«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЛА МӘДЕНИЕТІ БАСТАУ АЛҒАН МЕКЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Айыртау ауданына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы орақ науқанымен танысып, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады.

Алдымен өңірі басшысы танап басына барып, диқандармен тілдесті. Мәселен, Айыртау ауданындағы “Ясмина – Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2004 жылы құрылған болатын. Сол уақыттан бері өрісі кеңейіп келе жатқан ауыл шаруашылығы құрылымында 50-ден астам адам еңбек етіп келеді. Биыл жергілікті шаруа 8200 гектар дән сіңірді. Оның ішінде 6954-і дәнді және бұршақты дақылдар болса, қалған 1296 гектарына шөп еккен. Өткен жылы өнімділік гектарынан 11,8 центнерден айналды.

Ғауез Торсанұлы Саумалкөл ауылындағы “QAZ-QAR LTD” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, диқандардың астық жинау науқанына дайындығын тексерді. Кәсіпорын қарамағындағы элеватор 116 мың тоннаға дейін өнім сақтай алады. Бүгіндері 5 астық кептіретін қондырғы жұмыс істейді. Олардың көмегімен тәулігіне 1200 тонна астық кептірілмекші.

Облыс әкімі “Баянтай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқабына да барды. Шаруашылықтағы егістік аумағы 11,5 мың гектарға жуықтайды. Биыл диқан 6264 гектар жерге бидай еккен. Агроном мамандар осы жылы қамбаға мол өнім түсетініне сенімді. Өткен жылы жергілікті шаруа гектарынан 15,3 центнер дәнді дақыл алса, майлы дақылдардың гектар берекелігі 4 центнерден айналды. Сондай-ақ өңір басшысы Айыртау ауданындағы бірегей орын, дала мәдениеті бастау алатын “Ботай” қонысында да болды.

– Ботай мәдениетін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұрын осы аумақта ата-бабамыз қоныс салып, жылқы малын өсірген. Қазір осы жерде бұрынғы заманның үйлерін жасап жатырмыз. Бүгіндері 3 байырғы баспана тұрғызылды. Алдағы уақытта тағы үшеуін саламыз. Олардың әрқайсысын жер асты жолдарымен байланыстарымыз, – дейді “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының директоры Қуаныш Шақшақов.

Кейін өңір басшысы Саумалкөлдегі жылу орталығына барып, ауылдың жылыту маусымына дайындығын тексерді. Бүгіндері тұрғындарды жылумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорында 5 қазандық бар. Мекеме 20 көпқабатты тұрғын үй мен 5 әлеуметтік нысанға жылу беруде. Биыл жаңа генератор сатып алыныпты. Алдағы уақытта 8 мың тонна көлемінде көмір жеткізілмек. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қазандықтардың дұрыс тазаланбағанын айтып, оған жауапты адамдарды сынға алды.

– Алтыншы қазандықты орнатуға қаражат бөлінді. Ол жеткізілгеннен кейін бірден орнатып, іске қосу қажет. Өткен жылы орталықта жөндеу жүргізілді. Жылыту маусымының сәтті өтуіне барлық жағдай жасалған, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Өңір басшысы “Шалқар-су” шипажайынан “Сокол” балаларды сауықтыру орталығына дейінгі салынып жатқан жолдың құрылысымен танысты. Оның ұзындығы 2 шақырым болса, жоба құны – 400 млн. теңге шамасында. Жауапты мердігер – “Сервис НС” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

– Жолды жөндеп жатырмыз. 4 су өткізгіш құбырды орнаттық. Қаражат, техника мен жұмысшылар жеткілікті. Тас жолды қыркүйек айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерден Шортыбаев.

Бүгіндері Айыртау ауданында “Еленовка – Арықбалық – Чистополье – Есіл” бағыты бойынша облыстық маңыздағы жолдағы көпір күрделі жөндеуден өтуде. Бұл мақсатқа 383 млн. теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған. Өңір басшысы аталмыш учаскедегі жұмыстармен де танысты.

Аснурия АБДУЛА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp