«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өнегелі өмір өрімдері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Болат ағаның кіндік қаны тамған Зеренді ауданындағы Жаңатуған, көршілес қоныстанған Қарабұлақ, Саркөт ауылдары бірігіп, Жамбыл колхозын құраған болатын. Осы колхозға Болат Көшімбаев техникумды тамамдаған соң мал маманы болып келді. Жұмысын жаңа бастаған жас жігіттің аяқ алысын сынаушы көп. Әйтеуір, абырой бергенде алғашқы қадамы сәтті болды. Елдің игі жақсылары арқасынан қағып, маңдайынан сипады, ақыл-кеңестерін айтты. Жас маман мал шаруашылығын өркендетуге білек сыбана кірісті. Жайлаудағы қойшы мен жылқышының жанында күн демей, түн демей бірге жүрді. Шаруаның сырын ұқты, аңысын аңдады.

Болат Ахметжанұлы 1969 жылы Омбы мемлекеттік мал дәрігерлік институтын қызыл дипломмен үздік аяқтады. Целиноградтағы ауыл шаруашылығы басшыларын даярлайтын алты айлық курста тағы да білім нәрімен сусындады. Осы курсты оқып бітіре берген кезде облыста Фрунзе атындағы жаңа шаруашылық ұйымдастырылып, сол шаруашылыққа тағайындалды. Міне, осы кезден бастап өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға біржола бет бұрған жемісті жылдардың жеңісті соқпағы сабақталды. Бұл совхоз бұрынғы Қызылағаш ауылының негізінде құрылған екен. Сөз арасында Қызылағаштың Абылай ханның қыстауы болғандығын айта кетсек артықтығы болмас.

Жаңа келген жас басшы бар істің мән-жайын ақыл таразысына салып, қатты ойға шомды. Еңбекті ұйымдастырудың тиімді жолдарын табу қажет еді. Тапты да. Нәтижесінде алғашқы жылды бір миллион сом таза табыспен аяқтады. Сол жылдың өзінде құрылыс қарқын алды. Он бес шақырымдық асфальт жол салынды, үш мың тонналық астық қоймасы, жаңа типті 6-7 мал қорасы, елуден астам жаңа тұрғын үйлер, кеңсе құрылысы аяқталды. Аз ғана уақыттың ішінде міне осындай ауқымды істің басын қайырды.

Дәл осы тұста атағы жер жарған совхоздың жайын көруге 1973 жылдың қақаған қаңтарында Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков арнайы келген. Осы сапарында облыс басшысы шаруашылықтың жұмысына дән разы болды. Сапар соңы жас маманның алдынан жарқын жолдар ашты. Осы жылдың 19 наурызы күні Болат Көшімбаев облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды. Бір жолы Еркін Нұржанұлы өзіне шақырып алып: “Болат Ахметжанұлы, партиялық жұмысқа ысылып қалдыңыз, бірақ, тәжірибе жинақтаған артық болмайды. Сондықтан Мәскеудегі КОКП Орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебіне оқуға жіберсек деп отырмыз”, – дейді.

Қабырғасымен кеңесе келе, тағы да айдын шалқар білім теңізінен сусындамаққа сапарға шықты. Бұл сапар – рухани байытқан, кемелдендірген сапар еді.1977 жылдың шілдесінде оқуын бітіріп, елге келді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің қабылдауына кіріп, мән-жайды баяндап, қызыл дипломын көрсетті. Білімі толысқан, қайраты кемел, ақыл-парасаты кенен Болат Ахметжанұлы Чистополь аудандық атқару комитетінің төрағалығына ұсынылды. Аудандық кеңестің сессиясында бірауыздан сайланды.

1983 жылдың наурыз айының соңында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Оразбек Қуанышев Болат Ахметжанұлын әңгімеге тартты. “Бес жыл қызмет еттік, жұмысқа деген жауапкершілігіңіз жақсы. Енді бір ауданға хатшы болып барсаңыз қалай қарайсыз?” – деді Оразбек Сұлтанұлы. Ұсынылып отырған аудан да белгілі болды. Володар ауданы (қазіргі Айыртау ауданы). Бірінші хатшының айтуына қарағанда, бұл ауданға жіберудегі басты мәселе, одақтың Орта машина жасау министрлігінің уран шығарып жатқан шахталарына қатысты болып отыр. Қазір бұл жұмысқа РУ-5 және геологтардың ГРЭ-92 атты мекемелері басшылық жасап отыр екен. Одақтық бағыныстағы мекемелер аудан басшыларын жүре тыңдайды. Міне, осы тізгінсіз кеткендерді жөнге келтіретін адам керек. Оның үстіне алда үлкен мерейтойлар тұр. Шоқан Уәлихановтың, Ақан серінің мерейтойлары. Оған қоса, Үкілі Ыбырайдың да тойы бар. Тарихи тұлғалардың үлкен тойларына тиянақты дайындық қажет.

Сөйтіп, ендігі жол ажарлы Айыртауға бет бұрды. Бұл кезде аудан облыстағы жер көлемі жағынан аса ірі әкімшілік орталық болатын. Елу мыңнан астам халық түтін түтетіп жатыр, 15 кеңшар, кен басқармасы, геологиялық экспедиция, үш элеватор, 66 ауыл бар. Одан басқа да ұжымдар толып жатыр. Тумысынан қайсар мінезді Болат Ахметжанұлы арпалысып жүріп геология мекемелерін тәртіпке келтірді. Бұрын 20-30 тонналық автокөліктерге лайықталып салынған тас жолдарды кеншілердің 70 тонналық зәулім автокөліктері қиратып бітірген. Арнайы қаулы қабылдап, жүк көліктерінің қозғалысына тоқтау салды. Кен қазу жұмысы кідіріп қалды. Сол-ақ екен, Мәскеуден бастап шу көтерді. Бірақ алмас қылыштай жарқылдаған Көшімбаев ыға қой­ған жоқ. 1250 орындық мектеп, 250 орындық аурухана, 600 орындық емхана еуростандарт­тарға сай салдыртты. Оған қоса, күні бүгінге дейін халыққа қызмет етіп тұрған “Ақтоқты” мейманха­насы бой көтерді. Кеншілердің Степногорскідегі орталық меке­месінен жүзге жуық “Жигули” мен “Москвич” автомашиналары, үй жиһаздары, көптеген сол кезде қасқалдақтың қанындай тапшы тұрмыстық бұйымдар алынып, ке­зекте тұрған халыққа бөлініп берілді.

Ең бастысы, Алаштың ұлы перзенті – Шоқан тойы. Ауданның барлық мектептерінде кейінгі ұрпаққа өнеге шашқан Шоқан оқулары ұйымдастырылды. Жалғыз Шоқан ғана емес, аруақты Айыртаудың Орынбай, Ақан сері, Үкілі Ыбырай мұралары да ұмыт қалған жоқ. Сырлы Сырым­бет көз сүйсінерліктей болып ажарланды. 240 орындық мәде­ниет сарайы салынды. Ауыл тү­гіл облыста мұндай құрылыс жоқ. Сарайдың алдындағы аума­ғы атшаптырым алаңқайға Шо­қанның бюсті қойылды. Етек-жеңі кең пішілген ауыл көшелері­не тегіс қатты жамылғы төселді. Үш қабатты мектеп үйі сонадай­дан көзтартатындай ажарға енді. Жергілікті жанашырлар Зәйкен Атығаева, Күлпан Хайрулли­на­лардың арқасында шағын мұра­жай жасақталды. Мұражайды жә­дігерлермен толықтыру жұмысы қолға алынды. Алматы, Талды­қорған, Семей, Омбы қалала­ры­на арнайы делегация жіберіп, Шоқанға қатысты құжаттар да жи­налды. Алматыдағы археология­лық институттың мамандары Ай­ғаным қонысын Шоқан салған суреттермен салыстыра отырып, жаңадан сызып шықты.

Шоқан тойы осындай ширыққан іс-қимылмен жүзеге асырылса, Алаштың ән өнеріне өлмес мұра қалдырған Ақан серінің салтанатты тойы да биік деңгейде аталып өтті. Той қарсаңында “Атоммаштың” одақтық министрі В.Коновалов, көмекшісі С.Смирнов және Степногорскідегі тау-кен химиялық комбинатының директоры А.Лучина келіп, аудан басшысы Б.Көшімбаевтың қатысуымен келелі мәселе қарады. Ол мәселе – Кең­ащы ауылына үй салу. Несін айтасыз, сері туған ауылда ертегідей жылдамдықпен құрылыс қарқыны басталды. Жаңа жобамен 64 коттедж, зәулім мектеп, салтанатты сауда орталығы, балалар бақшасының құрылысы қолға алынды. Ақан серінің ескерткіші орнатылып, су құбыры тартылды.

Өкінішке қарай, бір кезде көрген жанның көзін сүйсіндіретін, жұмыртқадай жұтынған коттедждердің көбі қазір қаңырап, бос тұр. Бала саны жетпегесін зәулім мектеп үйі жабылған. Қаншама қаусап, қираудың алдында тұрған есіл ғимараттар. Болат ағаның бір арманы осы ауылдың бұрынғы ажарын қайтадан қалпына келтіру болды. Ауылға баратын жолды жөндесем деп армандады. Босап қалған үйлерге ел қондырсам деп ұмтылды. Ғұмыр жетсе, сол шаруаның бәрін оңынан оңғарар еді. Өкінішке қарай, ол күндерді көре алмады. Өнегенің өрімі осылай сабақталса, кейінгіге көп-көрім үлгі емес пе?!

Көшек СӘМЕНОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp