Қазақ жерінің астында да, үстінде де алуан түрлі табиғи байлық бар. Соның ішінде сұлулығына көз тоймас мөлдіреп жатқан көлдеріміздің жөні бөлек. Олардың әрқайсысы көлемімен, әсемдігімен, еліміздің экономикасы мен экожүйесі үшін маңызымен ерекшеленеді. Қызылжар өңірі көлдерінің көптігінен еліміз бойынша алдыңғы орында. Өңірде екі мыңнан астам көл бар. Олардың басым бөлігінде мөңке, тұқы, көксерке өсіріледі.
Қазір күллі әлем аса жоғары қарқынмен балық етіне ден қойып, тез қорытылатын, сіңімді, жұмсақ әрі тағамдық құнары мол жеңсік асқа құмартып отыр. Біздің елдің де экономикалық дамуында балық шаруашылығы ерекше рөл атқарады. Себебі ол – агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бір саласы. Соңғы уақытта бұл салада үлкен жұмыстар атқарылуда. Балық шаруашылығын дамыту ісі ерекше қолдауға ие. Үкімет қабылдаған шаралардың нәтижесінде балық шаруашылығы айтарлықтай сәтті дамуда. Бұл орайда өңір халқын су маржандарымен қамтамасыз етіп отырған Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы балық шаруашылығын дамыту аясында кешенді жұмыстар атқаруда. Балық шаруашылығы субъектiлерiнің балықтарды молайту және олардың қырылуының алдын алуға бағытталған ауқымды iс-шараларды ұйымдастыруын қадағалап отырады. Осындай шаралардың арқасында ғана еліміздегі балық шаруашылығы саласы ішкі қажеттілікті өтеп қана қоймай, экспортқа шыға алады.
Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім бастығы Ильдар Какимовтың сөзінше, облыста ауданы 10 гектардан асатын 2328 көл және 61 ірі және кіші өзендер бар. Оның ішінде 589 су айдыны Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2019 жылғы 4 сәуірдегі №76 қаулысымен балық шаруашылығын жүргізу үшін қолайлы деп танылып, жергілікті маңызы бар су айдындары мен учаскелерінің тізбесіне енгізілген.
Облыс аумағында көлде тауарлы балық өсіретін шаруашылық ретінде бекітілген 314 су қоймасы бар. Оларда 155 балық өсіру шаруашылығы өз қызметін жүзеге асыруда. Ең ірі балық өсіру шаруашылықтары – “Ухов А. Н.” ЖК, “Водолей 2017” ЖШС, “Блинов” ШҚ өңірді ғана емес көрші облыстарды тауарлық балықтармен қамтамасыз етіп отыр. Олар жыл сайын балық экспортына ветеринарлық сертификаттарын жаңартып отырады. Мәселен, “Ухов А.Н.” жеке кәсіпкерлігінің өзгелерден ерекшелігі – балық өсіру материалын әзірлеуден бастап, тауарлы балық өсіруге дейінгі циклды қамтиды.
Тауарлы балықты өсіру және өсімін молайту жөніндегі жұмысты балық шаруашылығы саласындағы мамандар ұйымдастырады. Балық аулау қазіргі заманғы аулау құралдарымен жүзеге асырылады. Балық өнімдерін мұздату, сақтау және сату үшін жоғарыда аталған кәсіпорындарда тоңазытқыш жабдықтары бар. 2023 жылғы 1 шілде мен 2024 жылғы 1 шілде аралығында Солтүстік Қазақстан облысында балық және басқа да су жануарларын аулау лимиті 820,99 тонна көлемінде бекітілген.
Балық өнімдерінің көлеңкелі айналымымен күреске басымдық берілген. Бұл мақсатта балық шаруашылығы су айдындарында, ЖПҚ бекеттерінде және тағы да басқа мүдделі органдармен (табиғат қорғау прокуратурасы, полиция, ветеринарлық қызметтер, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы және табиғи ресурстар басқармасы) тұрақты негізде бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізіледі.
– Жыл басынан бері инспекция 81 әкімшілік хаттама толтырды. Бұл ретте инспекция балық шаруашылығын дамыту аясында балық шаруашылығы субъектiлерiнде балықтарды молайту және олардың қырылуының алдын алуға бағытталған iс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып отырады, – дейді Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім бастығы Ильдар Какимов.
Жалпы әлемдік балық шаруашылығындағы алпауыт елдердің үлесі миллиондаған тоннамен есептеледі. Біз оған жетуді көксемесек те, балық шаруашылығын дамытуда су айдындарын тиімді пайдалануды, алған өнімді өңдеуді үйренгеніміз абзал. Себебі жергілікті балықшылар көбіне алған өнімді терең өңдеуден бұрын, оны тұздап қана сатумен шектеліп жүр. Бұның салдарынан шетелде қайта өңделген балық өнімдері өз дастарқанымызға қымбат бағаға оралуда. Ол үшін бұл салаға инвестиция тартылғаны маңызды. Сонда ғана аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыруда балық шаруашылығы өз үлесін қосады. Бұл мақсатты көздеп отырған жергілікті атқарушы органдар балық саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бойынша жүйелі түрде аудандық және облыстық деңгейлерде семинар-кеңестер өткізіп келеді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.