Петропавл қаласындағы “Асыл Мирас” аутизм орталығы Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры және облыстық әкімдіктің қолдауымен 2019 жылы ашылды. Бес жыл бойы жұмысын табысты жалғастырып келе жатқан орталықтың өзгелерге үлгі боларлықтай тәжірибесі бар. Себебі еліміздің өзге аймақтарында ашылған 14 аутизм орталығының арасынан екі жыл қатарынан “Ең үздік орталық” атанды.
Аутизм – баланың психикалық дамуының бұзылуы. Аутизм дертіне шалдыққан балалардың бірінің тілі кеш шықса, енді бірі эмоциясын білдіре алмайды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар.
“Асыл Мирас” аутизм орталығының басшысы Назгүл Төртұлованың айтуынша, “Аутизм. Баршамызға бір әлем” бағдарламасы жыл өткен сайын өзінің тиімділігін дәлелдеуде. Мұнда 13 педагог-психолог және дефектолог мамандар аутизм спектрінің ауытқулары бар (АСА) балалардың ерте араласудың алты бағдарламасы бойынша дағдыларын дамытып, жылына 200 баланы оңалдыру ісімен айналысады. Сабақтар тегін өтеді.
Барлық кабинеттер жиһаз, құрал-жабдықпен және оқу-әдістемелік құралдармен толық жабдықталған. Сабақтар аутизм дерті бар баланың мінез құлқындағы және әлеуметтік, сөйлеу мен тұрмыстық дағдыларындағы кемшіліктерді жоюға бағытталған “Аутизм. Баршамызға бір әлем” 6 интервенция бағдарламасы аясында ерте қолдау, үйретуші машықтар, оқыту дағдыларын дамыту, өмірлік машықтар, қарқынды курс, әлеуметтік машықтары, “JASPER” әдістемесі жүргізіледі.
Әр бағдарламаның әдістемесі, өзіндік критерийлері бар. Орталық мамандары мінез құлқында ерекшелік байқалған баланың бойынан алдымен дамытуды қажет ететін дағдыларды анықтайды. Одан кейін оңалту жұмысын жүргізетін бағдарлама таңдалады. Мәселен, мінез құлқы қалыпты, бірақ сөйлемейтін балаға “JASPER” әдістемесі таңдалса, гипербелсенді балалар “Оқыту дағдыларын дамыту” бағдарламасына жіберіледі. Ал сөйлей алғанымен, өз жасындағы балалармен қарым-қатынас орната алмайтын бала “Әлеуметтік машықтар” бағдарламасындағы әдістемеден өтеді. Курсты бітіргеннен кейін балалардың дағдылары орта есеппен екі есе жақсарады.
– Жұмысымыздың көп бөлігі баланы ынталандырумен байланысты. Өйткені, аутизм спектрінің ауытқулары бар баланың зейіні өте төмен болатындықтан, мамандарымыз жаттығуларды әр 3 секунд сайын өзгертіп отырады. Негізінен мұндай ерекше балаларға, ең алдымен, ата-анасының, жақындарының қолдауы қажет. Баланың бүкіл отбасы күнделікті өмірде онымен қалай қарым-қатынас құрып, қалай сөйлесу қажеттігін білуі керек. Сонда ғана оңалту ісінде жақсы нәтиже болады. Жалпы тәжірибемізде сөйлеп кеткен, тіпті іс-қимыл жағынан дағдысы төмен балалардың билегендері де болды. Олар қазір мектепте дені сау балалармен бірге білім алуда, – дейді Назгүл Төртұлова.
Сабақтар Калифорния университеті мен АҚШ-тың Атланта қаласындағы Marcus Autism Center халықаралық сарапшылары әзірлеген технологияларды пайдалана отырып жүргізіледі. Әр бала жеке таңдалған бағдарлама бойынша үш айлық оқу циклінен өтеді. Орталыққа психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) қорытындысы негізінде туғаннан 18 жасқа дейінгі балалар жазыла алады.
Орталықтың педагогтары Алматы қаласындағы Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдарынан аутизмі бар балалармен жұмыс істеу, оның барысында скринингтің маңыздылығы және скринингті жүзеге асыру мақсатындағы медициналық жұмысшылар мен педагогтардың арасындағы тығыз қарым-қатынас жайында дәлелдеген ғылыми ақпараттармен білімдерін жетілдіреді. Бұл орайда Болат Өтемұратовтың қорымен келісімге отырған өзге мемлекеттегі институттар, яғни тиімділігі дәлелденген ерте анықтау мен мінез-құлықты түзетуге көмектесетін заманауи технологиялар мен тәжірибелерді кеңінен пайдаланатын Калифорния университетіндегі Касари зертханасы, Атлантадағы “Маркус” аутизм орталығы және “Autism Speaks” халықаралық ұйымы секілді танымал мекемелермен серіктестік қарқынды дамуда.
– Біздің жұмыстың негізгі ерекшелігі – ғылыми дәлелденген, өз нәтижесін көрсеткен әдістемелермен жұмыс істеп, балаға психологиялық-педагогикалық тұрғыда қолдау көрсету. Аутизм спектрінің бұзылысы бар баланы оңалдыру жұмыстары дерт ерте жаста анықталған кезде жақсы нәтиже беретіндіктен, медициналық ұжымдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, аутизмнің белгілері жөнінде оқулар өткіземіз. 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күнінде ауқымды шара ұйымдастырамыз. Жылына екі рет емдеу орындарына барып, скрининг өткіземіз. Осыдан кейін орталыққа келетін балалар саны артады.
Кейде ерекше балаға қол шапалақтауды бір ай бойы үйрететін кездеріміз болады. Мұндайда ата-аналар сабырсызданып, “Балам сабаққа барады, бізге сөйлегені керек. Қолды үйде де шапалақтайды”, – дейді. Дегенмен біздің жұмысымызда қарым-қатынас маңызды рөл атқаратындықтан, егер бала педагогтың айтқан сөзін қайталап, іс-қимылды орындаса, демек нәтижеге қол жеткізе алғанымыз, – дейді орталық басшысы.
Білім беру орындарындағы педагогтардың нәтижелі жұмысы оқушының жетістігімен бағаланса, “Асыл Мирас” аутизм орталығының педагогтары өз жұмыстарының жемісін ерекше балалардың ата-аналарының айтқан алғысы деп біледі. Дегенмен мамандар айтқандай аутизм – емделіп кететін ауру емес, орталықтан дағдысын дамытып шыққан баланың әрі қарай қалыптасып кетуі ата-анасына тікелей байланысты.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.