газетінің редак­ция­сына тілші болып жұмысқа орналасқа­нымда Жарасбай аға ең беделді партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі еді. Келесі жылдың басында мен об­лыстың бір шалғайы саналатын Жам­был ау­даны бойынша мен­шікті тілшілікке тағайындалдым. Сол кезден бастап Жарасбай Қаб­доллаұлымен жақын араласа бас­тадым. Өйткені, оның аудан­дар­дағы тілшілерге үйіп-тө­гіп беретін тапсырмаларын уақы­тында атқарып, ілти­патына бөлен­сем керек. Сөйтіп, арамызда ағалы-інілілердей сыйластық қарым-қаты­нас орнап, оны жанашыр да тәлімгер ағама балап кеттім.

Кейін ол облыстық радионың бас редакторының орынбасары болып тағайындалды. Көп ұзамай бас редак­тор болып жоғарылатылды. Содан кейін Қазақ радиосының об­лыстағы меншікті тілшісі қыз­метіне ауысты.

Ата-бабалар арманы орын­да­лып, азаттыққа қол жеткен ал­­ғашқы жылдары елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Қызылжар өңіріндегі қоғамдық-саяси жағдай алаң туғызарлықтай күрделі бол­ғандығы жадымызда. Аты шулы Александр Солженицыннің “Ресейді қайтсек көркей­теміз?” мақаласында Қазақ­станның тың көтерілген бес об­лы­сының жеріне көз алартуы кейбір сепаратистік пиғылдағы арандатушыларға дем беріп, Пет­ропавл­да қостілділік, қосазаматтық мәселелері көтеріліп, қоғамдағы саяси тұрақтылық пен этносара­лық келісімді сақтау күн тәртібінен түспей тұрған қиын-қыстау кезең-тұғын. Сон­дай сын сағаттарда бүйректен си­рақ шығарып, бұра тартқан теріс ниетті, ат төбеліндей тобырға тарихи шындық пен әділет сөзін талай жерде те­бірене айтып, тегеурінді тойтарыс берген саусақпен са­нарлықтай ға­на жергілікті қайраткер азаматтардың арасында журналист Жарасбай Сүлейменов те бар бо­латын. Қазақ радиосы­ның хабар­ларынан Жәкеңнің ел мен жер тағдыры туралы терең әңгіме қозғаған репортаждарын сілтідей тынып тыңдап, ахуалды ұдайы қадағалап, біліп отыратынбыз.

Жарасбай аға тоқ­саныншы жылдар­дың басында­ғы еркіндік самалы ескен демокра­тия­лық үдерістер тұсында өткен об­лыстық мәслихаттың баламалы сайлауында халықтың қолдауына ие болып, бәсекелес­терін ойсыра­та жеңіп, депутат атан­ды. Сессияларда жұрт кө­кейінде жүрген өзекті мәселелерді өткір тілмен, облыс басшылары­ның бет-жүзіне қарамай тіліп айт­қанына талай рет куә болдым.

Жақында облыстық архив қызметкерлерінің көмегімен Жәкеңнің облыстық мәслихаттың 1997 жылғы бір сессиясында сөйлеген сөзін тауып алып оқыдым. Ол Қызылжар өңіріндегі “Ильинка”, “Новомихайловское”, “Москворецкое” сынды шаруашылықтардың басшылары өтпелі кезеңдегі экономикалық дағдарысқа қарамастан, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын айта келіп, өзге көптеген шаруашылықтың басшылары жаңа жағдайға бейімделе алмағанын өткір сынап, олардың орындарына жаңаша ойлайтын, елге жанашыр жас мамандарды тағайындау қажеттігін айтыпты. Сондай-ақ Тимирязев ауданындағы “Белоградов” кеңшарына Моңғолиядан көшіп келген қандастардың 200 отбасының 90-ы ғана тұрақтап қалғанын, олардың тұрмысы нашар екенін, кей үйдегі балалардың аштықтан есінен танып, құлап қалып жүргенін ашық та ашына айтып, алыстан келген ағайындардың проблемасын жан-жақты ойластырып шешуді ұсыныпты.

Жарасбай аға қашан да осылай ел-жұрттың қамын жеп жүреді. Облыстық телерадиокомпанияда қызмет істеген кезінде өзінің авторлық “Ой­толқын”, “Ойқамшы” атты пікір­сайыс бағ­дарламаларын ашып, жүр­гізді. Осы бағдарламалар аясында телестудияда Қызылжар өңірінің зиялы қауы­мының басы апта сайын қосылып, ең өзекті тақы­рып­тарды талқыға салу игі дәстүрге айналған еді.

Жарасбай Қабдоллаұлының басшы ретіндегі бір тамаша қасиеті – бойында ұшқыны бар жас дарын иелерін дер кезінде аңғарып, жұ­мыс­қа тарта білетіндігі. Облыстық радио мен теледидарға, “Soltüstık Qazaqstan” газетіне жоғары оқу орнын тамамдаған алғыр да ізденімпаз жастарды қыз­­метке алдырып, талай мөлдір бұ­­лақтың көзін ашқандай жақ­сылық жасады. Сондықтан да оған “М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Құрметті профессоры” атағы берілгендігі – әділ шешім, лайықты баға деп білемін.

Жәкең “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бас редакторы болып тағайындалған кезде редакция қызметкерлері мардымсыз жалақы алып, қиналып жүрген еді. Шығармашылық ұжымға өзіндік баспана да бұйырмай, әртүрлі ұйымдардың босағасын паналауына тура келген. Жарасбай Қабдоллаұлы бірер жылдың ішінде барлық проблеманы ойдағыдай шешті. Газет қызметкерлерінің жалақысын бірнеше есе көбейттірді, редакцияға жеке де жайлы баспана алып берді. Жаңадан қалалық “Қызылжар нұры” газетін ашып, тағы бір ерледі. “Soltüstık Qazaqstan” газетінің тартымдылығы артып, таралымы екі еседей ұлғайып, өз тарихында тұңғыш рет 10 мың данадан асты.

Осының бәрі – Жарасбай Қабдоллаұлының ұлы Мағжанның рухы асқақтаған қасиетті қарашаңыраққа сіңірген ерен еңбегінің, үлкен ұйымдастырушылық дарынының, қоғамдағы зор беделінің айғағы. Мұны Жәкеңнің өз өмірінде жасаған рухани ерлігі десем де, артық айтқандық болмас. Ол газет жұмысы­мен қатар, қоғамдық жұмыстарға да уақыт тауып, Ха­лықаралық “Қазақ тілі” қоғамы­ның облыстық филиа­лын басқар­ды, облыстық тәртіптік кеңестің мүшесі міндетін де қоса ат­қарды. Қазір облыстың Қоғамдық кеңесіне жетекшілік жасап жүр.

Жарасбай Қабдоллаұлы облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бас редакторы қызметін атқарып жүргенінде Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Республикамыздың ең жоғары заң шығарушы органында да өзінің белсенді азаматтық ұстанымымен танылып, халқымыздың көкейінде жүрген талай өзекті мәселені батыл көтерді.

Халқымыздың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, даудамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қарт адамдарды абыз деп атаған екен. Бүгінде жетпістің бел ортасына келген Жарасбай ағамызды сондай абыз азамат десек, асыра айтпаспыз.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp