«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТҚАН ТАҢЫҢ ЖҮЗІМДІ АЙМАЛАРДАЙ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын ауданындағы академик Е.А.Бөкетов атындағы мектеп-гимназия түлегі Дильназ Құсайынова – өлеңді жанына серік еткен жастардың бірі. Бүгінге дейін ол түрлі байқауларда бақ сынап, шығармашылық сайыстарда аудан намысын қорғап жүр. Талапты жастың тырнақалды өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз.

Ерке Есіл

Бас ұрамын көркіне осы күннің,

Даласы шабыт дейтін бесігімнің.

Қызыл-қоңыр қырларға еркелеген,

Арсалаңдап толқыны Есілімнің.

Жағасында сыр шертіп табысады,

Қырында қайың ағаш қауышады.

Еркелеген көбіктері дес бермейді,

Толқыны толқынменен жарысады.

Шабыт десем, тереңге батырады,

Түбінде талай тарих жатыр әлі.

Құс әні, су сылдыры құлақ салшы,

Көңіліме тыныштық шақырады.

Күтеді бізді күндер жарқын алдан,

Мұнда келу ақынның салты болған.

Рахатын-ай, өлкемнің табиғаты,

Өзекті баурап, мені тартып алған!

Жаңасуым

Ауылым менің, алтын бесік, киелім,

Топырағыңа басымды мен иемін.

Күнің ыстық, бораның қатты болса да,

Сен деп қана мен асығып, күйемін.

Жаңасуым, жүрек саған байланды,

Әр тұрғынның жүзі жарқын, жайдарлы.

Жеті айналып жердің бетін өтсем де,

Жетпес сенің нәр суыңа қайнарлы.

Қыздарың бар, жүрек толқыр назынан,

Ұлдарың көп, берер өмір жазы мән.

Баталары әркез дайын қарттарың,

Ауылыңның сәні болған – қазынаң.

Жаңасуым, жаныма ыстық сездім мен,

Байтақ далаң, жасыл жайлау кездірген.

Жылқы шауып қырларыңнан уайымсыз,

Сенің желің еркіндікті сездірген.

Ауылым менің, бейбіт болсын аспаның,

Салиқалы батыр болсын жастарың.

Шаттық күндер қоржыныңда көп болып,

Дастарқанда майлы болғай астарың!

Қазақстан

Туған жерім, салады тал-қайың ән,

Өзен, бұлақ, айналдым шалғайынан.

Егістік пен алқаптарың гүл жайнаған,

Ойнап, күлген Алтайдың баурайынан.

Атқан таңың жүзімді аймалардай,

Толқындарың еріксіз байлағандай.

Жаным табар тыныштық орманыңда,

Құстарың да ән салып сайрағандай.

Әкем шапқан далаңда сыр сақталған,

Анам жүрген алқапта жыр сапталған.

Бала кезден жер анамен сырласқанмын,

Тікенің де аяғыма жұмсақ болған.

Әр азамат өз жерін сүйе білсін,

Тарихыма басымды иемін шын.

Ұлан байтақ жерлерің жайнай берсін,

Отаным, Қазақстан, киелісің!

Шал ақын

Шал дегенде өлең жазып, толғаймын,

Мен қалайша биіктерге қонбаймын.

Асыл бабам рухына сәлем беріп,

Нұр-жалынды сөздерімді жолдаймын.

Қан жосыған жорықтарда жанды үміт,

Солтүстіктен атты емес пе таң күліп.

Келер ақын сәби болып шыр етіп,

Қуантты ғой, үміт отын жандырып.

Сөзге шебер, өз дарынын шыңдады,

Ардақтайық дәл осындай тұлғаны.

Ақыл менен аңғалды ұзын жыр қып,

Жас пенен кәрілікті жырлады.

Бар қазақты өз жырына бөледі,

Әдебиетте тұрар жері төр еді.

Ағып жатыр бұл күні де тоқтамай,

Есілдейін Шал ақынның өлеңі.

Дильназ ҚҰСАЙЫНОВА,

академик Е.А.Бөкетов атындағы мектеп-гимназияның түлегі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp