Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында 3-7 қыркүйек аралығында алғаш рет “Ұлы дала жорығы” халықаралық марафон-бәйгесі өтеді. Бұл жарыс біздің өңірден бастау алмақ.
Марафон-бәйге 5 мың жылдан астам бұрын адам баласы жылқы малын алғаш рет қолға үйреткен Ботай қонысында 3 қыркүйекте басталады.
Ұлттық спорт қауымдастығы баспасөз қызметінің мәліметінше, спорттық іс-шараға 10-нан астам елден командалар қатысады деп жоспарланған. Оның ішінде Иран, Түркия, Мажарстан, Қырғызстан, Оңтүстік Африка Республикасы, Ресей Федерациясы және тағы басқа елдердің шабандоздары бар.
Қырғызстан құрамасы “Ұлы дала жорығына” қатысатын ең үздік аттарды іріктеу мақсатында көпкүндік ат спорты марафонын өткізді. “Ұлы дала жорығына” Ресейдің Кабардин-Балқар Республикасының құрамасы да қатысуға дайындықты бастады. “АМД Кавказ” ат спорты клубының негізін қалаушы Ахъед Махов қазақстандық ат жарысына қатысуға шақырту алғанын айтты.
“Марафон-бәйгенің бүкіл адамзат үшін киелі мекен саналатын Ботай қонысынан басталуы ерекше маңызды. Біздің команда аңыздар мен тарихи жәдігерлерге толы Ботай жеріне баруға ерекше ынталы. Олай болса, күт бізді, Қазақстан!” – деді Ахъед Махов.
Ат жарысы 7 қыркүйекте Астанада аяқталады. Марафон-бәйгенің жеңімпаздары 8 қыркүйекте өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.