Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатында мектеп директоры Ризабек Кәкпеновті құрметті еңбек демалысына шығарып салуға арналған шара өтті. Жиынға облыстық білім басқармасы, кәсіподақ өкілдері мен қаладағы білім мекемелерінің басшылары қатысты.
Ризабек Жазитұлы – өмірінің 43 жылын білім беру саласына арнаған жан. 1959 жылы қазіргі Айыртау ауданы, Светлый ауылында дүниеге келген ол 1981 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін үздік тамамдаған. Бірқатар білім ордасында математика, физика пәндерінен сабақ беріп, кейін сол кездегі Володар, Рузаев аудандарының білім бөлімдерінде қызмет атқарған. №3 Саумалкөл орта мектебінің директоры, Айыртау аудандық білім бөлімінің басшысы ретінде жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне өз үлесін қосты. Қоғамдық жұмыстарға да берсенді қатысып, аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды.
2006-2018 жылдар аралығында Ризабек Кәкпенов облыс орталығындағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйі-интернатында директор болды. Ол талай балаға жол сілтеп, олардың ересек өмірде өз жолдарын табуына себепкер болды.
2019 жылдан бастап даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының директоры қызметін абыроймен атқарып келді. Білім беру саласында тәжірибесі мол Ризабек Жазитұлы өз біліктілігінің арқасында мұндағы жұмысты да бірден үйіріп әкетіп, ұжымды бір ортаға біріктіре алды. Ол басқарған уақытта мектеп біршама жетістіктерге жетті. Ғимараты жөнделіп, педагогтардың біліктілігі артып, түрлі семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылды.
Ризабек Кәкпеновтің ұзақ жылдар бойғы еңбегі еленіп, ол біршама марапаттың иесі атанды. “Қазақстан Республикасының құрметті қызметкері”, “Ыбырай Алтынсарин”, “Шапағат”, “Қазақстан патриоты” медальдарын кеудесіне тақты. Мемлекет басшысы, облыс әкімі, бейінді министрліктен алған марапаттары бір төбе. 2022 жылы оған ұзақ жылғы табысты қызметі үшін “Ерен еңбегі үшін” медалі табысталды.
Кейіпкеріміз бос уақытында спортпен айналысады. Талай турнирлерде топ жарып, бильярдта да жетістікке жеткен. 2015 жылы Кәкпеновтер отбасы “Мерейлі отбасы” байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған.
Шараға жиналған қонақтар Ризабек Жазитұлының іскерлігін, басшылық қасиеттерін, жетістіктерін сөз етіп, тілектерін арнады. Соңында азаматтың өзі де келгендерге алғысын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Лариса КОВТУН,
Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі.