Облыстық көпбейінді ауруханада жоғары қан қысымы бар сырқаттарға заманауи ота жасалды. Астана қаласының жоғары санатты дәрігері, эндоваскулярлық хирург Евгений Мун арнайы келіп, аурухананың басшылығы және хирургия бөлімшесі мамандарының қолдауымен көкбауыр артериясын эндоваскулярлық, ішінара эмболизациялау бойынша шеберлік сағатын өткізді.
Көкбауыр артериялық қан ағымын төмендету – көкбауыр артериясының ішінара эмболизациясынан тұратын порталдық гипертензияны түзету әдісі. Көкбауыр артериялық қан ағымын төмендету жамбас немесе артерияның пункциясы арқылы эндоваскулярлық әдіспен жүзеге асырылады. Арнайы өткізгіштің көмегімен спираль көкбауыр артериясына орнатылады, ол тамырдың ішін толығымен жауып тастамайды, бірақ артериялық қан ағымының көлемін азайтады. Ішінара эмболизацияны бауыр циррозы бар емделушілерге де қолдануға болады.
Қымбат тұратын жедел емдеудің бұл түрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында толығымен тегін жүргізілді. Облыстық аурухана мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта науқастардың жағдайы жақсы, хирургия бөлімі дәрігерлерінің бақылауына алынған.
“Біз мұндай шеберлік сағаттарын жиі өткізіп тұруға тырысамыз. Облыстық аурухана мамандарына тәжірибесі мол елордалық ақхалаттылардың үйретері көп. Шеберлік сағатына қатысатын дәрігерлердің қатарын молайтуға ерекше көңіл бөлінуде”, – дейді емдеу мекемесінің директоры Серік Амрин.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.