“Мектепке жол” қайырымдылық акциясы жыл бойғы форматқа көшірілгенімен, акцияның негізгі бағыты балаларды жаңа оқу жылына дайындау болып қала береді. Биыл бұл әлеуметтік акция “Жақсылық жаса” ұранымен өткізіледі.
Акция аз қамтылған, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған.
Өңірімізде игі шараға үлес қосатын кәсіпкерлер аз емес. Олардың ішінде “Мәмбетов және К”, “Петропавл арақ зауыты”, “АЗКО”, “Буденное СК”, “Раисовское”, “Астық Привольный”, “Западное СК”, “ES GLOBAL AGRO”, “Адани Агро”, “Содружество, “Эдил”, “Азия-Тарангул”, “Визигина”, “Кантемир-Агро”, “Заградовское”, “Прометей-Агро”, “Бромот С.В.” және тағы басқа серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлерді атап өтуге болады.
Өткен жылы акция аясында 15236 балаға көмек көрсетілді. Көрсетілген көмектің жалпы сомасы 404 млн. 843 мың теңгені құрады.
Биыл білім бөлімдері көмекке мұқтаж балалардың тізімін жасады. Акцияның қайырымдылық шарасы екенін ескере отырып, көмек көрсету бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта аз қамтылған отбасылардан шыққан 10879 балаға Үкімет қаулысы негізінде оқу жылына дайындық кезеңінде ата-аналар растайтын құжаттар ұсынған жағдайда киім, аяқ киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алу үшін 43407 теңге мөлшерінде төлемдерді жүзеге асыру жоспарланған. Осы жылдан бастап мемлекеттік білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсету мемлекеттік қызмет болып саналады.
Мектептерде сабақ басталғанға дейін бір жарым айдың шамасында уақыт қалды. Осыған байланысты білім басқармасы барлық қайырымды жандарды осы игі іске қатысуға шақырады. Қайырымдылық көмек игі іске жұмсалып, қиын жағдайға тап болған балаларға оқу жылына дайындалуға көмектеседі.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.