«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛАНТТЫ ТҰЛҒА, ПАРАСАТТЫ АЗАМАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Француздың ұлы жазушысы О.Бальзак: “Дарындылар шалғайда туады, ал Парижге көпшілікке танылу үшін ке­леді”, – депті. Қазақтың да көптеген зиялылары, ақындары, жазушылары мен ғалымдары ауылдан шығып, қалаларға та­ланттарын шыңдау үшін, алға қойған үлкен мақсаттарына жету үшін келетін сияқты. Солардың қатарында есімі елге белгілі қоғам қайраткері, қаламы қарымды журналист, жа­зушы Жарасбай Қабдоллаұлы Сүлейменов те бар. Жарасбай інім де – тамырларында талант тулаған көп дарынды тұлға­лар сияқты ауылдан шыққан, өзінің еңбегінің, мінезінің ар­қасында, көптеген белестерді бағындырып, елдің құрметіне бөленген азамат.

Жарасбай Қабдоллаұлының өмір жолын шопандықтан бастағанын, кейін “темір тұлпарды” тізгіндеп, егін сеуіп, ел ырысын тасытуға үлес қосқанын екінің бірі біле бер­меуі мүмкін. Расында да солай. Оның бойындағы теңіздің тегеурінді толқынындай бұлқынған дарын, түбі жазушы боламын, елдің жайын, қамын ойлаймын деген арман жас жігіттің қолына қалам алғызды. Журналистік жолын кіші әдеби қызметкерліктен бастаған ол газетте барлық бас­палдақтардан өтті. Сол табысын радио мен теледидарда да қайталады. Солтүстік Қазақстан облыстық радиосын басқарды, өңірлік телерадиокомпанияда, облыстық газетте бас редактор болды. 2007-2011 жылдары Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды, еліміздің бас газеті – “Егемен Қазақстанда” бас редактор­дың орынбасары қызметін атқарды. Анығы сол, оны біз ай­тып отырған лауазымдарға уақыттың өзі апарып қоя сал­ған жоқ. Еселі еңбегі, таза маңдай тері оны биікке жетеледі, осы жолда кешегі Әлихан Бөкейханов айтқандай, ұлтқа қыз­мет етудегі басты қаруы – мінезі қолтығынан демеді.

Мен Жарасбай Қабдоллаұлын журналист ретінде сырт­тай білуші едім. Мәжіліске депутат болып сайланып, елор­даға көшіп келгеннен кейін жақынырақ таныстық. Екеуіміз де бір үйде – “Нұрсаяда” тұрдық. Кешкілік, күн ұясына қы­зараңдап батып бара жатқан уақыт болатын. Осы мезгіл­де есік алдына шығып, көрші-қолаңның амандығын сұрау әдетім. Екеуіміз осындай кештердің бірінде кездесіп қалдық. Өзі танып, сәлем берді.

Қазақта: “Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше”, – деген қанатты сөз бар ғой, әңгіме барысын­да Жарасбай Қабдоллаұлының білімді, ойы терең, көкірегінде жинағаны көп азамат екенін аңғардым. Ол қазақ халқының рухани болмысын, ғасырлар бойы жинаған құндылықтарын жақсы білетін және оларды шын мәнінде бағалайтын аза­мат болып көрінді. Жарасбай Қабдоллаұлы тек қазақ халқы­ның мәдениеті мен оның рухани болмысын өте жақсы біліп қана қоймай, сонымен қатар орыс және әлем мәдениетін, құндылықтарын терең игерген азамат екен деп ой түйдім.

Француздың ұлы ақыны Сент-Экзюпери айтқандай: “Ең үлкен байлық – адаммен қарым-қатынас жасау байлығы”. Шынымды айтайын, осыдан кейін Жарасбай ініммен кездес­кен сайын тек амандық-саулық сұрасумен ғана шектелмей, ел, кісілік, адамзат туралы әңгіме-дүкен құрып, ұлы мұрат­тарымыз жайлы ой өрбітетін болдық. Қазіргі заманның өзі қызық, нарық халықтың мінез-құлқына, іс-қимылына да өз­герістер енгізіп жатыр. Бұрқ-сарқ қайнаған бәсекелестік қазаны кімді қайдан шығарары белгісіз. Әйтеуір, бәрі заман талабына лайық болуға ұмтылады.

Міне, осындай дүбірге толы дүниеде әлдекімдердің ұлттық құндылықтарымыз, өмір жайлы ой толғауға мойны бұрыла бермейтіні анық. Та­ныстар көп болса да, нағыз ой бөлісетін адамдар некен-саяқ. Осы ретте ұлы Абайдың: “Атадан алтау, Анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ. Ағайын бек көп, Айтамын еп­теп, Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым – тап шыным!” – деген сөздері ойыма оралады. Ұлы ойшылдың айналасында туыстары мен таныстары көп болғанымен, ол өзінің ішкі жалғыздығын үнемі сезініп жүрген ғой.

Ғұламалардан қалған: “Сөз түсінетін ойы бар, ақылы бар, жинаған құндылықтары көп бір адам сен үшін түсінігі аз көпшіліктен артық”, – деген тұжырымның астарында да терең сыр жатқаны сөзсіз. Мұның бәрін мен неге айтып отырмын, Жарасбай інім өзі көп сөйлемесе де кездескен са­йын сыр суыртпақтап, сұхбаттасын әңгімеге үйіре біледі екен, оның ойлы сұрақтарына жауап іздеп отырып, өзіңнің ғажайып бір әлемге еніп кеткеніңді де аңғармай қаласың.

Жарасбай Қабдоллаұлымен бірнеше мәрте кездесіп, оның әдебиет, жалпы руханият жайлы ой-пайымының тереңдігіне көз жеткізгеннен кейін “Сізден сұхбат алсам” деген өтінішін аяқсыз қалдыра алмадым. “Сұхбат беріңіз”, – деп сұрайтын журналистер, тілшілер көп, бірақ көбі сұрақ қоюдың жауап­кершілігі зор екенін, үлкен мәні бар екенін бағамдай бермейді. Әңгіменің терең ойға құрылуы қойылған сауалдың маңыз­дылығына, пікір алмасып отырған адамның деңгейіне көп байланысты. Әдетте, атүсті қойылмаған терең сұрақ ма­ғыналы, терең ой туғызады. Сократ гректің зиялыларымен сұхбаттасқанда өте күрделі мәселелерді қозғап, терең мағы­налы сұрақтар қояды екен. Сократтың ойынша, оның анасы әйелдердің бала тууына көмектессе, ол адамдардың дүниеге ой әкелуіне септескен.

Сонымен не керек, Жарасбай Қабдол­лаұлымен екеуіміз әңгімеміз жарасып, “Егемен Қазақстан” газетіне бірнеше сұхбат дайындадық. Олардың бәрі жарық көрді және ең бастысы, оқырмандардың назарын аударды. Кейін сол сұхбаттарымызды толықтырып, “Өмір – өзен” де­ген атпен кітап шығардық.

Менің ойымша, Жарасбай Қабдоллаұлы – тек білімді азамат қана емес, сонымен қатар өте жақсы журналист. Журналистер көп, бірақ атына заты сай нағыз журналис­тер көп емес. Белгілі журналист Владимир Познер айтқан­дай: “Әрине, журналистердің міндеті – ақпаратпен бөлісу, алайда олар тек газеттер арқылы күнделікті мәліметті беріп отырмай, сонымен қоса шамалы болса да, халыққа қа­жет терең мәселелерді көтеріп, ой айтқаны дұрыс және жазушыларды, өнер адамдарын, ойлары бар ғалымдарды ой бөлісуге тартып отырғаны абзал”.

Менің білуімше, Жарас­бай Қабдоллаұлы өзі басқаратын басылымдарда осы мәсе­леге мұқият көңіл бөліп отырады. “Музыка оны түсінетін құлақты тәрбиелейді”, – деп Карл Маркс айтқандай, ойдың өзін толғау, ойға құмар адамдарды, әсіресе, жастарды тәр­биелеуге көмектесетіні сөзсіз. Жарасбай Қабдоллаұлы өзінің күнбе-күнгі қызметінде осы мәселеге де көп көңіл бөлетініне күмәнім жоқ.

Мен білетін Жарасбай Қабдоллаұлы – жақсы адам. Ол – өзінің бойына қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған құн­дылықтарын, адамгершілік қасиеттерін, ізгіліктерін сіңір­ген, үлкенді сыйлайтын, кішіні інім деп білетін, аспайтын, тасымайтын, жақсы мен жаманды толық айыра білетін азамат.

Жабайхан ӘБДІЛДИН,

Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp