Облыстық кәсіпкерлер палатасында импортталатын тауарларды міндетті сертификаттау және кеден төңірегіндегі мәселелер қаралды. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан көлік прокуроры, аға әділет кеңесшісі Тимур Шуленбаев, сондай-ақ облыстық экономикалық тергеу, мемлекеттік кірістер департаменттерінің, “Ресей темір жолы” акционерлік қоғамы және облыстық көліктік бақылау инспекциясының өкілдері қатысты.
Жиында Тимур Шуленбаев мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар тарапынан озбырлыққа тосқауыл қою арқылы инвесторлардың құқықтарын қорғауға кепілдік беретін прокурорлық сүзгі сияқты құралдың маңыздылығына назар аударды.
– Енді инвесторлар үшін ауыр зардаптарға әкеп соқтыратын барлық тыйым салу және шектеу шаралары прокуратурамен келісілуі керек. Бұл салықтық тексерулерге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға, қызметті тоқтата тұруға, лицензияларды қайтарып алуға және басқа әрекеттерге қатысты. Бүгінгі кеңестің басты мақсаты – бизнесті қорғау бойынша жұмысты күшейту, – деп атап өтті Тимур Шуленбаев.
Кездесу барысында бизнес өкілдері импортталатын тауарларды міндетті сертификаттау, кедендік тазарту және “John Deere” ауыл шаруашылығы техникасын әкелу мәселелерін көтерді. “КАМЕТЕХ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Руслан Хасенов Қазақстанда міндетті сертификаттау рәсімі кедендік рәсімді кешіктіретінін және қосымша қаржылық шығындарға ұшырататын айтты. Кәсіпкерлер міндетті сертификаттау рәсімінің тиімділігіне күмәндәніп отыр.
Кездесуге қатысқан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті кедендік бақылау басшысының міндетін атқарушы Сергей Чесенконың айтуынша, тауарларды міндетті сертификаттау азаматтар мен көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Бұл ретте ол Қазақстан шет мемлекеттердің сертификаттарын өз растауынсыз тани алмайтынын атап өтті.
Жиында АҚШ-тан әкелінетін пайдаланылған “John Deere” ауыл шаруашылығы техникасына қатысты мәселе де талқыланды. Қазақстандық кеден органдары зияткерлік меншіктің құқық иеленушісінен рұқсатты талап етеді. Бұл жағдайда кедендік рәсімдеуден бас тартылуы мүмкін және қалтаға салмақ түседі. Аталған мәселе солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді алаңдатып отыр.
– Осы рұқсатқа сүйене отырып, бізге кедендік рәсімдеуге рұқсат беріледі немесе бас тартылады. Мұның бәрі құқық иеленушінің сенімді тұлғасы – Алматыда орналасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне байланысты. Ал бұл сенімді тұлғада өндірушіден сенімхат бар-жоғын ешкім тексерген емес, – деді “КАМЕТЕХ” серіктестігінің директоры Руслан Хасенов.
Оған кедендік бақылау басшысының міндетін атқарушы Сергей Чесенко “John Deere” құқық иесінің сенімхаты Жоғарғы соттың шешімімен расталғанын, ал бүкіл әлем бойынша зияткерлік меншікті бақылау зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісіммен (ТРИПС) жүзеге асырылатынын айтты. Алайда солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің пікірінше, импортты шектеу отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді төмен бағамен сапалы техниканы сатып алу мүмкіндігінен айыра отырып, нарықтағы бәсекелестікті төмендетеді.
Екі жақты айтыстартыстан кейін кәсіпкерлер палатасының өкілдері мемлекеттік органдар мен прокуратураға “John Deere” техникасын әкелуден бас тартып, саны бойынша талдау жүргізуді ұсынды. Әсіресе, бас тартудың себептерін, сенім білдірілген адамның іс-әрекетінде заңсыздық бар-жоғын нақты тексеру қажет.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.