Петропавлда “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының облыстық кезеңі өтіп, республикаға өңір атынан баратын жеңімпаз анықталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл дәстүрлі “Мерейлі отбасы” байқауына қатысуға 70 шақты өтініш түскен, оның 28-і облыстық кезеңге жетті. Қатысқандардың жартысы – көпбалалы отбасылар, бұдан бөлек, әр шаңырақтың өз жетістіктері бар, бірінің ұл-қызы спортта чемпион болса, енді бірі табысты еңбек етіп, қоғам өміріне белсене қатысып жүр.
Нәтижесінде түрлі сыннан сүрінбей өткен Ақжар ауданындағы Талшық ауылынан келген Хасеновтер отбасы жеңімпаз деп танылды. Отағасы Нұрқасым – әртіс, әнші, күйші, өзі орындайтын әндердің авторы. Сондай-ақ саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен де шұғылданады. Әлеуметтік желіде де белсенді, блогер қайырымдылық іс-шараларға белсене араласады. Нұрқасымның бастамасымен, жергілікті шаруа қожалығының қолдауымен көпбалалы отбасы баспаналы болды. Әлеуметтік желілерде ауылдастары қызыға тамашалайтын “Түнгі шай”, “Ауылдың кеші көңілді”, “Шайхана”, “Ашылайық” атты түрлі жобалар мен бағдарламалардың авторы.
2013 жылы шаңырақ көтерген Нұрқасымның келіншегі – Ақмарал мектепте психолог болып жұмыс істейді. Қазір бала күтімі бойынша демалыста, бесінші сәбиіне аяғы ауыр.
“2013 жылы осы байқауға менің әке-шешем қатысқан еді. Сол кісілердің ізін жалғап, байқауда бас жүлде алып жатқанымызға қуаныштымын. Тапсырма көп болды. Талап – шаңырақта отбасы құндылығы, бала тәрбиесі бірінші орында тұруы керек. Төрт қызымыздың біреуін өнерге, екіншісін спортқа баулып жатырмыз”, – дейді Нұрқасым Хасенов.
“Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының облыстық кезеңінде қатысушылар 6 аталым бойынша түрлі марапатқа ие болды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.