Әскер қатарында қызмет ету – әр азаматтың парызы болса да, өкінішке қарай бүгінде Отан алдындағы борышын өтеуден қашатын азаматтардың қатары жиілеп кетті. Батыр бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап қалған даламызға қалқан болудан жастарымыз неге қашады? Әскерде сарбаздарға жағдай жасалған ба? Олардың әскерден бас тартпауы үшін қандай әлеуметтік қолдаулар бар? Осы сұрақтарды тиісті мамандарға қойып, жауабын іздеген едік.
ӘСКЕРГЕ БАРУ — АБЫРОЙ
Өз елінің патриоты болу, әскерге барып, еліне қызмет ету – Қазақстан Республикасының 18 -27 жас аралығындағы жастарының міндеті. Қорғаныс істері жөніндегі облыстық департамент бастығының орынбасары, әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыстар басқармасының бастығы, подполковник Марат Каримовтың сөзінше, биылғы әскерге шақыру науқаны кезінде облыс бойынша 480-ге жуық жас жігіт әскерге алынады. Осы кезеңде облыс аумағындағы және қаладағы 14 шақыру және медициналық комиссиясының құрамындағы психологтар шақыртылған әр азаматпен жеке сұхбаттасып, әңгімелеседі. Сол секілді комиссия құрамындағы өзге медицина қызметкерлері де шақырылған азаматтардың денсаулығының жарамдылығын тексереді. Әскер – жауапты қызмет болғандықтан, дәрігерлердің қорытындысы маңызды.
Алайда әскерге шақырту іс-шарасы барысында тіркелген мекенжайынан басқа қалаға немесе басқа елге көшіп кететін азаматтар қарасы да көбейген. Бұл кезде әскери комиссариат құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесіп, олардың тұрғылықты жерін анықтап, шақырту жібереді.
– Осы ретте әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналарына мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделгенін түсіндіргім келеді, – дейді Марат Каримов.
Қорғаныс министрлігінің әскерге шақыртылушылардың денсаулық критерийлері жөніндегі бұйрығында әскерге шақырылғандар мерзімдік қызметке шектеусіз жарамсыз және шектеулі жарамды болуы мүмкін екені жазылған. Егер медициналық тексеріс комиссиясының қорытындысымен мерзімдік қызметке шақыртылған азаматтың денсаулығы шектеулі жарамды деп танылса, ол әскердің күнделікті өміріне, оқуына, қызметіне қажетті заттармен және материалдық жабдықтармен қамтамасыз ететін тыл қызметіне бөлінеді.
Дегенмен соңғы жылдары елімізде бейбіт күнде әскерде қаза тапқандар мен мертіккендер жайлы ақпарат жиі тарайтын болды. Осының әсерінен болар, жастардың көбі Отан алдындағы борышын атқарғысы келмей, денсаулығына қатысты өтірік анықтамаларды жаздыртып, заңға қайшы әрекеттерге баруда. “Еліне пана болсын”, – деп ұл тәрбиелеген ата-аналар да олардың бұл әрекеттерін қолдайды. Өйткені әскери қоймалардағы болған жарылыстарды, жарғыға қарсы іс-әрекеттерді, әскери қызметкерлердің өлімі мен қайғылы оқиғаларды естіп, ұлдарын әскерге жіберуге қорқады. Болып жатқан жағдайлар халықтың қорғаныс саласына деген сенімінің төмендеп бара жатқанын және жастардың әскерге деген қызығушылығының азайғанын аңғартады.
ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНҒА РҰҚСАТ ЖОҚ
Ата-ананың әскердегі баласына көңілі алаң болмауы үшін оның жағдайынан үнемі хабарлар болып отыруы қажет. Бұл іс жүзінде қалай жүргізіледі? Әскери бөлімде сарбаздарға жасалатын жағдай, моральдық қолдауларды Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан 6637 әскери бөлімінің бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, майор Шухрат Әшімовтен сұрап білдік. Оның айтуынша, 450-ден астам сарбаз қызмет ететін бөлімде мерзімдік қызметті дұрыс атқаруы үшін барлық жағдай жасалған. Сарбаздар жексенбі күнгі демалыстарында жақын туыстарымен таксофон арқылы сөйлеседі. Картадағы балансты ата-аналары толтырады. Сондай-ақ “WhatsApp” желісінде ашылған топта командирлер ата-аналарға балаларының қызметі жайында ақпараттар беріп, сұрақтарына жауап беріп отырады. Алайда соған қарамастан кейбір ата-аналар тарапынан балаларының жауапты қызметте жүргенін ескермей, түн жарымда командирлеріне қоңырау шалып, әлек салатын жағдайлар жиі орын алады екен. Осындай ата-аналар әскерде сарбазға ұялы телефонды ұстатпайтынына наразы. Бұл тәртіптің де өзіндік себебі бар. Бөлім командирі орынбасарының айтуынша, ата-анасынан жыраққа шығып көрмеген кешегі жасөспірім отбасын сағынып, сезімге берілгіш болып келеді. Ал ата-аналар немесе сарбаздың жақын туыстары отбасында орын алған қайғылы оқиғаны ұялы телефон арқылы хабарлай салуы мүмкін. Бұл – жасөспірімнің эмоцияға беріліп, арты қайғылы жағдайға душар қылатын әрекетке итермелейді. Осы секілді мысалдар жетіп артылады. Сондықтан сарбазға ұялы телефонды бермеу арқылы олардың арасында қайғылы жағдайды болдырмау, алдын алу – әскер заңнамасының басты тапсырмасы. Егер сарбаздың жақын туысы өмірден озса, оны психологтың қатысуымен, алдын ала дайындықпен естіртеді. Бұл кезде бөлімдегі медицина қызметкері де кез келген жағдайға дайын болады. Сонымен қатар бөлімдегі психологтардың зерттеп, зерделеуі нәтижесінде анықталғаны – әскерге дейін ұялы телефонды үздіксіз қарап үйренген сарбаздар арасында күйзеліске түсуге дейін баратындары бар.
Әскерге жаңа келген сарбаздар алдымен оқу пунктінде бір жарым ай бойы өздері келген күштік құрылым қандай тапсырмаларды орындайтыны жөніндегі ақпараттармен танысады. Нұсқаушы-психолог және тәрбие бөлімі бастығының аға көмекшісі болашақ сарбаздармен жеке және топтық сұхбаттар жүргізеді, тренингтер мен тестілеулер өткізеді. Осылайша сарбаздың моральдық-психологиялық жағдайын анықтайды. Сарбаздардың әрқайсысына “Қиналсаң, хабарлас!” деген ата-анасы, бөлім командирінің тәрбие бойынша орынбасарының телефоны жазылған визитка беріледі. Осындай атқарылған жүйелі жұмыстардан кейін қарумен қызметке тағайындауға болатыны және болмайтыны жөнінде шешім шығарылады.
ӘЛІМЖЕТТІК ӘЛІ БАР МА?
Сарбаздардың арасындағы әлімжеттікті болдырмау үшін әскери бөлімде әжетханадан басқа барлық жерде бейнекамералар орнатылған. Сонымен қатар тәрбие сағаттары үздіксіз өткізіліп отырады.
– Әлімжеттікті болдырмас үшін әскери бөлімде сарбаздардың киімдерін жуатын кір жуғыш автоматтар орнатылған. Соған қарамастан бөлімде әкімшілік-құқық бұзушылық жасаған сарбаз болса, соттың шешімімен Астана қаласындағы гаупвахтаға жабылады. Ол күндер әскер мерзіміне жатқызылмайды. Сондықтан әскери міндетін өзімен бірге келгендерден қалып өткереді. Бірақ біздің мақсатымыз – сарбаздарды қорқыту емес, ынталандыру болғандықтан, үлгілі, тәртібі жақсы сарбаздарды 10 күнге үйлеріне демалысқа жібереміз және мерзімдік қызметі аяқталғанда бөлім командирінің атынан марапаттап, кеуде белгісін тағамыз. Сондықтан қазір әскерде бұрынғыдай “дедовщина” деген ұғым жоқ. “Әскер сарбазды тәрбиелемейді, әскердің талабына сай бейімделуіне көмектеседі”, – дейді 6637 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары Шухрат Әшімов.
Сарбаздар айлық жалақыларына өздері қалаған заттарды – киімер, жуынатын заттар сатып алады.
ҮЛГІЛІ САРБАЗҒА — ОҚУҒА ЖОЛДАМА
Еліміздің қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметке жасы жеткен азаматтарды ел алдындағы борышын өтеуге ынталандыру, қызықтыру мақсатында бірқатар жобаларды іске асырды. Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде борышын өтеп жүрген әскери қызметшілерге банктік қарыздар мен шағын несиелік төлемдерін кейінге қалдыру тәжірибесі реттелген. Сарбаздардың несиелер мен қарыздарды өтеу міндетінен босатылатын “Несиелік демалыс” кезеңінде бұған дейінгі несиенің пайыздары мен несиенің негізгі қарызын төлеу талап етілмейді. Яғни мерзімдік қызметке келген азаматтың өтініші негізінде әскери бөлім әкімшілігі оның несиесін қаржы ұйымдарымен бірлескен жұмыстар негізінде мерзімдік қызметі біткенге дейін уақытша тоқтатады.
Сонымен қатар бүгінде әскер қатарында қызмет етіп, үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға “Срочник.2.0” бағдарламасы бойынша білім гранттары табысталады. Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздар еліміздегі 70-тен астам жоғары оқу орындарында тегін білім ала алады және жаңа заңнамаға сәйкес Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай түсу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін сарбаздар мерзімді әскери қызметін өткеру кезеңінде үздік жауынгерлік даярлық пен жүктелген міндеттерді орындау бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, әскери тәртібі үлгілі болуға тиіс.
2023 жылы жоғары оқу орындарында ақысыз білім алу үшін 3000 орын, оның ішінде 350 орын еліміздегі әскери оқу орындарына бөлінген. Дегенмен сарбаздың теориялық, практикалық білімі және тәрбиесі алып жатқан бағаларға сай болуы қадағалаушы органдардың бақылауында болады. Сертифиткатқа қол жеткізу үшін сарбазда ескерту, сөгіс болмауы шарт.
Командирлерінен жақсы баға алып, критерийлерге сәйкес келіп, сертификатқа қол жеткізген сарбаздар жоғары оқу орнын өздері таңдайды. Бір ғана мысал, Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімінде биылғы жарты жылдықта 27 сарбаз, өткен жылы 16 сарбаз сертификат алған.
– Әскер қатарында қызмет ету – ҰБТ тапсырмай-ақ, жалақысы жоғары, беделді жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін “әлеуметтік лифт” деп айтар едім. Борышын өтеген көптеген сарбаз мерзімдік әскери қызметтері біткеннен кейін келісімшарт бойынша жұмысқа қалып жатыр, – дейді Шухрат Әшімов.
ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Әскер жайлы әңгіме қозғалса, үлкен ағаларымыз өздерінің сол шақтарын ерекше сағынышпен еске алып жатады. Олар үшін бұрындары әскерге өтпей қалу өліммен тең болған. Олар ауылдан әскери комиссариатқа шақырылған бір топ жігіттің барлығы Отан қорғауға аттанғанша асық болатынын айтады.
Қорғаныс саласында 37 жыл еңбек еткен облыстың қорғаныс істері департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалиолла Сауытбековтің айтуынша, елжанды азамат ешқашан әскерден жалтармайды. Сол себепті патриоттық тәрбиеге баланы кішкентайынан отбасында тәрбиелеу керек.
– Дені сау, ақыл-ойы жетілген әрбір азамат – Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Келешектің тұтқасы болар ер-азаматтарымыздың жасынан жігер-қайраты толысып, ширақ қимыл иесі атануы отбасыдағы тәрбиеден бастау алады. Жасыратыны жоқ, еліміз нарықтық экономикаға қадам басқалы азаматтардың көзқарасы да өзгере бастады. Патриоттық тәрбиені тұрмыстық сана ұмыттырды. Қатарынан қалып қойған жас келесі жолы әскерге баруға құлықсыз болады. Сондықтан жастарымыз мерзімдік қызметке шақыртылған кезінде қатарынан қалмай барғаны, ел алдындағы азаматтық борышын өтегені дұрыс, – дейді ардагер.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.