Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласында реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады.
Әдеп жөніндегі кеңестің қызметі – қызметтік тәртіпті нығайтуға, мемлекеттік қызметшілердің әдептілігін арттыруға бағытталған маңызды тетік.
Департаменттің міндеті құқық бұзушылықтардың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыру және тәртіптік теріс қылықтарды қарау болып табылады.
Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының жұмысы жоспарлы міндеттерді орындауда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызмет, азаматтардың өмірін жақсартуда туындайтын өткір жағдайларға жедел ден қоюда да жатыр.
Қоғам үшін аса маңызды құрылыс, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына тоқталғым келеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қатынастар заңнамалық тұрғыдан жүйелі жетілдірілгенімен, жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік мекеме басшылары мен мамандарының тәртіп бұзушылықтары әлі де тыйылар емес.
Азаматтардың прокуратура органдарына жазған өтініштерінің ішінде ТКШ саласындағы заңнаманы бұзу мәселелері алдыңғы орында тұр. Олар өз кезегінде тиісті тексерулер жүргізіп, тәртіптік жауапкершілікті қарау туралы белгісі бар құқық бұзушылықтарды жою үшін мемлекеттік мекемелерге ұсыныстар жібереді.
Мұнда қызметтік тәртіп “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы” Заңның (бұдан әрі – Заң) 7-тарауының 43-бабына сәйкес реттеледі. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін еліміздің заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық, тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауаптылықта болады. Жоғарыда аталған заңның 44-бабына сәйкес мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы – мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы, кінәлі орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты мемлекеттік қызметте болуына байланысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді сақтамауы.
Прокуратура органдарынан келіп түскен материалдардың, атап айтқанда 2024 жылдың 1 жарты жылдығында азаматтардың жекелеген шағымдарының қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесте 8 тәртіптік іс қаралды. Оның үшеуі құрылыс және сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларының басшыларына қатысты болды.
Негізінен теріс қылықтар мемлекеттік сатып алу кезінде орын алады. Онда басшылар орындалған жұмыстар актілеріне, сумен жабдықтау желілерін салу және жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту кезінде сатып алу-сату шарттарына қол қою кезінде қателіктер жібереді.
Қызметшілердің барлық теріс қылықтары енгізілген шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде заңды тұлғаларға заңсыз артықшылық беру түрінде көрініс тапты. Осы ретте оларды атқарып отырған лауазымынан босату, беделін түсірген теріс қылықтары үшін толық емес қызметтік сәйкестігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы ұсынымдар жасалады.
Көптеген басшылар бюджет қаражатын игеруге ұмтылып, әр жылдың соңында келісім-шарттық міндеттемелерді тезірек жабуға тырысады. Сонымен қатар бағыныштыларына қызметтік және орындаушылық тәртіп шараларын қолданбай, өрескел тәртіптік теріс қылықтар жасайды.
Құқық қорғау органдарының материалдары бойынша 3 тәртіптік іс қозғалды, олар мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеттерінде беделін түсіретін теріс қылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Жоғарыда айтылғандар – Әдеп жөніндегі кеңес айыптаушы емес, сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын белсенді қорғайтынының да дәлелі.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері құрылыс, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы аумақтық және жергілікті атқарушы органдарды жауапкершілікке тартудан басқа, басшылардың тәртіптік теріс қылықтарға жол бермеуі және олардың тиісті кодекстің нормаларын сақтауы жөнінде нақты ұсыныстар береді.
Осындай құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында департамент Қазақстан Республикасының заңнамасын түсіндіру бойынша теориялық сабақтар өткізе отырып, тиісті шаралар қабылдайды.
Абзал ОРАЗЫМБЕТОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы.