Нариман Құрбанов отандық спорттық гимнастика тарихында ұлттық құрама қоржынына алғашқы жүлдені салды. Атлет ат снарядындағы жаттығуда күміс медальді еншіледі.
Нариман Құрбанов финалда 15.443 ұпай жинап, 6 атлеттің алдын орап, тарихи жеңіске қол жеткізді. Бұл сында алтын ирландиялық Риз Макленагенге бұйырса, қола жүлде америкалық Штефан Недорочектің еншісінде кетті.
Бокстан Нұрбек Оралбайдың бағы жанды. Отандық былғары қолғап шебері 80 келіге дейінгі салмақта бақ сынап жүргенін атап өткен жөн. Қазақстандық спортшы жартылай финалда Доминикан елінің өкілі Кристиан Хавьер Пиналеспен жұдырықтасып, қарсыласынан басым түсті. Ақтық сында ол украиналық Олександр Хижнякпен қолғап түйістіреді.
Әйелдер боксында Назым Қызайбай Олимпиаданың жартылай финалына жолдама алды. 50 келі салмақта отандасымыз ширек финалда Колумбия боксшысы Каролайн Барбозадан айласын асырды. Жеңсе финалға шығады, жеңілсе қола жүлдегер атанады.
Өкінішке қарай, солтүстікқазақстандық велошабандоз Алексей Луценко командалық жарыста сәтсіз өнер көрсетті, мәре сызығын 52-ші болып кесті.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.