Петропавлда көпқабатты үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмыстары әзірге баяу жүргізіліп жатыр. Көппәтерлі 161 тұрғын үйде ғана құбырлар жуып-шайылып, техникалық тұрғыда дайын екенін дәлелдеген.
Бұл – облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің тек 13,7 пайызы ғана. Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қалада 1170 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Олардың 759-да ғана пәтер иелері кооперативтері, мүлік иелерінің бірлестіктері бар.
“Алдағы жылыту маусымына дайындық барысында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, соның ішінде әрқайсысына телефон соғып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, әлеуметтік желі және әкімдіктің ресми сайты арқылы тиісті жұмыстарды тезірек атқару қажеттігін ескерттік. Басқару құрылымдары жоқ көпқабатты тұрғын үйлерде жылыту жүйесін жуып-шаю жұмыстарына пәтер иелері өздері жауапты”, – дейді Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Нина Усенко.
Петропавлда орталықтандырылған жылыту жүйесіне 167 әлеуметтік нысан да қосылған. Олар – балабақшалар, мектептер, денсаулық сақтау ұйымдары, спорт және мәдениет нысандары. Бүгінде 105-де қажетті техникалық жұмыс атқарылып, жылыту маусымына дайын тұр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.