«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңірге медициналық пойыз келді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Саламатты Қазақстан” медициналық пойызы облыс аумағына келді. Айдың соңына дейін ол жол бойындағы стансаларға тоқтап, білікті мамандар өңір жұртшылығын қабылдап, тегін тексерістен өткізбек.

Облыс аумағында медициналық пойыз аялдаған алғашқы аялдама – Тимирязев ауданындағы Ақсуат стансасы. Одан кейін дәрігерлер Жамбыл ауданындағы Қайранкөл стансасында жұмыс істеді. Қайырымдылық жобасы аясында тұрғындар медициналық тексерістен өтіп, тәжірибелі мамандардың кеңесін алды.

“Саламатты Қазақстан” медициналық пойызы неміс және жапондық қондырғылармен жабдықталған. Бұл жалпы және биохимиялық қан талдауларын жасауға, рентгенография және флюорография, ішкі органдар мен тамырларды ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограмма, гастрофиброскопия, диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік береді. Зерттеу толық тегін жасалып, нәтижесі сол жерде бірден белгілі болады.

Тұрғындарды хирург-травматолог, окулист, отоларинголог, невропатолог, стоматолог, кардиолог, гинеколог, педиатр, психолог, жалпы практика дәрігері қабылдайды. Қажет болған жағдайда құқықтық, медиативтік көмекті тегін көрсететін кәсіби медиатор мен заңгер де бар.

Дәрігерлер таңғы сағат 9.00-ден, бір сағат түскі үзіліске кетіп, сағат 18.00-ге дейін жұмыс істеп жатыр. Тұрғындарды сақтандыру мәртебесіне және тұрғылықты жеріне қарамастан кезекпен қабылдайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, медициналық пойыз 28 шілде күні Тайынша станциясына тоқтайды, 29 шілдеде Тайынша ауданындағы Чкалов станциясында болады. 30 шілде күні Ақжар ауданындағы Дәуіт станциясына жетсе, 31 шілдеде Қызыл Ту станциясында Уәлиханов ауданының тұрғындарын күтеді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp