«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРТЫ ЖЫЛДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдікте өңірдің соңғы алты айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша барлық негізгі салаларда өсім байқалады. Қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 108 пайызды құрады.

Облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижановтың сөзінше, бірінші жартыжылдықта ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2 пайызға өсіп, 84,4 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2,1 пайызға артқан. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші – 104,7 пайыз. Оның 81 пайызы өндіруші өнеркәсіптің үлесіне тиесілі. Дегенмен өнеркәсіп өнімдері көлемінің төмендеуі Жамбыл, Шал ақын, Мамлют, Аққайың, Тайынша, Уәлиханов, Есіл және Мағжан Жұмабаев аудандарында байқалды.

Кейін аталған аудандардың әкімдері өндіріс көлемінің азаю себебін түсіндірді. Мәселен, Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненконың айтуынша, ұн өндірісі қарқынының бәсеңдеуі ортақ көрсеткішке кері әсер еткен. Ал Аққайың ауданындағылар тоғыз айдың қорытындысы бойынша жағдай түзеледі деп сендірді.

Облыс бойынша қаңтар-маусым айлары аралығында құрылыс саласында орындалған жұмыс көлемі ұлғайып, өсім 12,9 пайызды құрады. Жалпы жарты жыл ішінде облыста 90445 шаршы метр тұрғын үй тұрғызылған. Құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуі Жамбыл, Тимирязев, Тайынша, Шал ақын және Петропавл қаласында байқалды.

Қала әкімі Серік Мұхамедиев құрылыстың бәсеңдеуіне республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың кешіктірілуі себеп болғанын айтты. Шаһар басшысы жоспардың осы айда орындалатынын жеткізді.

Жиын барысында Ғауез Нұрмұхамбетов жылыту маусымына дайындықты пысықтады. Маңызды науқанға 3 млрд. теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда облыс бойынша қазандықтардың 43 пайызы қысқа дайын. Облыс әкімі қысқы маусымға дайындықты жіті бақылауда ұстайтынын айтты.

– Барлық әлеуметтік маңызды обьектілер көмір қорымен қамтамасыз етілген. Тұрғындармен көмірді уақытылы жеткізіп алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аудан, қала әкімдіктеріне дайындықты қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын. Аяқталған, жүзеге асырылып жатқан жұмыстар бойынша маған есеп беріп отырыңыздар. Барлық объектілердің жол картасы бар, қаражат бөлінген. Ешқандай олқылық болмауы қажет, – деді өңір басшысы.

Әкімдік отырысының соңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов атқарушы орган өкілдері мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Сәлима БАЗАРБЕКОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp