Елімізде алғаш рет ветеринария қызметкерлері күні атап өтілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен 10 шілде – ветеринария қызметкерлері күні болып бекітілді. Ресми түрде бекітілген жаңа мереке жануарлардың саулығы мен олардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетуге арналған. Атаулы күнге орай облыстық әкімдікте салтанатты іс-шара өтіп, өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, 38 қызметтік көліктің кілтін тапсырды.
– Күн сайын ветеринарлар үй жануарлары мен құстарды бақылап, тексеріс жүргізеді. Олар бір жыл ішінде 7 млн.-ға жуық іс-шара өткізеді. Биыл осы салаға 3 млрд. 900 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа қажетті барлық құрал-жабдықтар сатып алынуда. Қызметтік көліктер жаңартылады. Осының барлығы аталмыш саланың одан әрі дамуына өз септігін тигізеді деген сенімдемін, – деді төл мереке иелерін құттықтаған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Салтанатты шарада ветеринария саласын дамытуға белсенді атсалысқаны үшін 20-дан астам маман Премьер-министрдің Алғыс хатымен, Ауыл шаруашылығы министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Еңбегі еленгендер арасында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның ветеринария стансасының директоры Қамидолла Жазитов бар. Ол бұл салада 38 жылдан бері еңбек етіп келеді.
– Кәсіби мерекені бірінші рет ресми түрде тойлап жатырмыз. Мен 1985 жылдан бастап осы салада қызмет етіп келемін. Аудандық ветеринария стансасында 56 адам бар. Басты міндетіміз – аудандағы эпизоотиялық жағдайды тұрақтандырып, жұқпалы аурулардың алдын алу. Кәсіби мерекеге орай жаңа көліктің кілтін табыстады. Бұл – біз үшін үлкен көмек. Енді ветеринар мамандар ауылдық округтерді су жаңа қызметтік машинамен аралайтын болады, – деді Қамидолла Жазитов.
Сонымен қатар мерекеге орай сала ардагерлеріне “Ерен еңбегі үшін” және “Еңбек ардагері” медальдары табысталды.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.