«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІМ ШАЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тағатсыздана тосқан аптаның соңы да келіп жетті-ау. Жұмыс күндері өзімді қоярға жер таппаймын. Дел-сал күй дегбірімді қашырып, әбден титықтатты. Осындайда мұңыңды мұңдап, жоғыңды жоқтайтын, қуанғанда қасыңнан табылатын апа-сіңлі, тым болмаса жақын досым болғанда ғой деп армандаймын. Шүкір аға-інілерім бар. Бірақ менің шыбын жанымды жегідей жеген бұл емес…

“Бақытты өмір болмайды, бақытты сәттер болады” деген сөздің астарын енді ғана түсін­гендеймін. Ата-анамыздың орта­мызда аман-сау, ойнап-күліп жүргені қандай бақыт десеңізші. Көйлегіміз көк, тамағымыз тоқ қамсыз балалық шағымыз ең бақытты кезең екен. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыт­тырмай өсірген ата-анамның қадірін кеш түсіндім.

Жарықтық анамның жүзін то­пырақ жапқалы он жылдан асып кетті. Анамнан айрылған сәт­тен бастап бәрі өзгерді. Сүт­тей ұйыған отбасымнан береке кетті. Шаңырақтың шаттығы, берекесі мен сәні анам болған екен ғой.

Әке-шешемнің қолында үйдің тұңғышы Арман тұрды. Астана­да құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген 2000 жылдары Ләззат есімді арумен танысып, шаңырақ көтерген ол ата-анамның қолында тұрақтап қалды. Ал мен болсам мектепті тамамда­ған соң, Көкшетау қаласына бі­лім алуға аттандым. Кейін өз те­ңімді тауып, тұрмысқа шықтым. Қазір Тайынша ауданында тұра­мын. Менен кейін екі інім бар. Олар да ер жеткен соң өз жөнде­рімен кетті. Бірі – Айыртауда, енді бірі – Қызылжарда.

Шешем мәңгілік мекеніне аттанған соң, біздің де өміріміз түбегейлі өгергенін жоғарыда айттым. Бастапқыда анам алыс сапарда жүргендей сезімде болдық. Өзімді алдаусыратып, әне-міне келіп қалар деген жал­ған үмітпен жүріп, қарашаңы­раққа ат ізін салмай кеттім. Қатты күйзелісте болдым, оның үстіне балаларым жас.

Бірде үйге жол түсіп барға­ным­да әкемнің көмірдей қара шашына ақ түскенін, жүзі солғын тартқанын, көкірегі мұңға толы екенін байқадым. “Орта жолда атың өлмесін, орта жаста жарың өлмесін” деп қазақ текке айт­па­ған. Орта жаста зайыбынан ай­рылған әкеме еңсені тіктеу оңай болмады. Асыл жарын сағынып жүрген шығар деген оймен мен де ашып еш нәрсе сұрай алма­дым. Күні келінге қа­рап қалған соң, ол да қымсына­тын­дай.

Арада бірталай уақыт өткен­де әкемнің үйден кетіп қалғанын естідім. Келінінің жақтырмай­ты­ны өз алдына, ағамның дөрекі­леу мінезіне әкем шыдай алмаған сияқты. Үйден кетіп қалуы­ның басты себебі сол. Аудан орталығында кіші ұлдың қолын­да тұрды. Балаға масыл болмау ниетімен өзінің оң жамбасына келетін жұмысқа тұрып, немере­леріне қарайласты. Менің де кө­ңілім сәл тынышталғандай. Те­лефон арқылы сөйлесіп, күн са­йын қал-жағдайын біліп тұрдым. Кейде маған қонаққа келіп, біраз күн аунап-қунап кететін. Күйеу баладан, ел-жұрттан ұят болар деп қайта елге оралатын. Бірақ екінші келін де әкемді жақтыр­маған сияқты.

