«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕРЕЙІ ҮСТЕМ ОТБАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда “Мерейлі отба­сы” ұлттық байқауының облыс­тық кезеңі өтіп, республикаға өңір атынан баратын жеңімпаз анықталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл дәстүрлі “Мерейлі отбасы” байқауына қатысуға 70 шақты өтініш түскен, оның 28-і облыстық кезеңге жетті. Қатыс­қандардың жартысы – көпбалалы отбасылар, бұдан бөлек, әр шаңырақтың өз жетістіктері бар, бірінің ұл-қызы спортта чемпион болса, енді бірі табысты еңбек етіп, қоғам өміріне белсене қа­тысып жүр.

Нәтижесінде түрлі сыннан сүрінбей өткен Ақжар ауданын­дағы Талшық ауылынан келген Хасеновтер отбасы жеңімпаз деп танылды. Отағасы Нұрқасым – әртіс, әнші, күйші, өзі орындайтын әндердің авторы. Сондай-ақ саламатты өмір сал­тын ұстанып, спортпен де шұғылданады. Әлеуметтік желіде де белсенді, блогер қайырымдылық іс-шараларға белсене араласады. Нұрқасымның бас­тамасымен, жергілікті шаруа қожалығының қолдауымен көпбала­лы отбасы баспаналы болды. Әлеуметтік желілерде ауылдастары қызыға тамашалайтын “Түнгі шай”, “Ауылдың кеші көңілді”, “Шайхана”, “Ашылайық” атты түрлі жобалар мен бағдарламалардың авторы.

2013 жылы шаңырақ көтер­ген Нұрқасымның келіншегі – Ақ­марал мектепте психолог болып жұмыс істейді. Қазір бала күтімі бойынша демалыста, бесінші сә­биіне аяғы ауыр.

“2013 жылы осы байқауға менің әке-шешем қатысқан еді. Сол кісілердің ізін жалғап, байқауда бас жүлде алып жатқанымызға қуа­ныштымын. Тапсырма көп бол­ды. Талап – шаңырақта от­ба­сы құндылығы, бала тәрбиесі бірінші орында тұруы керек. Төрт қызымыздың біреуін өнер­ге, екіншісін спортқа баулып жа­тырмыз”, – дейді Нұрқасым Хасенов.

“Мерейлі отбасы” ұлттық бай­қауының облыстық кезеңінде қа­тысушылар 6 аталым бойынша түрлі марапатқа ие болды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp