Облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасында мемлекеттік қызметтердің дәстүрлі жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде полицейлер мен мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің өкілдері азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі және оларды электрондық форматта пайдалану туралы кеңес берді.
Бұл күні жәрмеңкеге келушілер қатары көп болды. Оларды негізінен адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттарды ресімдеу тәртібі және шетел азаматтарын тіркеу мәселелері қызықтырып, тиісті мамандардан өздерін толғандырған барлық сауалдарға жауап алды.
– Көші-қон қызметі басқармасы мемлекеттік қызметтің 12 түрін көрсетеді. 2024 жылдың 7 айында тек “Мемлекеттік корпорация” арқылы 95 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 36244 қызмет түрі – Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар мен жеке куәліктер беру, 443 қызмет түрі – шетелде тұру үшін құжаттарды ресімдеу және 3031 қызмет түрі – ел аумағында уақытша болатын шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірін беру жөнінде болды, – дейді көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Нұсұрбаев.
Жалпы облыстық полиция департаментінің аумақтық бөлімшелері мемлекеттік қызметтің 33 түрін көрсетеді. 2024 жылдың 7 айында азаматтарға полицияның қатысуымен 130 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.