Еліміздің көне тарихының талай-талай қатпарын қопарған сайын танысқан табысыңа таңдана отырып, тарих сілемдерінің құпия сырына сүйсіне де, күрсіне де қарайсың. Оның өз себебі бар шығар, біздің шытырман тарихымыз әлі толық зерттеліп, шынайы ғасырлар сөресінде өз орнын таба білді ме, білмеді ме, міне гәп қайда жатыр. Заманының саяси өктемшілігін қолына алғандар немесе алғысы келгендер қолына тиген мемлекеттің пұшпағын өз білгенінше илей білді. Сол идің ішінде талай-талай халықтар, этностар, небір қайталанбас тағдырлар өмір кешті. Біреулер ел болып сақталса, біреулер елсіз қалды. Кешегі Ресей империясының ішкі саясатының мақсаты бүкіл империяны қол астында тапжылтпай ұстау еді. Көптеген халқы мен этностары бар ұланғайыр жерді игеру оңай емес, сондықтан да билеу үшін қатты заңдар, құпия құжаттар, “жалпыұлттық” орыстық идеология аясында біріктіру, жеке бастың құқығын шектеу сияқты жарғылар керек болды. Патшаның алдына қойған елеулі мақсатының бірі империяның игерілмей жатқан жерлеріне жұмыс қолын табу еді. Бұл салада негізгі көзге түскендер – сотталғандар, каторгаға шешім алғандар және жер аударылғандар, әсіресе, саяси қуғындалғандар.
Метрополиядан аластатылып, зым-зиянға ұзатылған сотталғандар, ішкі саяси жағдайды ушықтыруға әсерін тигізетін қуатынан ада болды, бұл өте пайдалы шешімнің бірі еді. Петербургтен, Мәскеу қаласынан жер аударылғандар мен каторгалық жұмыстарға шешілгендер жаяулап-жалпылап, сот шешімін атқаратын елді мекендерге аттанатын. Мәскеуден жаяу шыққанда ең бірінші қала Владимир болатын, міне сол қаланың атына байланысты “Владимирский тракт” деген лақап сотталғандардың арасына тарап “Владимирский централ” өз ортасының мақтаныш сөзі болды. Патшаның құлқыны артқан сайын Владимир тракты, Сібір трактысына айнала бастады. Мемлекет өмірінде ерекше орны болған осы жолдар арқылы жүк, қару-жарақ, тауарлар тасымалдау, пошта байланысын қамтамасыз ету жұмыстары атқарылды. Омбы қаласынан Петропавлға дейінгі “сара жолдың” ескілігі соншама, жолдың ернеуі жүріп келе жатқан аттың желкесіне дейін жеткендей екен. Бала күнімізде Есілдің бойындағы “сара жолды” көрдік, Петропавл қаласынан Марьевка селосына дейінгі. Омбыдан шығып оңтүстіктегі қалаларға қатынайтын “Жолдыөзек” атты жол өлкеміздің тарихында ерекше орын алады. Қытай, Үндістан, Персия (Парсы) елдерінен, Бұқара, Самарқан қалаларынан қатынаған керуендердің жүретін үлкен жолдардың бірі. Егер Владимир тракты 140 шақырым болса, Сібір трактысы 600 шақырымға кетіп еді. Әрбір 35-40 шақырым сайын бекеттер орналасып, үлкен қамалдар мен қалаларда айдап-асыратын “Тюремный замоктар” салынды. Түмен дуанының мәліметі бойынша, 1853-1862 жылдар арасында жер аударылғандар саны 101 238 адам болса, 1863-1872 жылдары 146 380 адам, 1890 жылдары 200000 адам болған екен. Жер аударылғандар бір айдың ішінде 500 шақырым жерді жаяу өтуі керек, ең қиыны сол жолға кеткен уақыт, сот шешіміндегі мерзімге кірмейді екен. “Тюремный замоктардың” мақсаты келген сотталғандар контингентін керекті жерлерге өзектеп бөліп, келесі қала-бекіністерге сұрыптап аттандыру еді. ХІХ ғасырдың аяғынан бастап, Трансібір темір жолының салынуына байланысты “Сібір тракты” өз маңызын жоя бастады. Сотталғандар мен жер аударылғандарды темір жол вагондарымен тасымалдайтын болды. Бұл тәсіл Сібірдің жерін жайлауға, жаңа жұмыс қолдарын көбейтуге, елді мекендер салуға, ақырында табиғи байлықтарды игеруге ықпалын молынан тигізді.
1865 жылы Қызылжар қаласында кірпіштен қаланған екі қабатты 50 адамға арналған түрме салынды. Ресми түрде “Тюремный замок” десе, сыртқы бояуына байланысты халық аузында “Ақ түрме” атанып кетті. Бұл түрмеде 300-ден астам қатаң сөгіс алған зардагер күн кешті. 1917 жылғы Октябрь революциясына дейін бұл түрмеде Петрошевшілер, марксистер, басқа да сол қолды партия мүшелері, бүлікшілер өз мерзімін өтеді. Бұл түрме (Ишим (бұрынғы Слободская көшесі) мен А.Шәжімбаев (бұрынғы К.Либкнехт) көшесінің қиылысында болды. Алғашқы болып Әулие Петр қамалында шағын карцер болды, онда негізінен тәртіп бұзған солдаттар мен казактар, ауыр қылмыс жасаушылар ұсталды. 1790 жылы ағаштан “Арестант үйі” салынды, оның ауқымы кеңірек және әртүрлі саяси-әлеуметтік сотталғандар мен бүлікшілер, әсіресе “декабристер” қозғалысының мүшелері қамалды. 1953 жылы түрме өзінің негізгі мақсатын тоқтатып, әртүрлі шаруашылық, тұрмыстық жағдайлар үшін пайдаланылады да, 1965 жылы толығымен бұзылып жермен жексен етіледі. Осылай бір ғасырға созылған “Ақ түрменің” тағдыры тарих сөресінде сомайлы сорақы із қалдырса да, саяси келте шешімдердің арқасында зымзиян болды. Бүгіндері бұл ғимараттың тарихын біреу білсе, біреу біле бермейді. 1918-1919 жылдары Кольчак қуыршақ мемлекеті кезінде “Ақ түрме” Алаш азаматтарын, Қазан революциясын жақтаушылардың, ұлт жанашырларының қамалып, қорлық көрген мекеніне айналды. 1918 жылы 4 маусым күні Сәкен Сейфуллин тұтқындалып, 1919 жылы 5 қаңтарда Петропавл қаласындағы “Ақ түрмеге” қамалады.
Сәбит Мұқанов “Өмір мектебі” кітабында “Ақ түрмеге” ерекше тоқталып өтеді. 1918 жылдың наурыз айынан бастап Петропавлда шыға бастаған “Үш жүз” газетінің сегізінші нөмірінде Көлбай Төгісовтің “алашордалықтарды” жамандап жазған мақаласы шығады. 1918 жылы чехословактардың көтерілісі кезінде Совдептің адамдарымен бірге Көлбай Төгісов те “Ақ түрмеге” қамалып, содан кейін атылған. Большевиктер билігі орнағаннан кейін бұл мекеме алашордашылар мен “халық жауларын” сұрыптап, қамауда ұстайтын орынға айналды. 1937-1938 жылдары “Ақ түрмеге” сотталғандар сыймайтын болғандықтан, ОГПУ басқармасының жанынан қосалқы түрме ашылды. Бүкіл Совет мемлекетінің аймағында кең етек алған ГУЛАГ жүйесі, адамдарды әр жерлерде орналасқан лагерьлерге айдап, қотастырған кезде талай ғалымдар, жазушылар, өнер қайраткерлері осы “Ақ түрмеде” күн кешкен. Халқымыздың тарихын жазуда көп үлесін қалдырған атақты тарихшы, бүкіл түрік әлемінің тарихын жаңғыртқан ғұлама, Астанадағы үлкен бір университетке есімі берілген Лев Гумилев, қазақ үшін құбыжықтай көрінетін А. Солженицын, атақты қолбасшы, өмірінің бір саласы осы Петропавл қаласымен байланысты Тухачевский болса, соның қызы П.Тухачевская, белгілі генетик, Вавиловпен бірге генетика ғылымын дамытуға зор үлесін қосқан Н.Тимофеев осы “Ақ түрменің” тұтқындары.
1925 жылы Мағжан Жұмабаев Мәскеуде оқып жүрген кезінде “Алқа” атты әдеби үйірме ұйымдастырған болатын. Сол “Алқа” ұйымы “контрореволюцияның ұясы” деп табылып, 1929 жылы шілденің басында Петропавл қаласында Мағжан ұсталып, “Ақ түрмеге” қамалады, содан Алматыға, одан әрі Мәскеудегі “Бутырка” түрмесіне жөнелтіліп, сонда ату жазасына кесіледі, соңынан ол шешім 10 жылға ауыстырылады. Сол түрмеде Мағжанмен бірге болған Шал ақын ауданындағы Балуан ауылының тумасы Хамза Ыбыраев, Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылының тумасы Еркін Бектасов үшеуі түрме ауласында кездесіп, әңгіме-дүкен құрады екен.
Жамбыл ауданының тағы бір тумасы, Еркін Бектасовпен жақын дос болған Шеру Құрманбаев 1938 жылы атылып кеткен Мағжанның көп өлеңдерін жадында сақтаған. Бұл кісінің баласы Дәулетаймен Благовещенка селосында көрші тұрдық, тебіреніп Мағжанның жыр-өлеңдерін әкемнен естідім деп жатқа айтушы еді.
“Ақ түрменің” тағы бір тұтқыны Жанұзақ Жәнібеков Петропавл қаласында 1889 жылы туған. Алашорда қозғалысына қатысқан, “Алаш” партиясының қазынашысы, Міржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаевтың әріптесі, 1924-1926 жылдары “Бостандық туы” газетінің алқа мүшесі, Сәбит Мұқановпен бірге қызметтес болған. 1937 жылы 29 шілдеде тұтқындалып, 1937 жылы 13 қыркүйекте ату жазасына кесілген. Бұл үлкен тізімнің бастамасы ғана, қаншама тағдыр ессіз қалып, халықтың жадынан өшірілді, тек анда-санда “Ақ түрме” болып кейбір әңгімелердің кездейсоқ тақырыбы ретінде сөз болады. Сол “Ақ түрменің” астарының астында қаншама тұлғалар тарихы, өз жоқтаушысын тосып жатыр.
Дәстен БАЙМҰҚАНОВ,
“Асыл мұра” орталығының ғылыми қызметкері, өлкетанушы.