Қаржы мониторингі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті өткен жарты жылдықты қорытындылады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ведомство басшысы Бақытжан Абулхаиров облыста жер қойнауын заңсыз пайдаланғандардың анықталғанын айтты. 4 адамға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданған.
Айыпталушылардан жалпы сомасы 3,7 млрд. теңгенің мүлкі тәркіленді. Тергеу барысында олардың ауыл шаруашылығы жерлерін заңсыз кен өндіруге пайдаланғаны анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылады. Ал кен орнын игеру және жақсартуға жаңа инвесторлар тартылыпты.
“Ауыл шаруашылығы саласын талдау кезінде заң талаптарының бұзылғаны белгілі болды. Өңірде еш жерде тіркелмейтін заңсыз астық импорты бар. Кешенді талдау нәтижесінде облыстың орташа жылдық бидай экспортының көлемі 1,5 млн. тонна екені анықталды. Бір топ адам ресейлік астыққа жалған шот-фактуралар жазып, оған отандық мәртебе беріп келген. Қылмыстық іс әшкере болды. 1 іс бойынша үкім шығарылды, 2 қылмыстық іс сотқа жолданды. Импортталған 30 мың тоннадан астам ресейлік астыққа жалған шот-фактуралар жазылған. Нәтижесінде 1 млрд. теңгеден астам сомаға транзакциялардың күшін жою шаралары қабылданды”, – дейді Бақытжан Абулхаиров.
Департамент мамандары криптовалюта айырбастау пунктін заңсыз құрып, табыс тауып келгендердің ісін де әшкереледі. Ведомство басшысының айтуынша, цифрлық активтерді заңсыз криптовалюта айырбастау пункті арқылы айырбастаған бір топ адамға қатысты сот үкімі шыққан. Алайда әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталғандардан мемлекет кірісіне 392 млн. теңгенің мүлкі тәркіленді.
“Қаржы пирамидаларымен күрес аясында 110 жәбірленушіге 100 млн. теңгеден асатын шығын әкелген Qnet құрылымдық бөлімшесіне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Жалпы қылмыстық істер бойынша 4 млрд. теңгеден астам сома залал өтелді, оның 210 млн. теңгеден астамы ақшалай қайтарылды”, – дейді Бақытжан Абулхаиров.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта AFM-Insaider аналитикалық жүйесі енгізілген, бұл IT құралдарын пайдалана отырып, азаматтармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, осы мақсатта Telegram-ботта жұмыс істейді.
“Кибернадзор жүйесі арқылы қаржы пирамидаларының қызметін насихаттап, азаматтарды заңсыз контентке шақырған 115 сілтеме бұғатталды. Құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бағытында да осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жасанды интеллектінің көмегімен интернетте заңсыз ойын туралы 414 сілтеме және 625 онлайн казино жарнамасы бұғатталды”, – дейді департамент басшысы.
Бұдан бөлек, инфрақұрылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтау мақсатында департамент ұлттық жобаларды іске асыруға талдау жүргізді, оған облыс бойынша 27 млрд. теңге бөлінген. Нәтижесінде 1,3 млрд. теңге негізсіз шығын деп есептелген.
“Өңірдегі білім беру мекемелерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін жоғары бағамен сатып алу фактілері анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде сатып алу құны орташа республикалық көрсеткішке дейін төмендеді. 454 мектептің шығыны азайды, 458 мектепке дейінгі мекемеде 17 мың ата-ананың ақшасы үнемделді. Нәтижесінде ұн, күріш, сарымай, өсімдік майы, тұз, қарақұмық, айран, тауық жұмыртқасының орташа нарықтық бағасы 17 пайыздан 30 пайызға төмендетілді”, – дейді Бақытжан Абулхаиров.
Департаменттің бастамасымен белгіленген тауарлық үстемеден жоғары баға қойған 15 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.