Облыс әкімі Мағжан Жұмабаев ауданына жұмыс сапарымен барып, ең алдымен Полудино ауылында орналасқан өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығын жөндеу жұмыстарымен танысты. Бүгінде аталған мекемеде 50-ге жуық бала тәрбиеленуде.
Орталық директорының тәрбие жұмысы жөнінде орынбасары Татьяна Сергееваның сөзінше, 2018 жылы мұнда мұражай ашылған. Онда өткен тарихтан сыр шертер ақпараттар жинақталған. Өңір басшысы мекеме тәрбиеленушілерімен әңгімелесіп, балаларға сый-сияпатын тапсырды.
Содан соң облыс әкімі Полудино ауылында орналасқан “Полудинское” тауарлы-сүт фермасының құрылыс жұмысымен де танысты. Жобаның жалпы құны – 3 млрд. теңге. Бұл жерде симменталь және гольштино-фриз тұқымды 707 бас ірі қара өсіріледі.
– Біз 2 млрд. теңгеден астам қаражатты игердік. Жаңа ферманың құрылысы жалғасып жатыр. Алдағы уақытта бұл нысандардан бөлек тағы да екі кешеннің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда бізде 707 бас симменталь және гольштино-фриз тұқымды ірі қара мал бар. Барлығы Еуропа елдерінен жеткізілген, – дейді серіктестік басқарушысы Заур Гасаков.
Өңір басшысы атқарылып жатқан жұмысқа оң бағасын беріп, жаңа жұмыс орындары мен мал басын өсіруді тапсырды. Содан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов Қарақоға ауылында орналасқан дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Бұл дәрігерлік амбулатория Президенттің ауылдарда медициналық мекемелерді салу жобасының аясында тұрғызылған. Мұндағы жергілікті тұрғындар медициналық нысан жұмысына риза екендіктерін жеткізді.
Сапар барысында Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаров ауданның қысқы жылыту маусымына дайындығы жайлы баяндады. Жалпы ауданда 54 жылыту қазандығы жұмыс істейді. Оның 36-сы автономды, 17-сі жергілікті, ал біреуі орталық.
– Бүгінгі күні көмір қажеттілігі 39 мың тоннаны құрайды, оның 30 пайызы дайын. Денсаулық сақтау нысандары бойынша қажеттілік 10374 тонна, оның 35 пайызы әзірленген. Ауданымызда 3 көмір сақтау орны бар. Бүгінгі таңда онда 1703 мың тонна көмір әзірленген, – деді аудан әкімі Қайрат Омаров.
Содан соң облыс басшысы Қарақоға ауылындағы күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйіне бас сұқты. Бұл мәдениет кешенін келесі жылы республикалық “Рухани қазына” байқауына қатыстыру жоспарда бар. Нысанда күрес, үстел теннисі залы, ауылдық кітапхана және тағы да бірқатар мәдениет және спорт орталықтары жұмыс істеп тұр. Қарақоға ауылы талантты спортшыларымен танымал. Бұл жерде талай республикалық сайыстардың жеңімпаздары мен спортшылар тәрбиеленген. Күреске ерекше көңіл бөлінуде. Бұл спорт түріне ауыл жастары қызығушылықпен қатысады.
Облыс басшысы “Булаево Агро” серіктестігінің астық сақтау орнына барды. Бұл серіктестіктің ашылғанына 3 жыл болған. Қысқа уақыт ішінде серіктестік облыс бойынша жақсы көрсеткіштер көрсетуде.
Өңір басшысының жұмыс сапары “Ноғайбай” серіктестігінде жалғасты. Диқандар облыс әкіміне істеліп жатқан жұмыстар бойынша есеп берді.
– Былтырғы егін жинау науқанынан соң алқаптың барлығын тазаладық. 1 гектар жерге 120 келі аммофос тыңайтқышын енгіздік. Ал көктемнің басында сұйық тыңайтқыш септік. Биылғы жылы жақсы көрсеткіштерге жетеміз деп ойлаймын, – дейді “Ноғайбай” серіктестігінің директоры Алтынбек Сапаров.
Ғауез Торсанұлы аудандағы жолдарды жөндеу жұмыстарымен де танысты. Ауданға биыл жолдарды жөндеуге 6,5 млрд. теңге қаражат бөлінген. Чистое – Қарақоға жолының шекара аумағына дейінгі 13 шақырымы, Сулышоқ – Возвышенка бағытындағы 38 шақырым жол күрделі жөндеуден өтуде.
– Облыстық маңызы бар жолдар бойынша Қарақоға – Надежка, ауданішілік жолдар бойынша Ұзынкөл – Возвышенка және Лебяжье ауылына кірер жолдың 12,9 шақырымы жөнделуде. Бұдан бөлек Байтерек, Полтавка, Надежка, Возвышенка және Жастар ауылдарында ішкі жолдарды жөндеуге қаржы бөлінген. Бұл жұмыстарға 638 млн. теңге қаражат қарастырылған және Булаево қаласының 3 жолын жөндеуге 297 млн. теңге қаражат бөлінген, – деді Қайрат Омаров.
Жұмыс сапарының соңында Ғауез Нұрмұхамбетов Булаево қаласында орналасқан спорт кешенінің жұмысымен танысты. Бұл жерде облыстық және аудандық “Ақбидай” ойындары өтеді, жабық спорт залы мен хоккей корты орналасқан. Өңір басшысы спорттың дамуына көңіл бөлуді тапсырды.
Азат ҚҰРМАШ.