«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ел үмітін ақтаған Елдос

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Францияның Париж қала­сында өтіп жатқан жаз­ғы Олимпиадада отанд­ас­тарымыз жақсы нәтиже­лерге қол жеткізуде. Жарыс­тың бірінші күнін­де жұптық сында пневмати­ка­лық мылтық­тан нысана көздеген Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қор­жынға алғашқы қола жүлдені салса, әйгілі дзюдошымыз Елдос Сметов жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді.

Өткен демалыс күндері отандық спортшылар спорт­сүйер қауымға қуаныш сый­лады. Париж Олимпиада­сында ел қоржынына алғашқы жүлдені пневматикалық мыл­тықпен аралас командалық сында 10 метрден нысана көз­деген Ислам Сәтпаев пен Александра Ле салды. Алғаш рет Олимпиада ойындарына қа­тысып тұрған Ислам Сәтпаев пен Александр Ле жұбы Германия құрамасынан басым түсті.

Ал дзюдошылар сынында 60 келі салмақта өнер көрсет­кен Елдос Сметов көптен күт­кен алтын медаліне қол жеткізді. Осы жолы отандасымыз финал­дық белдесуде Францияның балуаны Лука Мхеидзені ұтып, қазақ спорты тарихына өз есімін алтын әріппен жазды. Елдос 2016 жылғы Риодағы додада кү­міс еншілесе, 2020 жылы Токио­да қола жүлдегер атанған бола­тын. Енді міне жет­пей тұрған ал­тын медальді де қанжығасына бай­лады.

Олимпиада чемпионын ал­ғашқылардың бірі болып Мемлекет басшысы құттықта­ды. Қа­сым-Жомарт Тоқаев дзюдошыға қоңы­рау шалып, жеңісі үшін алғысын біл­дірді.

“Қазақтың рухын, жалпы хал­қымыздың мықты мінезін көр­сеттің. Бәріміз сені мақтан тұтамыз. Сөзіңде тұрдың, тамаша же­ңіске жеттің, нағыз жігітсің! Сен сияқты жігіттердің арқа­сында туы­мыз әрқашанда ас­қақтап, желбірей берсін. Жаңа жеңістер­ге жете бер. Саған және отбасы­ңа аманшылық ті­леймін. Астана­да кездескен­ше!” – делінген Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың құттықтау хатында.

Францияда өтіп жатқан Олим­пиада ойындарының финалында Елдос Сметов татамиге Жапонияның даңқты дзюдошысы Наохиса Такатоның ки­моносын киіп шыққанын айта кет­кен жөн.

– Мен Елдосты жеңісімен құт­тықтаймын. Ол финалда мен сый­лаған кимононы киіп шы­ғып, чемпион атанды. Қазақ елі, ал­ғашқы алтын жүлде құт­ты бол­сын. Біз Елдос екеуіміз татамиде қарсылас болсақ та, өмірде дос­пыз. Оған деген құр­метім ерек. Ол Қазақстанның ең танымал спортшыларының бірі екенін білемін. Елдос – мықты спортшы. Париж Олимпиада­сында Қазақ­стан қоржыны жүлдеге тола берсін, – деді даңықты жапониялық спортшы.

Жеңісті жолды тағы бір дзю­дошы Ғұсман Қырғызбаев жал­ғады. 66 келі салмақта күрескен ба­луан жартылай финалда 24 жастағы бразилиялық қарсы­ласы Виллиан Лимадан ұтылып қал­ғанымен, қола үшін тар­тыста “вазари” әдісінің арқа­сында жеңіске жетіп, үшінші орынға қол жеткізді.

Париж қаласында алауы тұ­танған XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында спортшылар 32 спорт түрінен 329 медаль жиын­тығын сарапқа салады. Қа­зақ­стандықтар төрт жылда бір өтетін додада спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алған болатын.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp