Қазақ аналарынан құралған “Дәстүрге жол” ұйымының мүшелері Әлихан Бөкейхан атындағы №25 орта мектепте жазғы лагерьдегі балалар үшін ұлттық тағам түрлерінен үстел жайды. Берекелі үстелде аналар оқушыларға ұлттық тағамдардың құндылығы жайында әңгімелеп берді.
“Қызылжар. Қазақ аналары – дәстүрге жол” қоғамдық бірлестігінің мүшесі Сара Мейрамованың сөзінше, сарымай әзірлеудің де сыры бар. Оны таза қаймақтан қолмен былғайды. Бұның өзі – тұнған еңбек.
Оқушылар ұлттық тағамдардың қалай дайындалатынынан, ауыл өмірінен хабардар болды. Солардың бірі – Бектұр Рамазанов. Ол – алты жыл бойы Майбалық ауылында тұрып, анасының майды қалай даярлайтынын көріп өскен бала. Анасының қонақ келгенде дастарқанға құрт, ірімшік секілді сүттен жасалатын тағамдарды қоятынын айтты.
Жалпы “Ұлттық тағам” күні мектепшілік “Этноауыл” жазғы лагерінің жұмыс жоспары аясында өтіп жатыр. Оған 20-ға жуық бала қатысуда.
– Осындай іс-шараларды ұйымдастыру арқылы біздің мақсатымыз – ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізді келешек ұрпаққа түсіндіру және ұрпақтан-ұрпаққа мирас ретінде қалдыру, – дейді “Қызылжар. Қазақ аналары – дәстүрге жол” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алма Махаметова.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.