Көктемде Қызылжар ауданындағы Большая Малышка ауылында 321 баспананы су басты. Соның жартысынан көбі мехбригалардың күшімен қалпына келтіріліп жатыр.
Өз баспанасын өздері жөндеп жатқан тұрғындар да бар. Мәселен, Скуйбида отбасы бригаданың көмегінен бас тартқан. Қалыпқа келтіру жұмыстарын олар өздері жүргізуде. Отбасы мүшелеріне туысқандары мен жолдастары көмектесіп жатыр.
Юсиф Алиевтің отбасы да тасқыннан зақым келген үйлерін өздері жөндеп жатыр. Көпбалалы отбасы 4 бөлмелі үйде тұрған. Берілген 6 млн. теңгеден астам қаржы үйді қалпына келтіруге артығымен жеткен. Артылған қаржыға кіреберісті жаңадан салыпты.
Жалпы тасқынға дейін ауылда 900-ге жуық адам тұрған. 100-ден астамының баспанасы апаттық жағдайда деп танылып, бұзылатын болды. Кейін тұратын жерлері болмағандықтан, басқа елді мекеннен баспана беріліп, ауылдан көшіп кеткен.
– 24 баспанада қалыпқа келтіру жұмыстары әлі жүріп жатыр. 14 үйді тапсырдық. Енді 3 күннен кейін 8 үйді аяқтаймыз. Тұрғындар құрылыс материалдарын ұзақ іздейді. Соның салдарынан құрылыс жұмыстары кешеуілдеуде. Олар әрине сапалысын, жақсысын алғылары келеді. Біздің мехбригадада 22 адам бар, үш-үштен бөлініп жұмыс істеп жатырмыз, – дейді учаске басшысы Рашид Хасанов.
Большая Малышка ауылындағы құрылыс жұмысы жергілікті биліктің ұдайы назарында. Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуақасовтың сөзінше, ауданда 18 елді мекенді су басқан. Сараптама 385 үйдің апатты жағдайда екенін көрсеткен. Қалған мыңға жуық үйде қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Мадина ҚАБИ.