М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті “География және экология” кафедрасының студенттері Өзбекстанның бірнеше қаласында болып, жазғы оқу-көшпелі тәжірибеден өтті. Білім алушылар бұл аймақтың табиғи ландшафтымен, экономикасымен, мәдени-тарихи мұрасымен танысуға және зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алды.
Тәжірибе барысында болашақ экологтар ауа райын бақылап, өнеркәсіптік аймақтарда ауадағы оттегі мен зиянды заттардың концентрациясын анықтады. Сондай-ақ су қоймаларындағы тіршілік нәрінің сапасын зерттеп, топырақ, өсімдік үлгілерін жинады.
Студенттер Өзбекстанның Ташкент, Самарқан,Бұқара қалаларында болып, Батыс Тянь-Шань тауының биік белдеулері мен жоталарын көрді.
Өзбекстанда жас зерттеушілерді Мирзо Ұлықбек атындағы ұлттық университет өкілдері қарсы алып, солтүстікқазақстандық оқытушылар көрші елдің жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнату жоспарын талқылады. Жиында алдағы уақытта бірлескен бағдарламаларды ашу тұрғысында әңгіме өрбіді.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың медиаорталығының бас редакторы.