“Jas kenes siylygy” республикалық байқауына өңірімізден 5 азамат қатысады. Олар – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамының қызметкерлері.
Республикалық байқау биыл Президент жанындағы жастар кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған болатын. Оның мақсаты – жас жұмысшы мамандарды ынталандыру және олардың қызметін өзгелерге үлгі ретінде көрсету.
Республикалық марапат 7 аталым бойынша беріледі. Байқау барысында денсаулық сақтау, құқық қорғау, білім беру салаларында қызмет етіп жүргендер мен еріктілердің еңбегі де бағаланбақ.
“Өнеркәсіп” аталымында бақ сынауға Петропавл ауыр машина жасау зауыты 5 қызметкерін жіберді. Бұл номинацияда басты жүлде – 1 млн. теңге. “Зауыт байқауға 5 жыл еңбек өтілі бар Әлібек Уатаевты ұсынды. Өткен жылы ол “Еңбек жолы” байқауында үшінші жүлделі орынды иеленді. Сондай-ақ шебер Антон Полуян мен электр-монтаждаушы Иван Демин де бақ сынамақ. Николай Лиханасов пен Данил Замяткин биыл ғана жұмысқа қабылданды. Жас мамандар үшін бұл алғашқы кәсіби байқау болып табылады”, – делінген “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның баспасөз қызметі берген мәліметте.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.