Қайрат Жанғожинов – Шал ақын аудандық мәслихатының төрағасы, №1 учаскелік сайлау округі бойынша депутат, “AMANAT” партиясының мүшесі.
Не үшін депутат болдым?
Менің бүкіл өмірім білім беру саласымен байланысты. 1992 жылдан басталған жалпы еңбек өтілім 30 жылдан асады. Оның ішінде 10 жыл Кривощеково орта мектебінің директоры, 12 жыл Шал ақын ауданы білім бөлімінің басшысы, сонымен қатар 2015-2016 жылдар аралығында аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет істедім.
Әр адам айналасына қарап, не ұнайтынын және нені ұнатпайтынын түсінеді. Әркім күш-жігерін, уақытын өзіне ұнамайтын нәрсені өзгертуге жұмсауға дайын. Осы тұрғыдан маған депутаттық жұмыс қызықты. Оның үстіне ауданымыздың дамуы үшін көптеген маңызды мәселелерді шешу қажет. Сонымен қатар бұл жұмыс қосымша ақпарат алуға, белгілікті бір жағдайға басқа қырынан қарауға және оқиғалардың қай бағытта дамып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл маңызды басқару мектебі десем де болады.
Менің бұл салада тәжірибем мол. Оның ішінде IV шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаты болғанымды да атап өткен жөн. Осы тәжірибемді ауданның жағдайын жақсартуға жұмсағым келеді. Білім, тәжірибе бар, ниет түзу.
Мәслихат төрағасы лауазымында екінші жыл жұмыс істеп келемін. Айналамда қызметтің түрлі саласында қызмет еткен, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісе алатын, өмірде көп нәрсеге қол жеткізген адамдар жиналған.
Мәслихат – адамның ағзасы іспеттес, кез келген депутат жағдайға әсер ете алады, бірақ басқара алмайды. Атқарушы билікте барлығы дара басшылық қағидатына бағынады, ал өкілетті органда шешімдер ақылдаса отырып қабылданады. Мен депутат ретінде сенім артқан сайлаушыларымның мүдделерін білдіремін. Ал төрағаның ұстанымы өте күрделі – өз көзқарасы мен идеясы бар табысты және қалыптасқан адамдарды сындарлы диалогқа ұйымдастыру қажет. Бұл – үлкен өмірлік және көшбасшылық тәжірибе мен қарым-қатынас дағдыларын қажет ететін ауыр жұмыс. Біздің барлық депутаттарымыз ынтымақтасу, ымыраға келу және қайшылық туындаған жағдайда одан шығу жолдары мен барлығына қолайлы шешімдерді табу қажеттілігін түсінеді.
Сайлаушыларға қандай уәде бердім?
Мен еңбек жолымда білім беру жүйесін дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін істедім. Қазір мәслихат депутаты ретінде мүмкіндіктерім кеңейді. Сайлауалды бағдарламамда аудан өмірінің әртүрлі салаларына қатысты міндеттер қойдым. Бұл – заңсыз берілген немесе пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жәрдем көрсету, автомобиль жолдарын, оның ішінде жергілікті маңызы бар жолдарды салу сапасына ерекше назар аудару қажет. Бұл салаға қомақты қаржы бөлініп, жүйелі жұмыс атқарылып жатқанымен, мәселе толық шешілген жоқ. Сондықтан жергілікті маңызы бар жолдарды, оның ішінде кентішілік жолдарды салу және жөндеу бағдарламамның басым міндеті болып табылады. Бұдан басқа, сумен жабдықтау объектілерін салу мәселелерін көтеру қажет. Өйткені осы уақытқа дейін кейбір елді мекендердің тұрғындары сапалы ауызсумен қамтылмаған және олар тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр.
Маған шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары, білім беру саласының қызметкерлері тиісті байланыс пен интернеттің жоқтығы туралы жиі айтады. Өйткені, осы уақытқа дейін ауданның кейбір жерлерінде интернеттің сапасы төмен.
Сайлауалды бағдарламамда әлеуметтік сала – білім беру және медицина мәселелеріне баса назар аудардым. “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” және “Ауылдық мектептерді жаңғырту” мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде мектептер мен медициналық мекемелердің құрылысын немесе күрделі жөндеуін жүргізуге орасан зор қаражат бөлінді. Бұл бағдарламалардың басты міндеті – мектептерді балалар үшін барынша жайлы және қауіпсіз, ал медициналық қызметтерді сапалы және қолжетімді ету. Мен әлеуметтік саланың бұрынғы қызметкері ретінде оларды жүзеге асыруға барынша күш салуым керек.
Қай уәдемді орындадым?
Өткен жылы сәуір айында “AMANAT” партиясы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының бірінші республикалық форумын өткізді. Бұл форум әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарын, Премьер-министрді, Мемлекеттік кеңесшіні, барлық министрлер кабинетін бір алаңда жинады. Берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, мен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа Сергеевка қаласы көшелерінің жолдарын жөндеу жобасын қолдау үшін қаражат бөлу мәселесін көтердім. Биыл аудан орталығындағы автомобиль жолдарын қайта жөндеуге 690,8 млн. теңге бөлінді. Бұл жұмыстар қазір жүргізілуде.
“Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда төрт ауылда медициналық мекеме салынуда. Менің ойымша, жақын арада олардың құрылысы аяқталады және ауыл тұрғындары заманауи және кең кабинеттерде сапалы медициналық көмек ала алады.
Сондай-ақ бүгінгі таңда ауданның 5 мектебі күрделі жөндеумен қамтылды. Өткен жылы 4 мектеп жөндеуден өтті. Мен аудан оқушыларына қолайлы жағдай жасалғанын және оқу орындарын жөндеу барысын жеке бақылауымда ұстаймын.
Ұзақ уақыт бойы аудан депутаттары Сергеевка қаласына бейнебақылау камераларын орнату мәселесін көтерді. Бұл мәселе бірнеше рет тұрақты комиссиялардың отырыстарында қаралғанымен шешілмеді. Ал бейнекамералардың жұмысы қаладағы жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сондай-ақ жалпы қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алар еді. Биыл Сергеевка қаласы бойынша 150-ге жуық бейнебақылау камерасы орнатылды.
Атқарушы органмен бірлесіп жайылымдардың жетіспеушілігін азайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде, 6576 гектар жер қайтарылды. Бұл ретте қордағы жерлер елді мекендердің жерлеріне ауыстырылады және сол арқылы мал жаю үшін жайылым тапшылығын сезініп отырған ауыл тұрғындарының проблемалары шешіледі.
Халық маған сене ме?
Депутат өзінің өмірлік ұстанымдарына адал болуы керек, егер ол жауапкершілік пен міндеттерді өз мойнына алса, онда сайлаушыларына берген уәделерін міндетті түрде орындауы керек. Депутат ретінде мен жерлестерімнің өмірін жақсартуға тырысамын. Депутат үшін ең бастысы – сайлаушылардың сенімін ақтау. Әрбір шешілген мәселе – үлкен қуаныш. Ал шешімін таппаған кемшіліктер жұмыс істеуге ынталандырады.
“Депутат – сайлаушы” байламы тұрақты жұмыс істеуі тиіс. Депутат үшін сайлаушылармен қарым-қатынастан асқан пайдалы ештеңе жоқ. Бұл сізге барлық мәселелерден хабардар болуға мүмкіндік береді.
Кері байланыс механизмі – бұл қоғамдық қабылдау бөлмелері, онда әр азамат өз депутатына өтініш, сұрау немесе бастамамен жүгіне алады. Қабылдауда әрбір өтініш берушіге назар аударуға, құқықтық қолдау көрсетуге, кеңес беруге тырысамын. Сан қуып, мүмкіндігінше көп адамды қабылдау міндеті жоқ. Сондықтан мен әр мәселені егжей-тегжейлі түсінгім келеді. Өткен кезеңде маған 44 сайлаушы жүгінді. Олар жеке сипатқа ие әртүрлі мәселелерге алаңдады. Мысалы, Ресей Федерациясында сатып алынған жеке автокөлікті қайта ресімдеу, жалақы төлемеу, тұрғын үй көмегін көрсету, зейнеткерлердің салық төлеуіне қатысты сауалдар болды. Халықтың қоғамдық мәселелерге көбірек көңіл бөлетіні қуантады. Жолдарды және тротуарларды жөндеу, қала көшелеріне қосымша жарық шамдарын тарту, балалар алаңдарын абаттандыру, қоқыс алаңдарынан тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, қоғамдық көліктің қосымша павильондарын орнату, спорт алаңдарын ашу және жастардың бос уақытын ұйымдастыру сияқты қоғам үшін өзекті мәселелер айтылды. Көбі оң шешімін тапты. Мәселен, маған Семей сынақ полигонының ардагерлері ядролық сынақтар нәтижесінде қаза тапқан және қайтыс болған жауынгерлерге ескерткіш орнату туралы ұсыныспен жүгінді. Аудан әкімі орынбасарының атына депутаттық сауал жолдадым. Бұл ұсынысты аудан басшылығы қолдады, ескерткіш орнатылды және атаулы күн қарсаңында оның салтанатты ашылуы өткізілді. Сергеевка қаласының тұрғыны Молодежная көшесін жөндеу туралы сұрақ қойды, өйткені бұл көшенің жол төсемі жылдар бойы жөнделмеген, шұңқырлар мен ойықтар пайда болған. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа асфальт төселді.
Мен үшін депутат мәртебесі – тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерді шешуге және жағдайға әсер етуге мүмкіндік. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға, көтерілген мәселелерді сапалы шешуге мүдделімін.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.