Тайынша ауданы Чкалов ауылдық округінің әкімі көлік тізгініне мас күйде отырғаны үшін жұмыстан шығарылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, оқиға биыл 27 қаңтарда сағат түнгі 22:30 шамасында Көкшетау қаласында болған.
Тәртіп сақшылары аулалардың бірінде “Лада 21713” көлігін тоқтатады. Рөлде Тайынша ауданы Чкалов ауылдық округінің әкімі Сәкен Сәдуақасов болған. Медициналық куәландыру оның ішімдік ішкенін көрсетті. Заңға сәйкес мемлекеттік қызметші 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Әдеп кодексін өрескел бұзған Сәкен Сәдуақасовтың ісі әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Әкім өз кінәсін мойындады.
“Тайынша ауданының әкіміне Чкалов ауылдық округінің әкімі С.Т.Сәдуақасовқа заңды күшіне енген сот актісімен дәлелденген Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтамағаны үшін жұмысынан босату түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынамыз. Ол жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды бұзып, қоғамға жат мінез-құлыққа жол берді, жұмыстан тыс уақытта мас күйде автокөлікті басқарып, жол қозғалысының қатысушыларына қауіп төндірді”, – дейді департаменттің бас маманы Абзал Оразымбетов.
Бұл биылдыққа рөлге мас күйде отырып, жұмысынан айырылған екінші ауылдық округ әкімі. Жалпы облыста әдеп жөніндегі кеңесте жыл басынан бері онға жуық тәртіптік іс қаралды. Мемлекеттік қызметшілердің бесеуіне тәртіптік жаза қолдану және төртеуін жұмыстан босату ұсынылды, біреуіне қызметіне сәйкес емес деген шешім шығарылды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.