Есіл ауданының орталығы Явленка селосына барған жолаушы табаны тиген жердің бұрын Мұсаның қонысы деп аталғанын білуге тиіс. Жылғараның үлкен ұлы Мұса – ата мұрасын сақтап, бар байлықты да, билікті де иемденген адам. Әкесі барында да, ол фәни дүниеден өткеннен кейін де Мұсаның аты шығып, дәрежесі көтеріліп, ел арасына кең тарады, патша ұлықтары да онымен санасып, айтқанын орындап отырды.
XIX ғасырдың елуінші жылдарында ағаштан жаңа үлгідегі үй салу салтқа айналған. Әрине, табиғаты қатаң, сықырлаған 30-40 градусқа жететін аязды өңірімізде жылы үйде тұру кімге болсын қажет-ақ. Ағаш үй салу бұдан бұрын да болған, бірақ талдан тоқып, не сырғауылдан құрып, екі қабаттап, арасын көң-балшықпен толтырады, сыртын сары балшықпен сылайды, сосын ақтайтұғын. Бұндай үйдің төбесін шыммен жабады. Жаңа үлгі деп отырғанымыз – ағаш бөренеден үйді қиып салу және төбесін қаңылтырлап жабу, орамын жасау. Бірақ оған ауқатты адамдардың ғана қолы жеткен.
Мұса да әкесі өлгеннен кейін жаңа үлгідегі ағаш үй салуды ойластырады. Мұса 1850 жылы шекара басқармасынан үй салу жөнінде рұқсат сұрап, хат жазады. Барлық билік патшаға көшкендіктен ағаш кесу, үй салу солардың рұқсатымен орындалатын болған. Есептей келіп Мұсаның әкесінің қарашаңырағының орнына жеті үй салмақ ойы болады. Өлкетанушы Ғалым Қадірәліұлының 2004 жылы жарық көрген “Жылғара Байтоқин” кітабындағы мәліметтерге сүйенсек, Мұсаның қонысы – Жылғараның жайлаған жері: Үлкенкөл, Қарағайшілік, Тереңсай, Сарыкөл, Сарықамыс атты мекендер. Осылардың барлығы аталып, қағаз бетіне түскеннен кейін шекара басқармасына хабарланған. Осы құжаттарға қол қойған аға сұлтан қызметін атқарушы Сұбыхан Тоқтамысов деген адам екен.
“Поручик Мұса Жылғариннің жазған хатына Көкшетау дуанының шаруашылық бөлімі оған үй құрылысын жүргізу жөнінде бірнеше бұйрықтар мен нұсқаулар жіберіп, ақыры рұқсатын берген. Мәселен Есіл өзенінің жағасын қуалай салынатын құрылысқа арналған жердің аумағы – ұзындығы шамамен 120 шақырым, ені Есілден екі қанатын қоса есептегенде 40 шақырымдай. Табиғаты тамаша, ерке Есілдің жағасы, түгін тартса, майы шығатын шұрайлы, шүйгін жерге ағаш үй салса, бұл өңірдің одан сайын көркейетіндігі сөзсіз”, – деп деректерді нақтылай түседі.
Архив деректеріне қарағанда аталып отырған кұрылыс жұмысы екі жылдың ішінде тиянақты аяқталады. Жылғара тұқымдарына жеті үй, монша, мал қоралары салынған. Ел Есілдің ықтасын қойнауына малға да, адамға да жайлы жеріне – алқаларға жайғасады. Мал қоралары мен оның орамдары Есіл тоғайының тегін талдарынан тоқылып, әжептәуір құрылыс материалдары үнемделеді.
Бұдан бұрын бұл төңіректе осындай қарағай бөренелерінен жасалған үйлер болды ма, жоқ па? Ол жөнінде дерек аз. Атығай-Қарауыл жерінде жаңа үлгідегі ағаш үй салу Жылғара тұқымдарынан басталды десек мүмкін қателеспеспіз. Дәлірек айтсақ ағаш үй салу Құдайберді руынан шыққан Жылғара баласы Мұсадан басталады. Мұсаның ағаш үйлерді салуына еліктеп Ораз-Бәйімбет болысының қуатты 25 отбасы 1853 жылдан бастап Батыс Сібір қырғыздарының (қазақтарының) шекара басқармасына ағаш үй салу жөнінде рұқсат сұрап арыз жаза бастайды. Оған қоса олар егін егу – диқаншылықпен айналысу мақсат-ойларын да қоса жазады. Ново-Никольск әскери станицасының (бекет) қарамағындағы бос жатқан жерлерді пайдалануға болатындығын ұсынады. Жылғараұлы Мұсаның соңғы қоныстанған жері бүгінгі Есіл ауданы, Явленка ауылының маңайы болған.
ХІХ ғасырдың аяғында Ресей жерінен көшпенділер-крестьяндар келе бастағаны белгілі. 1879 жылы Жылғара тұқымдарының тұрағына орыс көшпенділері келіп, осы жерді жалға алған екен. Бұл қоныс Мұсаның жері болғандықтан орыстар “Мусино имение” деп атап кеткен. Орыстар бұл жерді жыртып, егін егіп қоныстанады, үйлер салады. Соңында бүгінгі Явленка селосы пайда болады. Сол кездері орыс крестьяндары жерді жалға емес, бас еркімен иемдену үшін Ресей императорына хат жазады. Ақырында Ақмола губернаторы бұл жерді Жылғариндердің қарамағынан алып, көшіп келген орыстарға пайдалануға бергіздіреді және бұл елді мекенді “Явленный” деп атауды ұсынады. “Явленный” деген сөз “жаңа келгендер” мағынасын білдіреді. Сол кезде Явленный болысы құрылған. Бірақ қазақтар Явленка демей “Мүсін” деп атап келген.
“Есіл өзенінің бойында, орманды биік жарқабағында Жылғараның Мұсасына ежелден қыстау болып келген жайлы жердегі елді Көкшетау дуанының аға сұлтаны Шыңғыс жәмшік жолының үсті, бекет саламыз деп сылтау тауып батыс жаққа қарай көшірген. Одан соң осы жерге көшпенді орыстарды қоныстандырған. Қазақтар бұл жерді көпке (бертінге) дейін Мүсін деп атап келген, ал орыстар Мусин деп кеткен, ал мағынасы Мұсаның қаласы дегенді білдіреді”, – деп атақты жазушымыз Сәбит Мұқанов өз шығармаларында Мұсаның тұрағы – Явленка селосы жайында өз естігенін жазып кеткен.
1884-1885 жылдары Мұсаның қонысына Ресейден көшіп келген крестьяндарға жер бөліп беру науқаны жүргізілген еді. Батыс Сібірдегі мемлекет мүлкін басқару басқармасы Батыс Сібір дала генерал-губернаторына және Петропавл уезінің басшыларына жер бөлу мәселесі жөнінде түсініктеме мен ұсыныс хаттарын жібереді. Алдымен Мұса қонысының жобасы түсіріледі, әр адамға 18 десятина (шамамен 18 гектар) жер бөлінеді. “Орыс-казактарына (станицадағы) 3 гектар ағашты жер қоса-артық беріледі, крестьян шіркеуіне – 99 га, қалған жерді жергілікті халыққа бөлініп берілсін, бұрынғы жоба бойынша”, – делінген хатта.
Мұса қонысын есептеп, планын түсіре келе 11810 гектар құнарлы жер, 12427 гектар құнарсыз (қолайсыз) жер деп танылады, 343 гектар жер крестьяндардың ағашты алқабы деп бөлек санайды. Сайып келгенде осы аумаққа 656 крестьян көшіп келіп орналасқан, сөйтіп, олар 11808 га жерді иемденген екен.
Батыс Сібір генерал-губернаторы (Омбы қаласы) Ақмола губернаторына (11.02.86) мән-жайды түсіндіріп хат жазыпты. Крестьяндарға Мұса қонысынан жер бөліп беру жөніндегі қағаздарды, тағы басқа құжаттарды бекіткендігін хабарлайды.
Деректерді алға тартып отырғанымның себебіне көшейін. Есіл ауданының орталығы Мұсаның қонысы болғанын еске түсіріп, ауылға бұрынғы атауын қайтару мәселесін көтергім келеді. Қазір қимылдамасақ, ертең кеш қаламыз. Себебі, Мүсінге бара жатқанын айтатындардың қатары сиреп, көненің көзін көргендер қалмай барады. “Мұсаның қонысы” деп атай алмасақ та, Мұсаның атын бергеніміз жөн болар.
Оразкей ШАРАПИДЕНОВ,
зейнеткер.