Елдегі Есенбай ағай құрмалдық бермек. Қырық жылдан астам уақыт бойы ауылдың шаң-тозаңын жұтып, еңбек етті. Енді міне, зейнет демалысына шықпақ. Бір күн ерте бардық. Құрмалдықтың дәмімен бірге, елге деген сағыныш тағат таптырмаған. Ағай дайындық қамында екен. Алыс-жақындағы тілектес, ниеттес қауымның басын қоспақ. Қыс бойы жемдеулі тұрған малын сойғалы жатыр. Жарты етін қаладан келген саудагерге сатпақ. Өз айтуына қарағанда, құрмалдыққа жартысы да еркін жетпек. Қасапшы терісін сыпыруға дайындалғанда қаладан келген аларман “жығылған жағы менікі” деп қолқалады. Бала кезімізде талай көрген сурет. Көпті көрген ақсақалдар соғымның жығылған жағына ұмтылатын. Біз мән бермеуші едік. Тірі малдың еті ауып кете қоймас деп ойлайтынбыз. Сөйтсек шынымен, жығылған жақтың еті, қазысы тығыз болады екен.
Әуелі қызыл қуырдаққа бас қойдық. Содан соң арнайы сыбаға. Бөтен ешкім жоқ, өзімізге қараған ағайын. Дариға жеңгем етті мүшелеп жатыр. Қолы қолына жұқпайды. Ауызы да. Келінге кеңесті кестеледі-ай келіп.
– Мынау төс қазы, – деп қолына ұстап тұр, – арық малда етегі болмайды. Әр елдің салты басқа дегендей, төс қазыны кейде қара қабырға деп те айта береді. Сыйлы қонаққа тартуға жарамайды. Ең қадірлісі, қазы-қарта, жал-жая. Ертеректе он екі қазыны ішекке айналдыратын. Сонда алты қос қазы болады. Мынау белдеме мен омыртқа, жаяның арасы. Бұл алтыға бөлінеді. Екі талдан төрт кіші қабырға тасты деп аталады. Қонақ көп болса, қазының орнына да жүре береді. Төменгі табақтарға тартуға әбден жарап жатыр. Мына мүшені көріп ал, бұл – бұғана. Еті сәл қаттылау болғанымен, сыйлы мүшенің санатында. Құдаға салады. Он екі омыртқа болады. Бұрынғы ыждаһатты әжелеріміз омыртқаны ұнның арасына салып сақтайтын. Қазақтың бір-біріне өкпелегенде “үйіңнен бір омыртқа мүжіген жоқпын” дегені содан қалған.
Ілкіден үзілмей келе жатқан әдемі дәстүрді зейін қойып тыңдап отырдық. Жеңгеміздің жаяу жиналыста айтқан келінге кеңесі ұзап барады. Санның үш жілігі мен қолдың үш жілігін де көрсетті. Сандағы жіліктердің ортан жілік, асықты жілік, жамбас болып бөлінетіндігін көрсетіп берді. Ал қолдағы тоқбас, кәрі жілік, жауырын туралы да тәп-тіштеп түсіндірді. Жауырынның жілік санатына кіретінін де ежіктеді.
– Жауырынды етті көбейту үшін салатын жанама мүше деуші еді ғой, – дедік біз.
– Иә,солай, – деді жеңгей біз жаққа мойын бұрмастан. Бар ықыласы келінге ауған, – қазының шетін телшік деп атайды. Телшіктің ұшы мықын. Қарындардың бұлдырмақсыз, тәттісін қара қарын, бұлдырмағы барын жай қарын дейді. Мынау біреуі қолқа, құданың сыбағасы. Сабағы жоқ жүрек қолқасы – балалардың несібесі.
Ертең құрмалдық бермек болып күпініп отырған ағай жарының жарты сағатқа созылған әдістемесіне риза пейілде:
– Осыны қағазыңа түсіріп алып, газетіңе жазсаңшы, – дейді, – өзге келіндер қиып алып, ас үйге іліп қойса, үйренгендеріне жақсы ғой.
– Жазайық, – дедік біз, – кәделі кеңесті қаперіне ілетін келін болса…
Байқал БАЙӘДІЛ.