2019 жылы “Педагог мәртебесі туралы” заң қабылданып, бұрын сабақты ысырып қойып, көше сыпырып, ағаш әктеп, концерттерде зал толтырумен жүретін мұғалімдерді енді мұндай жұмыстарға тарту сап тыйылды. Жалақылары да екі есе өсті. Бұл ұстаздар қауымы ештеңеге алаңдамай басты міндеттері – бала оқытумен ғана шұғылдану үшін жасалғаны мәлім. Бірақ заң мұғалімдердің еңбекақыларын көтергенімен, қоғамдағы мәртебелерін көтере алды ма деген заңды сұрақ туындайды.
Ауру қалса да әдет қалмайды екен. Заңда айтылған өз мәртебесіне лайық бола алмай жүрген педагогтарды кездестіргенде, күйінетінімізді де жасырып қайтейін. Тойға барсақ, асабасы мен фотографы – мұғалімдер, такси шақырсаң, жүргізуші – сол баяғы мектептегі ағай, ғаламтор арқылы оны-мұны сатып жүрген саудагер де – өзіміздің апайымыз. Ал сол тойда ата-анасына еріп оқушысы да жүретіні белгілі ғой. “Сабақ бергеніңізді білмеймін, бірақ тойды қатырады екенсіз”, – деп сабақ барысында ұстазына айтып отырса не болмақ? Таксимен діттеген жеріне жеткізіп тастап, оқушысынан ақша алған ұстаз ертең оның бетіне қалай қарайды.
– Сенбіліктерге шақырсаң, көшеде қара жұмыс істеуден арланып, педагог статусын алға тартып шыға келеді. Олай болды екен, өз мәртебесіне толық лайық болсын. Түске дейін сабақ беріп, түстен кейін қосымша ақша табудың қамымен кететін мұғалімнің оқушы алдында не қадір-қасиеті қалады? Мемлекеттік қызметкерлер сияқты олар да тек қана бір жұмыс істесін, яғни мектепте ғана сабақ берсін, – дейді қала тұрғыны Салтанат Қуанышева.
Бірақ бұл пікірмен ұстаздар келіспейді. Шал ақын ауданындағы Е.Бөкетов атындағы мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мағжан Жолтаевтың айтуынша, педагог өз статусына лайық, бірақ оған деген әлеуметтің көзқарасы өз деңгейінде емес.
– Қымбатшылық билеген мына заманда педагог та қосымша ақы табуға мүдделі, себебі оның да отбасы бар. Екіншіден, жергілікті атқарушы билік ұстаздарды қолжаулық қылуды әлі де тоқтатқан жоқ, үшіншіден, ата-ана мен оқушы мұғалімге үстемдік жасауды тоқтату қажет, онсыз білімді ұрпақ тәрбиелей алмаймыз, – дейді ол.
Петропавлдағы №4 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Жарқын Омаров жұмыстан тыс уақытта такси жүргізушісі болып қосымша табыс табатынын жасырмайды. Оның пікірінше, мектеп әкімшілігі, ата-аналар мен оқушылар ұстаздарды құдды бір ата жауындай көреді. Оқушы нашар оқыса, тәртібі төмен болса, оқыс жағдайға ұшырап қалса, бәріне мұғалім кінәлі. Мектептен тыс уақытта бірдеңе бүлдірсе де ұстазын сілкілей жөнеледі. Мұғалім – тек білім беруші ғана екенін естен шығарып алғандаймыз. Қоғамда педагог ештеңе істемей, бәленбай мың ақшаны жайдан-жай алып отырғандай пікір қалыптасқан.
– Бір-екі мұғалімнің келеңсіз іс-әрекетіне қарап, бүкіл оқытушыға топырақ шашудан аулақ болған жөн. Жалақы көбейген соң, бұрын басқа салада жүргендер жаппай мектепке қарай ағылды. Салдарынан қалалық жерде сағат жетпесе, ауылда керісінше бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ бере береді. Ешкім еріккеннен қосымша жұмыс істемейтіні айдан анық. Сол баяғы ақша құрғырдың жетіспеушілігінен. Егер сабағына үлгерсе, мектептегі шәкірттерінің үлгерімі жақсы болса, неге қосымша табыс таппасқа? – дейді Жарқын Омаров.
Такси жүргізушісі болып жүрген мұғаліммен сөйлескенімізбен асаба-ұстаздар сұхбат беруден ат-тондарын ала қашты. Өз істерінен өздері ұялатын мұндай мұғалімнің алдын көрген оқушының қандай азамат болып қалыптасатынына алаңдай бастағанымызды жасырмаймыз.
“Ұстаз мәртебесі – философиялық, психологиялық, тарихи, әлеуметтік астары бар қадірлі ұғым және қоғам жауапкершілігін анықтайтын өлшем. Педагог тұғыры – қоғам мен мемлекет тұғыры”, – деген академик Ерлан Сыдықов ұстазын ұлықтаған қоғамда ғана береке-бірлік, тәлім-тәрбие, ақыл-парасат өлшемі орнығатынын айтқан болатын.
Бұрынғы ұстаздар қалай еді? Сабақтан тыс кітаптарды, қосымша газет-журналдарды оқитын. Бұл – білім көкжиегінің кеңеюіне қажет екені белгілі. Ал қазіргі кейбір мұғалімдер өз пәнінің күнтізбелік жоспарымен ғана шектеліп қалған, сол шеңберде ғана “ғұмыр кешуді” мұрат ететіндей.
– Ұстаз – халықпен бірге жасап келе жатқан ұғым. Сондықтан педагогикаға қадам жасаған маман өзін пән мұғалімі ретінде ғана емес, тұлға ретінде көрсете білуі тиіс. Мұғалімнің жүгі ауыр. Заманмен бірге дамуды мақсат тұтқан оқытушының қолынан кітап, газет-журнал түспеуі керек. Бұрынғы факультативтер газет-журналдарда жарияланған материалдарды талдап-талқылауға арналып, талантты оқушылардың шығармашылығын дамытатынбыз. Үздік деп танылған шығармалар баспа бетіне шығатын. Қазір мектепке барсақ, телефонға қадалған оқушы мен кісіге жұғымы жоқ мұғалімді көріп, қарның ашады. Сондайлардың кесірінен ұстаз мәртебесі құрдымға кетеді. Кезінде арнайы заңсыз-ақ абыройымыз асқақтап жүруші еді. Сабақ берумен ғана шектелетін мұғалімнің ешқандай да қадір-қасиеті болмайды, – дейді ардагер ұстаз Жанкелді Тәжин.
Осы тұста ұлт қайраткері Міржақып Дулатовтың “Жалғыз білім үйретуге емес, біліммен бірге жақсы тәрбие беру керек”, – деген қанатты сөзі еске оралады. Бұл аталы сөз кез келген мұғалімнің өмірлік ұстанымына айналса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ақын, ғалым, шахтер, әкім, депутат – бәрі мектептен шығады, ұстаздың алдын көргендер. Бәрі де ұстазға қарыздар. Отансүйгіштік, адамгершілік, еңбекқорлық деген қасиеттер сөз жүзінде айтылып қана қоймай, іспен көрсетілуі керек. Үлгі көрсететін де – сол ұстаздар. Алайда қит етсе заңдағы мәртебесін алға тартып, ал шындығында қоғамда мәртебеден жұрдай мұғалімнен білім алған оқушының ертең кім болып өсетінін болжаудың өзі қорқынышты.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.