«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жемқорлық — қоғамға төнген қатер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұру және жолын кесу Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіреді, оның тұрақтылығына нұқсан келтіреді, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі болады.

Сыбайлас жемқорлықты оның барлық көріністерінде жою – мемлекет дамуындағы маңызды міндеттердің бірі. Қазақстан Республикасының “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңының қабылдануымен алдын алу және қылмыстық-құқықтық құралдардың ақылға қонымды теңгерімі бар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі құрылды.

Бұл бағыттағы кешенді тәсіл Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат келесі міндеттерді орындау арқылы жүзеге асырылады: сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін жою, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету шараларын жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте азаматтық қоғамның рөлін күшейту және тағы басқалар.

Бұл міндеттерді орындаудан мемлекет азаматтық қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға белсенді араласуы, ашық және есеп беретін мемлекеттік аппарат құру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікке тартудың әділ жүйесі бойынша нәтиже күтеді.

Үстіміздегі жылдың 6 айында қылмыстық қудалау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 24 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін соттар 16 лауазымды тұлғаны соттады.

Қоғамдық мүдделерді қорғау саласындағы барлық тексерулер мен талдаулар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама призмасы арқылы жүзеге асырылады.

Үстіміздегі жылдың 6 айында 7 тексеру, 37 талдау жүргізіліп, оның барысында 23 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде 16-сы іс жүзінде жойылды, 55 қадағалау актісі қаралды, 40 адам түрлі жауапкершілікке тартылды.

Мысалы, талдауда қаржылық бақылау шараларын қолданбау салдарынан “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заң талаптарын бұзушылықтар анықталды.

Сонымен, Аққайың ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы заң талаптарын бұза отырып, ведомстволық бағынысты ұйымдардың директорларын қызметке тағайындау кезінде олардың заңда белгіленген тәртіппен салық есептілігін тапсыру 250 нысан бойынша хабарлама беру бойынша шаралар қабылдамаған.

Салдарынан бөлім басшысы Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекстің 680-бабында көзделген, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қолданбау туралы құқық бұзушылық жасады. Прокурордың қаулысымен бөлім басшысы айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тағы бір жағдайда, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының шешім дайындау мен қабылдауда заңсыз артықшылық көрсету фактілері анықталды.

Мысалы, Тимирязев ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын бұза отырып, орындалған жұмыс актілеріне қол қойып, жеткізушіге тарату желілерін қайта құрудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлегені үшін, іс жүзінде орындалмаған, сомасы 6,7 млн.теңге төлем жасаған.

Нәтижесінде лауазымды тұлға шешім дайындау және қабылдау кезінде жеткізушіге заңсыз артықшылық танытқан. Прокурорлық қадағалау актісі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің ұсыныстары бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы жұмыстан босату түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы жыл басынан бері мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылықтары үшін қадағалау актілері бойынша 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның 4-уі жұмыстан босатылды және 3-уі қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді, сондай-ақ 30 мемлекеттік орган басшысы мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғаны үшін Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекстің 207-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік 100-ден 1500 АЕК-ке дейін (369 200 теңгеден 5 538 000 теңгеге дейін) айыппұл түрінде қарастырылған, сондай-ақ мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, айыппұл (пара сомасынан) немесе 3 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық қарастырылған.

Марат АЮПОВ,

Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp