«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балыққа бай өңір

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шілде айының екінші жексенбісі – Балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Мереке қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов сала мамандарын құттықтап, өңір басшысының Алғыс хаттарымен марапаттады.

Өңірімізде жылына 2 мың тонна балық өнімі өндіріледі. Тауарды облыс тұрғындары ғана тұтынып қоймайды, кейбір өңірлерге жөнелтіледі, Ресей нарығына экспортталады. Бұл жұмыстардың тиімді орындалуы үшін шамамен 500 ден астам адам тер төгіп жүр.

– Салтанатты жиынға мемлекеттік орган қызметкерлерімен қатар жекеменшік ұйым өкілдері де келіп отыр. Өзімнің және өңір басшысының атынан сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздер балық шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып жүрсіздер. Біз өз тарапымыздан сіздерге қолдау білдіріп, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдауға әзірміз, – деді облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов.

Балық шаруашылығы саласында өңірде тың өзгерістер де жоқ емес. Соның бірі – форель өсіру мен балық өңдеу бойынша жаңа инвестициялық жоба. Әкелі-балалы Уховтар осы бағытта кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда олар 9 көлді жалға алған. Жобаларын Мамлют ауданында жүзеге асырып жатыр. Өңіріміздегі ең ірі шаруашылық жылына 100 тонна балық аулайды.

– Форель өсіру оңай емес, оны әуелі біздің жақтың климатына бейімдеу керек. Дегенмен бұл бағытта алға жылжушылық бар. Форельді өзімізде инкубациялап, көп көлемде көлдерге жіберуге болады. Салалық басқарманың және жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен бұл іске қарқын қосуды жоспарлап отырмыз, – дейді “ПЕТРОФОРЕЛЬ” БШ ҰӨО” ЖШС-ның директоры Николай Ухов.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исмановтың айтуынша, өңіріміз көлге бай және балық та мол. Балық ауланатын су айдындарының саны 2,5 мыңнан асады. Оның 600-ге жуығы балық шаруашылығын ұйымдастыруға өте қолайлы. 300-ден аса көл жалға алушыларға берілген. Олар келісімшарт аясында сол көлде балық аулап, оны өсірумен айналысады.

Жалпы облыста балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы құрылған. Аталған құжатқа сәйкес кәсіп иелері балық өнімі көлемін 10 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp