Киелі Қызылжар топырағында талай сал-серілер құндақталғаны баршамызға аян. Асыл мұралары бүгінгі күнге ауызша жеткеннен болар, кейбір туындылардың авторынан қателесіп жүргеніміз де белгілі. Бүгінгі мақаламыз ХІХ ғасырда өмір сүрген атақты балуан, суырып салма әнші-ақындардың бірі Шәрке сал Қорабайұлының 200 жылдығына арналады.
Шәрке сал 1824 жылдың наурыз айында қазіргі Мамлют ауданына қарасты Бике ауылының маңында орналасқан Манақа батыр қыстауы деген орманның қойнауында ғұмыр кешкен Зергер Қорабайдың шаңырағында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Шәріп. Ол – Өлтүзердің Малай атты баласынан тараған ұрпағы. Сол ауылдың тумасы Сапарғали Жолаушиннің 2011 жылы шығарған “Бике елі және оның шежіресі” кітабында өлкетанушы Социал Жұмабаев Қожантай Некібаев, Қаратай Биғожинның жеке мұрағаттарынан алған мәліметтерді ұсынған. Оған сүйенсек, Қорабай басқа туыстарына қарағанда кедейлеу болыпты. Баласы Шәркені жалшылыққа берейін десе, ерке өскен бала көнбейді екен. Шайқы мінезді Шәріп 13 жасқа келгенде елден қашып кетіп, Орал жағында қала маңында отырған Қарынбай деген байдың қойын бағады. Астына бір арық қотыр бурыл құнан береді. Шәрке оны жүйрік қыламын деп, қой бағып жүргенде құйрығына құстың жүнін, кекіліне үкі тағады. Басқа ат берсе алмайды, ақыры сол бурыл жүйрік болып, бас бәйгені алып жүреді. Шәрке Қарынбайдың қойын үш жыл баққаннан кейін кетуге бел байлайды. Бай Шәрке салға “Еңбек ақыңа не аласың?” – дегенде, мініп жүрген бәйге бурылды қалайды. Осылайша астына жүйрік ат мінген Шәрке ел аралап, салдық құрады. Өзі жамбасы жерге тимеген балуан болса, бурыл аты бәйгенің алдын бермейді. Сегіз сері, Біржан сал бастаған сал-серілер қатарында жүріп, атағы қазақ жеріне кеңінен тарайды. Өкінішке қарай, ел ішінде Шәрке сал айтыпты деген аз ғана өлеңдері болмаса, шығармалары сақталмаған. Біраз өлеңдері басқа әнші-ақындарға телініп кеткен.
Шәрке Болатынай, Қызылжар медреселерінде оқыған кездерінде Имамғанбет сері, Көрпеш хазірет деген кісілерден дәріс алады. Араб, парсы, көне түркі тілдерін жақсы меңгеріп, діни сауатын ашқан. Ол сабақтан тыс уақыттарда татар, орыс балаларымен бірге жүріп, татарша, орысша үйреніп алады.
Имамғанбет сері Ырғызбекұлынан домбыраны, Көрпеш хазірет Баһрамұлынан жетіген тартуды үйренген Шәріп Қорабайұлы 1840-1854 жылдары Сегіз серіге шәкірт болып, оның сал-серілер тобында жүреді. Ел-елді аралап, халықтың қошеметіне бөленген. “Бұлар шайға отыра бергенде, айқайға басып Керейдің бір топ ақын-әншілері келді. Бұл келген Керей аталатын көп рулы елдердің аты шулы ақын-әншілері, жыраулары еді. Ақын Шәрке сал, соқыр Тоғжан ақын, Нияз сері, Сапарғали ақын, тағы үш-төрт жаңа перілер. Бәрі де атақтының атақтысы Сегіз сері ақынның мұрагерлері. Бұл елдерде “Гауһартас”, “Әйкен-ай” әндерін Сегіз сері шығарғанын тіпті дауға салмайды, түгел мойындап қойған”, – деп жазады Ғабит Мүсірепов “Ұлпан” романында. Бұл үзінді сөзімізді нақтылай түседі.
Өмірін салдық-серілікпен өткізіп, дүние-мал жинамаған Шәрке сал Базар есімді өнерлі сұлу қызға үйленіпті, оған арнап өзінің атақты “Базар қыз” әнін шығарған. Базар да әрі әнші, әрі шешен, әрі тігінші, әрі тоқымашы, әрі домбырашы болыпты. Шәріп пен Базардың балалары жастай шетінеп, тек Нұрпейіс деген ұлы ғана тұрақтаған. Нұрпейістің Баймұрат есімді ұлынан тараған ұрпақтары Қорған, Түмен облыстарында тұрады. 1850 жылдың жазында бірнеше күн жол жүріп Қазан шаһарына да барғаны тарихтың сарғайған беттерінен кездеседі. 1907 жылы туған жерінде ауырып қайтыс болған.
“Soltüstık Qazaqstan” газетінің 2001 жылдың 25 қыркүйегіндегі нөмірінде соғыс және еңбек ардагері Кенжетай Оспанов “Шәрке сал” мақаласында Шәрке салдың баласы Баймұратты өз көзімен көргенін, балуан болғанын, Қорған облысының Макушин ауданында көп жыл тұрғанын айтқан. Бірақ бұл еңбекте Шәрке салдың әкесі Қорабай емес Қарабай деп аталған.
“Баласы Қарабайдың Шәрке салмын,
Қыздар қарта болғанда, мен – жая, жалмын.
Бойыма ұнамайтын бір мінім бар,
Жастарға өзімдей бір тынышсыздаумын.
Ешкімнен жеңілгем жоқ бұл жасымда,
Күш-қуат менің болды бір басымда.
Алдымда мықтылармен күрескенде,
Сұлатып жығып жүрдім жамбасына.
Қарабай әкем менің жарлы болған,
Алдында төрт-бес қана малы болған.
Ел жайлауға көшкенде тұрмысы кем,
Сол жайлауда Шәрке болып мен туғам”, – деп өзін таныстырып, қыз-қырқын, жігіт-желеңнің ортасында дуылдатып жүрген Шәрке сал атанған.
Кенжетай Оспанов тағы бір мәліметтерді алға тартып, Әлібек батыр мен Шәрке салдың оқиғасын былай өрлетеді: “Бірде Көкшетау еліне қарай келе жатса керек. Өзі сал, балуан, ерке өскен ер мінезді жігіт ойына келсе соны істейтін кез ғой. Көкшетау маңайына жақындағанда алдынан қалың жылқы көрінеді. Келсе өзімен шамалас жылқышы қарсы шығып сәлем береді. Амандық-саулық сұрасқан соң Шәрке сал:
– Бұл кімнің жылқысы? – деп сұрайды.
– Көкшетаудың атақты байы Жылқараның Әлібегінің жылқысы, – дейді жылқышы.
Шәрке сал онымен көп сөйлесіп әуре болмайды, әлгі жылқышыны көтеріп алып өзінің атына мінгізеді де, өзі байдың атына мініп алып кейін қайтады. Жылқышы қарсы келіп беттеуге қорқады.
– Байға айтарсың, атыңды Керейдің бір мықты адамы мініп кетті дерсің, –дейді Шәрке.
Сонымен Шәрке еліне келеді. Аты да, ер-тұрманы да басқа, бұрынғыларынан әлдеқайда артық. “Мұны қайдан алдың, кім сыйлады?” – деп сұрайды ағайын-туғандары. “Осылай да осылай” деп ол анығын айтады. “Енді біз құрыдық. Біз естіген Әлібек болса енді бізді құртады”, – деп ел адамдары қорқа бастайды.
– Саспаңдар, үрікпеңдер, не қылар дейсің, – деп Шәрке, ойында ештеңе жоқ жата береді…
Ал ана жақта жылқышы жылқыны айдап елге келгенде Әлібек қарсы алдынан шығады. Байқаса жылқышысының астында бөтен ат.
– Әй, сенің есің дұрыс па?! Менің Боздағым қайда? Астыңдағы ат, ертұрман кімдікі? Кімге бердің? – деп Әлібек ақырады.
– Бір балуан тұлғалы адам қасыма келді де: “Мен – Кереймін. Мына атты маған бер”, – деді де, өзімді көтеріп алып, мына кер атқа мінгізді де кетіп отырды, – дейді жылқышы. – Боздаққа жететін шамам болмады.
Әлібек үйіне келіп бар игі-жақсыларды жинап алып: “Бұл тегін кісі болмады, кім екен?” – деп ақыл сұрайды. “Шырағым, өзің біл, біз не айтамыз саған”, – деседі олар.
– Теріскейге қарай Бике деген ел бар, сонда Шәрке сал деген бір мықты бар деп естуші едім. Дәу де болса сол шығар, ақылдасайық, егер сол болса ана жылқышы өзі барып тауып, қонаққа шақырып келсін. Егер мен ойлағандай жөндеу адам болса, татуласып алдына бір тоғыз саламын, – дейді.
Жылқышыға басқа ат беріп, “Бар шақырып кел”, – деп қоя береді. Қанша іздегенін кім білсін, әйтеуір тапса керек. “Мен сізді шақыра келдім. Біздің бай сізді қонаққа шақырады”, – дейді. Шәрке Әлібектің атын ерттеп мініп жылқышы екеуі жолға шығады.
Ауылға жеткен соң аттарын кермеге байлап, үйге келеді. Әлібек үйде екен. Сәлем берген кісінің қолын алып қаттырақ қысып қалса керек. Сонда Шәрке атамыз: “Қысқаның масаның шаққанындай ғой. Әкел қолыңды мен қысайын”, – депті. Сонда Әлібек: “Сен анық Керейдің Шәркесі болсаң, менің қолымды сындырарсың. Кел бері дос болайық”, – деп құшақтаған екен. Бірнеше күн қонақ қылып, алдына бір тоғыз сый – мал салып еліне қайтарған екен”. Бұл оқиғаны үлкендердің аузынан жазып алған Кенжетай Оспанов кедей Шәркенің Әлібектен алған сый-сияпатты өзі сияқты кедей-кепшіктермен бөліскенін айта келіп, жомарттығын жеткізеді.
Шәріп Қорабайұлы мен Орынбай ақын қызылжарлық орта жүз Көшебе Керей Итемір қазы Барлыбайұлының Бәділ балуан Шағырайұлы бастаған сауда керуеніне ілесіп, 1850 жылы Қазан шаһарына барып, базарларында сыбызғымен күй тартып, домбыраға, қобызға, сырнайға қосып, өлең-жырларды әнмен айтып, жамбы атып түсіріп, ат ойынын, күш өнерін көрсетіп, саудагерлерді сүйсіндіріп, олардан алғыс естіп, мол сыйлықтар алып елге оралғанын белгілі өлкетанушылар айтып жүр.
Ел ішіндегі мәліметтерге сүйенсек, Шәрке сал бір ауылдан шығып келе жатып, жолда жаяу келе жатқан бір шалға жолығыпты. Амандасқаннан соң танысалық деп жөн сұрасады. Шалдың атын сұрайды. Шал атым Орыс депті. “Орыс болсаң, қалай қазақша сөйлейсің, кескінің де қазаққа ұқсайды”, – депті. Сонда шал: “Атым – Орыс болғанмен өзім – қазақпын”, – дейді. Кімнің Орыс деп қойғанын сұрағанда әкесінің қойғанын естігенде “Олай болса, тап әкеңнің аузын ұрайын”, – деп қамшымен сойып-сойып: “Атың сенің Қамшыбай болсын!”, – дейді.
“Атың сенің Қамшыбай,
Атпенен жүр осылай.
Тілімді менің алмасаң
Оңдамасын бір Құдай.
Шәрке салды еліңе
Анықтап айт осылай”, – деп астындағы атын беріпті. Бұл да Шәрке салдың мәрттігін тағы бір мәрте көрсетеді.
Туғанына екі ғасыр толған Шәрке сал Қорабайұлы туралы бүгінде көп жазылмай жатқаны қынжылтады. Алдағы уақытта әдебиеттанушылар мен тарихшылар есімдері ұмытыла бастаған сал-серілеріміз туралы қалам тербеп, тың деректерді ашатынына кәміл сенеміз. Алайда Шәрке салдың алтын қазынасы түгел табылып, ғылыми тұрғыдан талқыға түсе ме, жоқ па, әлде ел аузынан жазып алған деректермен шектелеміз бе деген алаңдаушылық басым. Бұның барлығы уақыттың еншісіндегі шаруа деген ой ғана жұбатады.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.