Тағатсыздана тосқан аптаның соңы да келіп жетті-ау. Жұмыс күндері өзімді қоярға жер таппаймын. Дел-сал күй дегбірімді қашырып, әбден титықтатты. Осындайда мұңыңды мұңдап, жоғыңды жоқтайтын, қуанғанда қасыңнан табылатын апа-сіңлі, тым болмаса жақын досым болғанда ғой деп армандаймын. Шүкір аға-інілерім бар. Бірақ менің шыбын жанымды жегідей жеген бұл емес…
“Бақытты өмір болмайды, бақытты сәттер болады” деген сөздің астарын енді ғана түсінгендеймін. Ата-анамыздың ортамызда аман-сау, ойнап-күліп жүргені қандай бақыт десеңізші. Көйлегіміз көк, тамағымыз тоқ қамсыз балалық шағымыз ең бақытты кезең екен. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген ата-анамның қадірін кеш түсіндім.
Жарықтық анамның жүзін топырақ жапқалы он жылдан асып кетті. Анамнан айрылған сәттен бастап бәрі өзгерді. Сүттей ұйыған отбасымнан береке кетті. Шаңырақтың шаттығы, берекесі мен сәні анам болған екен ғой.
Әке-шешемнің қолында үйдің тұңғышы Арман тұрды. Астанада құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген 2000 жылдары Ләззат есімді арумен танысып, шаңырақ көтерген ол ата-анамның қолында тұрақтап қалды. Ал мен болсам мектепті тамамдаған соң, Көкшетау қаласына білім алуға аттандым. Кейін өз теңімді тауып, тұрмысқа шықтым. Қазір Тайынша ауданында тұрамын. Менен кейін екі інім бар. Олар да ер жеткен соң өз жөндерімен кетті. Бірі – Айыртауда, енді бірі – Қызылжарда.
Шешем мәңгілік мекеніне аттанған соң, біздің де өміріміз түбегейлі өгергенін жоғарыда айттым. Бастапқыда анам алыс сапарда жүргендей сезімде болдық. Өзімді алдаусыратып, әне-міне келіп қалар деген жалған үмітпен жүріп, қарашаңыраққа ат ізін салмай кеттім. Қатты күйзелісте болдым, оның үстіне балаларым жас.
Бірде үйге жол түсіп барғанымда әкемнің көмірдей қара шашына ақ түскенін, жүзі солғын тартқанын, көкірегі мұңға толы екенін байқадым. “Орта жолда атың өлмесін, орта жаста жарың өлмесін” деп қазақ текке айтпаған. Орта жаста зайыбынан айрылған әкеме еңсені тіктеу оңай болмады. Асыл жарын сағынып жүрген шығар деген оймен мен де ашып еш нәрсе сұрай алмадым. Күні келінге қарап қалған соң, ол да қымсынатындай.
Арада бірталай уақыт өткенде әкемнің үйден кетіп қалғанын естідім. Келінінің жақтырмайтыны өз алдына, ағамның дөрекілеу мінезіне әкем шыдай алмаған сияқты. Үйден кетіп қалуының басты себебі сол. Аудан орталығында кіші ұлдың қолында тұрды. Балаға масыл болмау ниетімен өзінің оң жамбасына келетін жұмысқа тұрып, немерелеріне қарайласты. Менің де көңілім сәл тынышталғандай. Телефон арқылы сөйлесіп, күн сайын қал-жағдайын біліп тұрдым. Кейде маған қонаққа келіп, біраз күн аунап-қунап кететін. Күйеу баладан, ел-жұрттан ұят болар деп қайта елге оралатын. Бірақ екінші келін де әкемді жақтырмаған сияқты.
Кейін өзі сияқты жалғызбасты келіншекпен көңіл қосып, екі жарты бір бүтін болды. Өкінішке қарай біз ол келіншекті қабылдай алмадық. Тіпті әкеммен араласпай қойған сәттер де аз емес. Қазір ойласам, ақымақ болған екенбіз. Анамның аруағы үшін әкеме қолдау білдіріп, қиын кезде қасынан табылғанда қазір жағдай басқаша болар ма еді? Жүрегіне қаяу түсірмегенімізде бұл күйге душар болар ма едік? Осыны түсіну үшін әкемнің төсекке таңылуы керек пе еді?!
Жылдар бойы жүрекке түскен зіл батпан қасіретті көтеріп жүру оңай ма? Тауы шағылып, тауаны қайтқан әкем ауруханадан бір-ақ шықты. Бейқайыр тірлік, берекесіз өмір сағын сындырды. Миына қан құйылып, өздігінен жүріп-тұра алмайтын халге жетті. Сөйлеген сөзі де түсініксіз. Жарты жылға жуық ауруханада болды. Дәрігерлер жақсы күтім, жанына тыныштық керек екенін айтып үйге шығарғанымен, әкемді алақанына салып аялайтын адам табылмады. Оны ауылдағы аға-жеңгем алып кетті. Төсек тартып, қара тұяғынан хал кеткен кісінің күтімі қандай екені айтпаса да белгілі. Уақытында тамағын, дәрі-дәрмегін беру, төсегін ауыстыру оңай шаруа емес. Сондықтан аға-жеңгем бірер аптадан кейін әкемді баға алмайтындарын айтып, ат тондарын ала қашты. Аудан орталығында тұратын інім мен келінім де бірер апта қарағандай болып еді. Олар бас тартты. Сенбі-жексенбі күндері жұмыстан қолым босаған сәтте әкеме құстай ұшамын. Тамағын, дәрісін беріп, үсті-басын ретке келтіремін. Енді бұл тірліктен мән болмайтын сияқты, алдағы уақытта оны біржола өзімнің үйіме көшіріп алғым келеді. Оған әкемнің көнгісі жоқ. Ұлдардан қайыр, келіндерінен мейірім күтеді. Қартайғанда адам мейірімге де зар болады екен ғой. Бізге бар жылуын, қамқорлығын көрсеткен жақынымызға қаталдық танытып отырғанымызға ұяламын. Кезінде бізді ешкімнен кем қылмай өсіріп еді.
Әкем кеңшарда жауапты қызметте істеді. Балалық шағымыз тоқырау жылдарында өтсе де, жұрт ішпегенді ішкізіп, жемегенді жегізіп, кимегенді кигізді. Ол кезде көпке арман болған “Волга” автокөлігіміз болатын. Сонымен қалаға барып, бізді қыдыртатын. Әлі есімде, көрші балалар отбасымызға қызыға да қызғана қарайтын. Енді сол қамқорлықтың қайтарымы қайда?
Үлкен жеңгем ауылдағы әкемнің атындағы үйді өздеріне аударуды талап етуде. “Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы” деген осы-ау. Менің асқар тауым аурумен арпалысып жатқанда, қиғылық шығарған жеңгемнің бұл әрекеті де көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдың сынағынан өткен қарашаңырақты қастерлеу, ата-ананы бағып-қағу сынды асыл дәстүрімізге сызат түскендей. Ата-ана 10 баланы бағып-қаға алады, бірақ сол балалардың біреуі ата-ананы баға алмайтыны өкінішті. Көпке топырақ шашпаймын. Десе де бүгінгі қоғамның осы көрінісі мені қатты ойландырады. Кіндігінен тараған үш ұлы болса да жетім қалған шалдың ендігі тағдыры не болмақ? Ата-анасын тірісінде қадірлемеген ұрпақтан не үміт, не қайыр?
Жібек ӘЛМЕНОВА.