Кейін өзі сияқты жалғызбас­ты келіншекпен көңіл қосып, екі жарты бір бүтін болды. Өкінішке қарай біз ол келіншекті қабылдай алмадық. Тіпті әкеммен аралас­пай қойған сәттер де аз емес. Қазір ойласам, ақымақ болған екенбіз. Анамның аруағы үшін әкеме қолдау білдіріп, қиын кезде қасынан табылғанда қазір жағдай басқаша болар ма еді? Жүрегіне қаяу түсірмегенімізде бұл күйге душар болар ма едік? Осыны түсіну үшін әкемнің тө­сек­ке таңылуы керек пе еді?!

Жылдар бойы жүрекке түс­кен зіл батпан қасіретті көтеріп жүру оңай ма? Тауы шағылып, та­уаны қайтқан әкем ауру­ханадан бір-ақ шықты. Бейқайыр тірлік, берекесіз өмір сағын сын­дырды. Миына қан құйылып, өздігінен жүріп-тұра алмайтын халге жетті. Сөйлеген сөзі де түсініксіз. Жарты жылға жуық ауруханада болды. Дәрігерлер жақсы күтім, жанына тыныштық керек екенін айтып үйге шығар­ға­нымен, әкемді алақанына са­лып аялайтын адам табылмады. Оны ауылдағы аға-жеңгем алып кетті. Төсек тартып, қара тұяғы­нан хал кеткен кісінің күтімі қан­дай екені айтпаса да белгілі. Уа­қытында тамағын, дәрі-дәр­мегін беру, төсегін ауыстыру оңай шаруа емес. Сондықтан аға-жең­гем бірер аптадан кейін әкемді баға алмайтындарын айтып, ат тондарын ала қашты. Аудан орталығында тұратын інім мен келінім де бірер апта қарағандай болып еді. Олар бас тартты. Сенбі-жексенбі күндері жұмыстан қолым бо­саған сәтте әкеме құстай ұша­мын. Тамағын, дәрісін беріп, үсті-басын ретке келтіремін. Енді бұл тірліктен мән болмайтын сияқты, алдағы уақытта оны біржола өзімнің үйіме көшіріп алғым ке­леді. Оған әкемнің көнгісі жоқ. Ұл­дардан қайыр, келіндерінен ме­йі­рім күтеді. Қартайғанда адам мейірімге де зар болады екен ғой. Бізге бар жылуын, қамқорлығын көрсеткен жақыны­мызға қаталдық танытып отырғанымызға ұяламын. Кезін­де бізді ешкімнен кем қылмай өсіріп еді.

Әкем кеңшарда жауапты қыз­метте істеді. Балалық шағымыз тоқырау жылдарында өтсе де, жұрт ішпегенді ішкізіп, жемегенді жегізіп, кимегенді кигізді. Ол кезде көпке арман болған “Волга” автокөлігіміз болатын. Сонымен қалаға барып, бізді қыдыртатын. Әлі есімде, көрші балалар отба­сымызға қызыға да қызғана қа­райтын. Енді сол қамқорлықтың қайтарымы қайда?

Үлкен жеңгем ауылдағы әкем­­нің атындағы үйді өздеріне аударуды талап етуде. “Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы” деген осы-ау. Менің асқар тауым аурумен арпалысып жатқанда, қиғылық шығарған жеңгемнің бұл әрекеті де көңілге қаяу түсі­реді. Сан ғасырдың сынағынан өткен қарашаңырақты қастер­леу, ата-ананы бағып-қағу сынды асыл дәстүрімізге сызат түскен­дей. Ата-ана 10 баланы бағып-қаға алады, бірақ сол балалар­дың біреуі ата-ананы баға ал­май­тыны өкінішті. Көпке топырақ шашпаймын. Десе де бүгінгі қоғамның осы көрінісі мені қатты ойландырады. Кіндігінен тара­ған үш ұлы болса да жетім қалған шал­дың ендігі тағдыры не болмақ? Ата-анасын тірісінде қадірлемеген ұр­пақтан не үміт, не қайыр?

Жібек ӘЛМЕНОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp