«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ НЕГЕ ТАПШЫ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткізген алғашқы жылдары экономика тоқырап, өндіріс тұралап қалған уақытта қазақ тілі де өлместің күйін кешкені анық. Қазағынан орысы көп Қызылжар өңірінде жағдай тіпті күрделі. Жалғыз облыстық қазақ интернатынан басқа мемлекеттік тілде білім беретін мектеп болмаған. Тәуелсіздік жылдары ана тіліміздің мәртебесін көтеру, тілдік орта қалыптастыру басталды. Руханият жанашырларының арқасында ұрпағымыздың өз ана тілінде сөйлеп, білім алуы үшін алдымен қазақ сыныптары, кейін мектептер ашыла бастады. Өкінішке қарай арада отыз жылдан астам уақыт өтсе де елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Қызылжарда әлі күнге қазақ мектептері тапшы.

Өткен кезеңді еске түсірсек, Қы­­зылжарда бір кездері орыс мек­тептерінен қазақ сыныпта­рын ашу­дың өзі мұң болды емес пе? Тәуелсіздіктің елең-алаң тұ­сын­да №3, 9 орыс мектептері жа­ны­нан қазақ сыныптарын ашуға тіл жанашырлары күш салғаны белгілі. “Қазақ тілі” қоғамы бел­сен­ділерінің көмегімен 1996 жы­лы Қызылжарда алғаш рет екі қа­зақ мектебі ашылды. Оның бірі – Са­фуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназия, екіншісі – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп.

– Ел егемендік алған соң ха­лықтың ұлттық сана-сезімі ояна бастады. Соның негізінде қазақ мектептерін ашуға қажеттілік ту­ды. Қалалық классикалық гимна­зияның құрылысы үлкен қиын­дық­тармен басталды. Қаланың ортасынан жер алу да оңай бол­мады. Қаржы тапшылығына бай­ланысты құрылыс жұмыстары тоқтап қалған кездер де болды. Әйтеуір әупірімдеп аштық. Мате­риалдық-техникалық база жа­сақ­талмаған, қазақ тілді оқулық­тар тапшы, ұстаздар да жетіспе­ді. Оның үстіне үй-үйді аралап, ата-аналарды балаларын қазақ сыныптарына беруге үгіттедік, – деп бір кездері көрген қиындық­тарды еске түсірген қалалық ар­дагерлер кеңесінің төрағасы Жан­гелді Тәжин орыс тілінде оқи­тын қаракөздерді қазақ мектебі­не ауыстырып, арнайы әдістеме әзірлегендерін тілге тиек етті.

Әр жылдары облыс орталы­ғын­да Ж.Тәшенев атындағы №20 жалпы білім беретін орта мектеп, әл-Фараби мектеп-ли­цейі, Абай атындағы маманданды­рылған қазақ мектеп-гимназиясы, Әлихан Бөкейхан атын­да­ғы №25 жалпы білім беретін орта мектеп қазақ балаларына есі­гін айқара ашты. Жалпы, Қы­зылжарда 40 мектеп бар. Оның тек 8-і ғана қазақ тілінде білім бе­реді. 9 аралас, орыс тілінде оқыта­тын 23 білім ордасы бар. Облыс­тық білім басқармасының мәлі­меті бойынша, өткен оқу жылын­да Петропавл қаласында “БЭСТ” гимназиясы, Бірінші гим­назия, Бірінші қалалық ІТ-лицей сынды орыс тілді үш иннова­циялық мектепте қазақ тілінде оқытатын 1 сыныптар ашылды. Алайда мә­селе мұнымен шеші­ле қоймасы анық. Елдің тұтқасы біліммен қаруланған ұрпақтың қолында екенін ескерсек, жет­кіншектері­мізге тиісті жағдай жа­сауға мін­дет­тіміз. Облыстық бі­лім басқар­масының мамандары Петропавл қаласында мемле­кет­тік тілде оқытатын білім беру ұйымда­рын­да орын тапшылығы бар екенін айтып қалды.

– Бүгінгі таңда облыс орталы­ғында қазақ тілінде оқытатын мек­тептерде 400-ге жуық, орыс тілінде оқытатын ұйымдарда 2 мыңнан астам орын жетіспейді. Шаһардағы мектептерде орын тап­шылығын қысқарту мақса­тын­да 2026 жылға дейін “Жайлы мек­теп” Ұлттық жобасы шеңбе­рін­де 2700 орынға арналған төрт жаңа мектеп салынады. Қазір соның екеуінің құрылысы жүріп жатса, қалғанын келесі жылы са­лу жоспарлануда, – деді облыс­тық білім басқармасының баспа­сөз хатшысы Әсел Оразбаева. Айтуынша, оқыту тілі ара­лас бол­мақ. Тайынша ауданының Дра­гомировка ауылындағы апаттық мектептің орнына жаңа білім ордасы бой көтеруде. Алайда онда да балалар орыс тілінде білім алады. “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасы шеңберінде биыл Орман шағынауданында ашылатын 600 орындық мектеп­те Сол­неч­ный, Бірлік шағынау­дандарында тұратын оқушылар оқиды. Оның да оқыту тілі ара­лас болады деген сыбыс бар.

Облыстық статистика депар­та­ментінің мәліметі бойынша 222 мыңнан астам тұрғыны бар Петропавлда 74 мыңнан астам қазақ тұрады. Бүгінде оқу ғима­раты 320 орынға шақталған қа­ла­лық классикалық гимназияда 500 бала екі ауысымда білім ала­ды. Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте де мыңнан астам бала бар. Қаладағы қазақ тілінде білім беретін өзге мектептерде де оқушылар саны шамадан тыс. Сондықтан қызылжарлық кейбір қаракөздер орын тапшылығына байланысты орыс мектептерінде білім алуға мәжбүр.

– Қазір қаладағы қазақ мек­теп­терінде орын жетіспейді. Ба­лаларға саналы тәрбие, сапалы білім беруде қазақ мектептерін көптеп ашу керек. Бұл – күн тәрті­бінен түспейтін мәселе. Жаңа­дан салынып жатқан мектептер­де балалар қазақ тілінде білім алса құба-құп. Ол үшін ата-аналар баласын қазақша оқытуға мүдделі болуы қажет. Ұсыныс қажеттіліктен туындайды. Әрбір қазақтың бойында ұлттық намыс атойлап тұрса ғой, – деді Жан­гелді Уақпанұлы.

Өкінішке қарай ұлттық мектеп тапшылығы облыс орталы­ғын­да ғана емес, өңірдің бірқа­тар аудандарында да бар. Егер об­лыста 458 мектеп болса, со­ның 109-ы ғана балаларға қазақ тілін­де білім береді. Қалғаны – ара­лас және орыс мектебі. 2023-2024 оқу жылында Ғабит Мүсіре­пов атын­дағы, Ақжар, Тайынша, Есіл, Қызылжар аудандарында орыс тілінде оқытатын 9 мектеп­те қа­зақ тілінде 1-ші және мек­тепалды даярлық сыныптары ашылды.

Биыл шамамен 7 мың­нан астам оқушы мектеп та­балды­рығын алғаш аттамақ. Бү­гінде ата-аналардан 5 мыңнан ас­там өтініш түскен. Соның тек 30 пайызы ғана баласын қазақ сы­ныбына беруге мүдделі. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Кезінде көрнекті жазушы, Алаш қайрат­кері Жүсіпбек Аймауытов жаз­ған­дай жерін, елін сүйген әрбір аза­маттың ана тіліне деген мақта­ныш сезімі бо­луы керек. Бала өмірге келген­нен бастап, өз ана тілінде сөй­леп, ана тілінде білім алып, жал­пы ұлт­тық тәрбие алуы кере­к. Оның пікі­рі бойынша, өз ана ті­лінде сөйлеу оған деген көзқарас ең зор адам­шылық, мәдениетті­лік, тәрбие­лілік өл­шемі болып табылады. Сондық­тан біз осы қағиданы ұс­тансақ, ұр­пағымызға ұлттық тіл­де білім бе­руді мақсат етуіміз қа­жет. Алайда әлі де құлдық сана­дан арылма­ған кей­бір ата-ана­лар ұл-қызының өзге тілде білім алғанын жөн санай­тын сияқты. Орын тапшы­лығы өз алдына, тілдік кедергі­лерді сыл­тау еткен­дер­дің сиқы – осындай. Бұл – ана тілге немқұ­райлы­лық­тың көрінісі.

Өңірде қазақ мектебіне бара­тын балалардың санын арттыру мақсатында ата-аналармен мем­ле­кеттік тілді насихаттауға ба­ғыт­талған іс-шаралар өткізілеті­нін айту қажет. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының мүшеле­рі аудандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Атал­мыш ұйымның төрағасы Жанат Мұхамеджановтың айтуынша, Қызылжар ауданында бір қазақ, он екі аралас, жиырма жеті орыс мектебі бар. Яғни кейбір ауыл­дар­да қазақтардың ана тілінде білім алуына мүмкіндігі жоқ.

– Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда да дәл осындай көрініс. Ол жерде 4 қазақ мектебі, 8 ара­лас, 27 орыс мектебі бар. Сон­дықтан кейбір аудандарда ата-аналар балаларын қазақ тілінде оқыта алмай отыр. Тағы бір мә­селе, қазір қаладағы қай мектепке барсаң да үзілісте балалар өзара орысша сөйлеседі. Бұл орайда біз қазақ және орыс сыныптарында қазақ тілі сабағын топқа бөліп оқыту туралы баста­ма көтердік. Өйткені 45 минутта 25 балаға көңіл бөлу мүмкін емес, – дей келе Жанат Мұха­мед­жанов өңірде тіл мәселесін тиісті деңгейде қадағалайтын, на­сихаттайтын мемлекеттік құзыр­лы органның жоғын алға тартты.

Өзге этнос өкілдері басым біз­дің өңірде орыс тіліне сұраныс жоғары екені айтпаса да белгілі. Балалардың дені орысша сөй­лей­ді. Көп тіл білу – заман тала­бы. Өзге тілді үйренуге ешқан­дай қарсылығымыз жоқ, әйтсе де жас құрақтай өсіп келе жатқан жеткіншектеріміз алдымен өзінің ана тілін біліп, сол тілде сөйлеуі керек. Бұл орайда “Кейбір ұл-қыз­дарымыздың ана тілімізді білмеуі, не шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ең алдымен ата-ана кінәлі”, – деп айтқан ба­тыр Бауыржан Момышұлының сөзі еске оралады.

– Отбасымызбен үйде қазақ­ша сөйлессек те, ұлымның тілі орысша шықты. Тілдің қалыпта­суы­на ортаның ықпалы зор. Бі­рақ намысқа тырысып, ұлымды қазақ мектебіне оқуға бердім. Өйткені басында балам біраз қиналды. Бірінші сыныптың со­ңында ұлым қазақша өз ойын ер­кін жеткізе алатын болды. Шын мәнінде бұл – қуанатын емес, ұя­латын жағдай. Дегенмен ұлым­ның өз ана тілінде білім алып жатқанына ризамын, – деді қала тұрғыны Әлия Құрманқызы.

Шіркін-ай, ұл-қызының бола­шағына алаңдап, намысқа тыры­сатын осындай ата-аналар көп болғанда ғой. Сонда қаракөзде­ріміз мектептен тарықпай, тіліміз де өгейдің күйін кешпес еді.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp