«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Келінге кеңес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елдегі Есенбай ағай құрмал­дық бермек. Қырық жылдан астам уақыт бойы ауылдың шаң-тозаңын жұтып, еңбек етті. Енді міне, зей­нет демалысына шықпақ. Бір күн ерте бардық. Құрмалдықтың дәмі­мен бірге, елге деген сағыныш та­ғат таптырмаған. Ағай дайындық қамында екен. Алыс-жақындағы ті­лектес, ниеттес қауымның басын қоспақ. Қыс бойы жемдеулі тұрған малын сойғалы жатыр. Жарты етін қаладан келген саудагерге сат­пақ. Өз айтуына қарағанда, құр­мал­дыққа жартысы да еркін жетпек. Қасапшы терісін сыпыруға дайын­далғанда қаладан келген аларман “жығылған жағы менікі” деп қол­қалады. Бала кезімізде та­лай көр­ген сурет. Көпті көрген ақ­са­қалдар соғымның жығылған жа­ғына ұмты­латын. Біз мән бермеуші едік. Тірі малдың еті ауып кете қоймас деп ойлайтынбыз. Сөйтсек шынымен, жығылған жақтың еті, қазысы ты­ғыз болады екен.

Әуелі қызыл қуырдаққа бас қой­дық. Содан соң арнайы сыбаға. Бө­тен ешкім жоқ, өзімізге қараған ағайын. Дариға жеңгем етті мүшелеп жатыр. Қолы қолына жұқпайды. Ауызы да. Келінге кеңесті кес­теледі-ай келіп.

– Мынау төс қазы, – деп қолына ұстап тұр, – арық малда етегі бол­майды. Әр елдің салты басқа де­гендей, төс қазыны кейде қара қа­бырға деп те айта береді. Сыйлы қонаққа тартуға жарамайды. Ең қа­дірлісі, қазы-қарта, жал-жая. Ерте­ректе он екі қазыны ішекке айнал­дыратын. Сонда алты қос қазы бо­лады. Мынау белдеме мен омырт­қа, жаяның арасы. Бұл алтыға бө­лінеді. Екі талдан төрт кіші қабырға тасты деп аталады. Қонақ көп бол­са, қазының орнына да жүре бере­ді. Төменгі табақтарға тартуға әб­ден жарап жатыр. Мына мүшені көріп ал, бұл – бұғана. Еті сәл қат­тылау болғанымен, сыйлы мүше­нің санатында. Құдаға салады. Он екі омыртқа болады. Бұрынғы ыждаһатты әжелеріміз омыртқаны ұн­ның арасына салып сақтайтын. Қазақтың бір-біріне өкпелегенде “үйіңнен бір омыртқа мүжіген жоқ­пын” дегені содан қалған.

Ілкіден үзілмей келе жатқан әдемі дәстүрді зейін қойып тыңдап отырдық. Жеңгеміздің жаяу жина­лыста айтқан келінге кеңесі ұзап ба­рады. Санның үш жілігі мен қол­дың үш жілігін де көрсетті. Сан­да­ғы жіліктердің ортан жілік, асықты жілік, жамбас болып бөлінетіндігін көрсетіп берді. Ал қолдағы тоқбас, кәрі жілік, жауырын туралы да тәп-тіштеп түсіндірді. Жауырынның жі­лік санатына кіретінін де ежіктеді.

– Жауырынды етті көбейту үшін салатын жанама мүше деуші еді ғой, – дедік біз.

– Иә,солай, – деді жеңгей біз жаққа мойын бұрмастан. Бар ықы­ласы келінге ауған, – қазының ше­тін телшік деп атайды. Телшіктің ұшы мықын. Қарындардың бұл­дырмақсыз, тәттісін қара қарын, бұлдырмағы барын жай қарын дейді. Мынау біреуі қолқа, құда­ның сыбағасы. Сабағы жоқ жүрек қолқасы – балалардың несібесі.

Ертең құрмалдық бермек бо­лып күпініп отырған ағай жарының жарты сағатқа созылған әдістемесіне риза пейілде:

– Осыны қағазыңа түсіріп алып, газетіңе жазсаңшы, – дейді, – өзге келіндер қиып алып, ас үйге іліп қойса, үйренгендеріне жақсы ғой.

– Жазайық, – дедік біз, – кәделі кеңесті қаперіне ілетін келін болса…

Байқал БАЙӘДІЛ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp