«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚҰСТАР ҚАЙТЫП БАРАДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ағаш жапырақтары сарғайып, күн нұрын сирек шашып, күңіреніп күз жеткенде құстардың жылы жаққа қайтатыны – табиғи заңдылық. Сол бір құбылысты сазды әуенге айналдырып, қазақ халқына өлмейтін ән сыйлаған Нұрғиса Тілендиевтің “Құстар қайтып барады” әнін еңбектенген баладан еңкейген қарияға дейін айтып жүр десем, қателеспеймін.

1965 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нұрғиса Тілендиев “Қазақфильм” киностудиясында музыкалық бағдарламалардың бас редакторы қызметін атқарып жүрген кезінде жұмыстан көңілсіз күйде шығады. Талант қашанда сезімтал болып жаратылған ғой, сірә, жұмыста бір дүниеге көңілі толмаса керек. Алматыдағы 28 Панфиловшылар саябағына аяңдай келіп, орындыққа отырып, айналасына зер сала қарайды. Кенет көзіне ұшып жүріп, ағашқа келіп қонған тырна түседі. Жаңа қонған тырнаға ағашта отырған өзге құстар, оның ішінде қарғалар тыныштық бермейді. Қайта-қайта келіп, шоқып, мазасын алады. Құстардың бұл әрекетін көрген сазгер: “Адам мен құстың өмірі қандай ұқсас”, – деген ойға келеді. “Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол беріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл әрекет құстардың да өмірінде бар екен-ау. Тырнаны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзге жас алып, үйге қарай беттедім”, – деп үйге келген бойда саябақтағы жағдайды жары Дариға Тілендікелініне айтып береді.

Саябақтағы оқиға сазгердің жүрегіне әсер еткені соншалық, көңілін толқытып, “Құстар қайтып барады” әнінің жарық көруіне себепші болады. Кейін белгілі ақын Тұманбай Молдағалиевті шақырып алып, әннің шығуына ықпал еткен жағдайды баяндап, көңілі босағанын айтады. Ақын інісі ағасын мұқият тыңдап, ән мәтінін жазып береді.

Халық әртісі Роза Жаманованың орындауымен ән халыққа жол тартады. Кейін қос дауыста сол кезде өнерге енді ғана қадам басқан Бақыт Әшімова мен Шолпан Тоқсанова деген жас әншілердің шырқалуымен тыңдарманын өзіне баули білген ән танымалдылыққа ие болады. Халық арасына “Құстар әні”, “Бара жатыр құс қайтып”, “Құстар қайтып бара жатыр” деген атаулармен таралады.

Сазгердің жүрегінен шыққан әуенді сырын бұзбастан тек шебер орындаушы ғана жеткізе алатынын Қазақстанның халық әртістері Майгүл Қазтұрғанова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов сияқты саз өнерінің майталмандары дәлелдеп, әнге көрік бере түсті. Ұлы композитордың шығармашылық өмірі жайлы сыр шертетін “Құстар әні” телехикаясының да сыры осында болуға тиіс.

Нұрғиса Тілендиевтің өзі шығарған туындылардың ішінен бұл әнді жанына жақын тартып, ерекше санағанын көзі тірісінде өз концерттерінің барлығын осы әнмен аяқтағанынан-ақ аңғаруға болады. Тіпті қайтпас сапарға аттанар сәтінде: “Мені “Құстар қайтып барады” әнімен шығарып салыңдар”, – деп аманаттап кеткен. 2011 жылы өнерін ұлықтаған халық ән мәтінінің авторы Тұманбай Молдағалиевті де осы әнмен ақтық сапарға шығарып салғанын білеміз.

Авторлары концерттік бағдарламаларда ресми түрде айтылып жүр демесек, халық әніне айналып кеткен “Құстар қайтып барады” әнінің шығу тарихы осындай.

Күлбара АСАНБАЕВА,

Жамбыл аудандық өнер мектебінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp